Аласармас абзал бейне

20

0

Сыр өңіріне белгілі қаржы саласының білікті маманы, Шиелі және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қамбарбек Мүбараковты іскер басшы ретінде бұрын да білетінмін. Уақыт өте келе жақын араласып, бір-бірімізге сыйлас, қимас адамдар болып кеттік.

Ол алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытты. Істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра отырып, жұмыстың нәтижесін көрсетті. Мол тәжірибесінің арқасында басшылық қызметтерді жемісті атқарып, еліне мінсіз қызмет етудің өнегелі жолын көрсетті. Көңілі шуақ, жаны жайсаң азамат туралы білерім аз емес.

Қамбарбек Амангелдіұлы ғұмырының басым бөлігін қаржы-экономика, салық, ауыл шаруашылығы салалары­ның дамуына арнады.  Білікті басшыны қандай салаға жі­берсе де дайын еді. Талай жауапты істі абыройлы ат­қарып, айналасына сыйлы бола білді.  Көптеген істің иірімін тауып, қасындағы серіктестерімен кеңесе отырып, табысты әрі жемісті еңбек етті. Бұл жағынан келгенде, Қамбарбек Мүбараков өз қызметінде парасаттылық көрсетіп, азаматтық жолды берік ұстанды. Мінезге бай азамат кісінің сөзін бөлмейтін, ізеттілік жолынан жаңылмайтын. Аға буынмен жиі кездесіп, пікір алмасып, ой өрбітіп, сырласушы еді. Жүзі жылы жан ылғи күлімсіреп, адамның өмірге деген құлшынысын арттыруға ықпал ететін.

Қамбарбектің өзгеден ерек, тумысы бөлек сырбаз жан екені замандастарына да аян. Қарапайымдылық қасиетін жоғары бағалайтын.

Ол мықты маман ғана емес, отбасының тірегі, ақылшысы ретінде де ағайын-туыс, дос-жаранға құрметті болатын. Кемел ойлап, кең пішетін кісілік келбет, жақсылық жасаудан, ізгілік көрсетуден аянбайтын, ақыл-парасаты мол, халық мүддесі жолында адал еңбек етіп жүрген мәрт ініммен танысып-біліскеніме ризамын.

Кімге болсын өскен өлкеде, туған жерде елге қызмет етіп, сый-құрметіне бөлену – шексіз бақыт. Қамбарбек Амангелдіұлы сол бақытты сезінген азаматтың бірі.

Жақсы інінің жанымыздан ерте кеткені өкінішті. Жарасымды тіршілік етіп, дараланып, артына өшпес із қалдырды. Бүгінде бізге оның өнегелі өмір жолын еске алу жазыпты…

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы