Екінші дүниежүзілік соғыста, яғни ел басына қаралы күн туған шақта миллиондаған майдагер Отан үшін кеудесін оққа тосты. Ұрпақтары үшін жандарын пида еткен боздақтар мен елге аман-есен оралғандар алдында тағзым етіп, зор құрметпен еске алу – олардың алдындағы қарыз бен бүгінгі буынның парызы.
Майдан даласында ерлік көрсетіп, одан берідегі бейбіт өмірде елді еңбекке ұйыстыра білген ардагердің бірі Қаюпов Әбдікер атамыз болатын.
Әбдікер атамыз 1908 жылы «Қамбаш» ауылында өмірге келген. Бастапқы білімді мешіттен алады. Әке-шешесінен ерте айырылған ол бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласады. Бала кезден үйдің асыраушысы болған оның атқарар шаруасы шаш етектен көрінеді. Таң білінір-білінбесте шырт ұйқыдан оянып, төрт түлік малды өріске шығарады. Одан әрі үй тіршілігі тағы бар. Осыдан болар, Әбекең бала кезден бойына күш-жігер жинап, балуан денелі жігіт ағасы болып қалыптасады.
Әбекең жұмыстан қолы босаған сәтті бос жібермей, білім алуға талпыныс жасайды, яғни латын әрпін меңгеріп, сауатын ашады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, мен Әбдікер атамен көзі тірісінде кездесіп, азын-аулақ әңгімелескенмін. Сонда ол кісінің өзін-өзі дәріптеп көп сөйлемейтінін, қайта өткен күндеріне ой жіберіп, келешегінен бағдаршам бағамдап отырғанын байқадым. Қаламгер болған соң суыртпақтап сауал қойып, ол кісінің бітім-болмысы, өнегелі де өркенді өмір жолы жайлы азын-аулақ дерек алғаным бар.
«Ұмытпасам, 1928 жыл болуы керек. Бір күні Қазалыда басмашылармен күресу үшін қарулы жігіттерден жасаққа адамдар жинап жатқанын естіп, мен неге бармасқа деген ойға келдім. Өз сұранысыммен барғанмын. Жиналған жігерлі жігіттер, яғни біздерді бар-жоғы бір ай арнайы дайындықтан өткізіп, Өзбекстанға жіберді. Ұзын сөздің қысқасы сол, біздер Өзбекстан мен Тәжікстан арасын бандалардан тазарту ісіне белсене араласып, ел тыныштығын сақтауға қол жеткізгенім бар» деп өткен күннің естеліктерінен бір үзік сабақтағаны бар.
Туған топырағына қайта оралған Әбекең өзінің білімі мен біліктілігі арқасында коммунистік партия назарына ілігеді. Бұл ашаршылық пен қуғын-сүргін басталған 1930-1932 жылдар болатын. 1930 жылы комсомол қатарына, ал 1932 жылы коммунистік партия қатарына қабылданған ол шаруашылықтарды ұйымдастыру ісіне белсене кіріседі. Содан болар, Әбекеңнің Арал мен Қазалы аудандарындағы бүгінгі іргелі шаруашылықтардың іргесін қалауға атсалысқанын көзкөргендер айтады. Бірнеше шаруашылыққа басшылық жасаған ол бертін келе бастауыш партия ұйымдарына жетекшілік жасайды. Ел арасында үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласады. Одан кейін соғыс басталып, 1941 жылы алғашқылардың бірі болып майданға аттанады.
«Әй, балам-ай, соғысты айтып қайтесің, Алла ол жағдайды енді ел басына бермесін. Мына сендер бар, келешек ұрпақ бар, соғыспақ түгілі соғыс атын естімеңдер» деген еді әлгі әңгіменің өзегінде.
Әйтсе де мен ардагердің майдандағы көргенін білмекке бекінген едім.
«Балам, қоймадың ғой, шамасы мені қайта соғысқа апарғалы отырсың-ау. Сол бір сұрапыл жылдарды еске алғым жоқ, десе де, ұрпақтарға ұлағат болар, азын-аулақ қана айтайын.
Мен рота командирі болғандықтан екі жыл бойы майданның алғы шебінде болдым. Небір ауыр шайқастарға қатыстым. Өз-өзімді дәріптеуден аулақпын, мен ғана емес, талай майдангер от пен оқтың арасында ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер өткізді ғой. Шайқас кезінде біздің рота алғы шепте жүретін. Содан болар қарша бораған жау оғы біздерді өмір мен өлім арпалысына салатын. «Отан үшін жан пида» деген ұстаным бар. Талай азаматты соғыс жалмады ғой» деген Әбекең әрі қарай бұл тақырыпты өрбіткісі келмеді.
Майдангер шайқастардың бірінде аяғынан ауыр жарақат алып, бес ай бойы госпитальда ем алады. Емделіп шыққан соң ұрыс даласына қайта сұранады. Бірақ жарақатынан соғысқа қатысуға жарамсыз деп танылып ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталып, елге қайтарылады.
Елге аман-есен оралған Әбекеңді сол кездегі тәртіп бойынша аудандық партия комитеті қабылдап, кезіндегі «Ақирек» ауылдық кеңесіне қарасты Бекбауыл ауылдық тұтынушылар қоғамы басқармасының төрағасы қызметіне тағайындайды. Бұл жұмысты жолға қойғанын көзімен көрген аудан басшысы оны сұранысқа ие болып отырған іргелі шаруашылықтарды басқаруға мүмкіндігі мол азамат деп таниды.
Сол жылдары Арал ауданындағы балық тресі облыс бойынша ең үлкен өндіріс орындарының бірі болатын. Ә.Қаюповтың ұйымдастырушылық қабілеті барын байқаған аудан басшылығы оны осы балық тресі директорының шаруашылық істер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындайды. Ол заманда шаруашылықта техникалар атымен жоқ. Бар жұмыс түйе, ат, өгізге арба жегумен атқарылатын. Балық тресіне Қазалы, Ұялы, Бөген, Қаратерең, Аван балық зауыттары мен барлық балық колхоздары қарайтын. Осындай қиын шаруашылықтарды ұйымдастырып, олардың жоспарлы жұмыс жүргізуіне Әбекең тынымсыз еңбек етіп, аудан басшылығы мен ел-халықтың ризашылығына кенеледі.
1950-жылдары Арал қаласы Сыр аймағындағы ең ірі өндірістік қала болатын. Жоғарыда айтылған балық тресімен қатар 1000-нан аса адамдарды жұмыспен қамтып отырған мемлекеттік кеме жөндеу зауыты да жұмыс істейтін. Мұнда кемелер жөнделіп қана қоймай, баржалар, моторлы және ескекті қайықтар, катерлер жасалатын.
Сол жылдардағы балық тресі, кеме жөндеу зауыты, тағы басқа ондаған өндіріс орындарының жұмысын бақылауға алып, басшылық жасауға білімді де білікті азамат аса қажет еді. Облыстық партия комитетінің қолдауымен, Арал аудандық партия комитеті бюросының қаулысымен Қаюпов Әбдікер Арал қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Екі жыл осы қызметте болған Әбекең қаладағы өндірістік орындар жұмысын бақылаумен ғана шектелмей, қала халқының тұрмыс-тіршілігін түзеуге де қатысады. Өйткені, бұл жылдары қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мәз емес еді. Халықты отын, жарық, ауызсумен қамтамасыз етудің өзі қиын. Әбекең бұл жұмыстарға барынша күш-қуатын жұмсап, қаланың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, тазалығы мен көркеюіне де өз қолтаңбасын қалдырды.
Өзінің ерекше еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілеті арқасында Ә.Қаюпов елдің ықыласына бөленеді. 1952 жылы аудан аумағындағы 29 балық колхозы бір шаңырақ астына біріктіріліп, «Балықшы колхоздар одағы» құрылып, оның төрағасы қызметіне бекиді. Ал 1954 жылы «Қамбаш» ауылдық кеңесі тарапынан қамыс зауыты ашылып, оның төрағалығына сайланады.
Бұл зауыт жұмысшылары қыс бойы көлдерден қамыс орса, жаз, күз айларында сол қамыстан шом буып, мата тоқып, тағы басқа құрылыс материалдарын шығарып, аудан ғана емес, Сыр аймағындағы сұраныс жасаған мекемелерді қамтамасыз етіп отырады.
Ә.Қаюпов 1958-1968 жылдары, яғни он жыл бойы кезіндегі «Приарал» совхозы директорының құрылыс істері жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен жылдары ауыл халқының игілігі үшін жарыса тұрғын үйлер салынды. Сондай-ақ мал қоралары, түрлі өндірістік орындар мен әлеуметтік нысандар бой көтерді.
Оның Отан соғысындағы ерлігі мен туған жерді түлетуге сіңірген еңбегі Үкімет тарапынан ескерусіз қалған емес. Ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері және ерлігі мен еңбегі үшін ондаған медальмен марапатталды.
Зайыбы Сымбат Әбсеметқызымен 66 жыл уақыт ғұмыр кешіп, өмірге 7 ұл мен қыз әкеліп, көзі тірісінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Ата-аналарынан тәлімді тәрбие алған олардың барлығы дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда қызмет етті.
– Атам қазақ «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп бекер айтпаған ғой. Әкеміз бізден алыстаса да аласармай, қайта биіктей түсіп, «менмұндалаумен» көз алдымызда күнделікті тұрады. Содан да жыл сайынғы Жеңіс күні әкемізді еске алып, Құран бағыштаудан кенде қалмаймыз. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай әкемізді еске алу рәсімін өткізуді ойластырып отырмыз, – дейді Биғали Әбдікерұлы.
Ұрпақ сабақтастығының ұлағаты осы емес пе?!
Еркін ӘБІЛ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Арал ауданының
құрметті азаматы





