Алмасбек Есмаханов – Қазалы ауданының әкімі

146

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауданында кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Оған жауапты сала, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы бұрын аудан әкімі қызметінде болған Шер­мағанбет Мейрамбек Зинаб­дин­ұлына алғыс білдіріп, жаңа қыз­метке сайланған Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлына сәт­тілік тіледі.

– Бұған дейін Қазалы ауда­нының әкімі қызметін атқарған Шермағанбет Мейрамбек Зинаб­дин­ұлы Президент Әкімшілігінің келісімі негізінде облыс әкімінің орынбасары ретінде қызметін жалғастыруда.

Мейрамбек Зинабдинұлы Қазалы ауданында 2 жылға жуық қызмет жасап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты.

Сайлау жүйесін демократияландыру – Президент реформаларының негізгі міндеттерінің бірі.

Өңірімізде аудан әкімдерін сайлау 2023 жылы пилоттық негізде өткізіліп, Шиелі мен Сырдария аудандарының әкімдері сайланды.

Күні кеше өткен саяси науқанда Қазалы ауданының тұрғындары жо­ғары белсенділік танытты. Бекем бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады.

Алмасбек Әбілқасымұлы – бас­шылық қызметте ұйымдас­тырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын әлеуеті жоғары кадр.

Президент пен Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, өздеріңізбен бірге Қазалы ауданын одан әрі дамытуға, көркейтуге аянбай жұмыс жасайды деп сенеміз. Жаңадан сайланған аудан әкіміне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.

Аудан халқы үгіт-насихат кезеңінде сіздің уәделеріңізге сеніп, қолдап дауыс берді. Сол себепті сайлауалды бағдарламаңызда көрсетілген әрбір мәселенің оңтайлы, мерзімінде шешілуін қамтамасыз етіңіз. Біз, аудан халқы әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз.

Алдыңызда дамудың барлық макро­экономикалық көрсеткіші бойынша оң параметрлерге қол жеткізу міндеті тұр. Ауданға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты жұмыс жүргізу қажет.

Прези­дентіміздің инвестиция тарту тапсырмасын орындау үшін инвестор­лармен тиісті бағытты айқындау керек. Аудан әкімінің жұмысы инвестиция тарту индикаторының орындалуымен баға­ланады. Қазіргі жағдайда бюджеттің әрбір тиыны маңызды.

Бұған дейін де басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған қызметкер ретін­де аудандағы ресурстарды барынша қол­данып, бюджет қаражатын толық әрі мерзімінде игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз.

Құқық қорғау органдарының басшы­ларына аудан әкімімен бірлесіп, жұмыс жасауды қатаң тапсырамын! – деді облыс әкімі.

Есмаханов Алмасбек Әбілқасым­ұлы 1982 жылы дүниеге келген. Қызылорда гуманитарлық универ­ситетінде экономист, Қазтұтыну ода­ғының Қарағанды экономикалық университетінде заңгер мамандықтары бойынша білім алған.

Қазақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген.

Әр жылдары Қарауылтөбе ауыл­дық округінің әкімі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының, қалалық бірнеше бөлімнің басшысы, облыс әкімі аппаратында бөлім басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы лауазымдарында нәтижелі қызмет етті. 2024 жылдың шілде айынан бастап «АМАНАТ» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келді.

Айта кетейік, 28 қыркүйекте өткен Қазалы ауданы әкімі сайлауының қоры­тындысын облыстық сайлау комис­сиясының төрағасы Әділбек Ер­сұлтанов жариялап, жаңадан сайланған аудан әкіміне куәлігін табыстады.

Актив отырысынан соң, аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кез­десіп, өңірдің әлеуметтік-эконо­мика­лық даму бағдары, алдағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Қазалылықтар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.