Францияның Монако қаласында өткен жеребе тарту рәсімінде алматылық «Қайрат» командасының футболдан UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіндегі қарсыластары анықталды.
Қазақстандық клуб доп додасында «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Спортинг» (Португалия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды. Олар 8 кездесу өткізеді. Оның 4-еуі өз алаңында болса, 4-еуі сырт алаңға жоспарланған. Алматы қаласындағы Орталық стадионда жанкүйерлер «Реал Мадрид», «Брюгге», «Олимпиакос» және «Пафос» клубтарымен кездесуді тамашалай алады.
Негізгі кезеңде барлығы 36 команда сынға түседі. Бірінші тур биыл 16 қыркүйекте басталса, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында болады. Ал плей-офф 16-18 ақпан, 1/8 финал 10-11 наурыз, ширек финал 7-8 сәуір, жартылай финал 28-29 сәуір, финал 30 мамырға белгіленген.
Жарыс ережесіне сәйкес 1-8 орын алған клубтар бірден 1/8 финалға жолдама алады. Ал 9-24 орындағы ұжымдар 1/16 финалда өзара мықтыны анықтап, доп додасының келесі сатысына шығады. Қалғаны еурододадағы жарыс жолын аяқтайды.
Алматылық футболшылар беделді турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командаларын қапы қалдырды. Ал плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтигін» (0:0, 0:0, пенальтиден 3:2) жеңіп, негізгі кезеңге жолдама алған еді.
Қазақстандық команда еліміздің атынан Чемпиондар лигасының жаңартылған нұсқасында бақ сынайтын алғашқы команда атанып отыр. Қазірге дейін 2015/2016 жылғы маусымда елордалық «Астана» Чемпиондар лигасы топтық кезеңінде сынға түскен еді.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





