«Алтын дәннің» адымы

527

0

Атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атындағы ауылда атакәсіпті өркендетіп келе жатқан ірі құрылымның бірі «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы егіншілері егіс алқабына шықты. Аталған елді мекенде 7 бірдей шаруа қожалығының басын қосып, ірілендірген шаруашылық биыл күріш көлемін 1000 гектарға жеткізуді көздесе, 250 гектар ескі жоңышқалықты да ерте күтімге алып, агротехникалық шараларын жүзеге асырып үлгерді. Ұжымда әзірге 50 ауыл тұрғыны еңбек етіп келеді. 

«Алтын дән-Шиелі» шаруа шылығы өткен жылы күріштің әр гектарынан орташа 68 центнерден өнім алды. Биылғы межесі де жоғары. Ерте көктемде 20 километр су жолдарын таза­лап үлгерген ұжым, егіске қажетті техникаларды да дер кезінде күрделі және жай жөндеуден өткізіп, әзірлігін сақа­дай-сай етті. Міне, енді шаруашылық төрағасы Асқар Бердібаев бастаған ұжым  дала қосы басынан табылып, жерге дән тастау жұмысын қызу жүргізе бастады.

– «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қанатты сөзді қай­талаудан  жаңылыспаймыз, бұл сөз бізді ортақ іске жұмылдырып, сеніміміздің  нығаюына сеп­тігін тигізеді. Егін егу нау­қанына 4 шынжыр табанды және 4 доңғалақты тракторды жұ­мыл­дырып отырмыз. Жанар-жағармай толық. Қажетті мине­ралды тыңайтқыштарымыз дайын. Яғни, іркіліссіз өз жоспа­рымызды уақы­тында орындап шығуға мүмкіндік бар, – дейді шаруашылық бас­шысы бізбен әңгімесінде.

Расында ширақ қимыл шаруаның өнімділігін көтереді. Осындағы механизаторлар  Құр­бан, Оңғар, Нұрболаттардың әбжіл әрекеттері көрген көзді сүй­сінтеді. Олармен бірге звено жетекшісі Серікбол Сейтмұханұлы, сушылар Айдар мен Асхат және басқа жұмыс­шылар да қарбалас тірлік үстінде. Асқар Бердібаевтың сөз басында айтқан көктемнің әр минутының қадірін жете ұғы­нып, талапқа сай еңбек етулері ертеңгі күн­нің нық тірегі екендігін аңғар­тады. Ұжым төрағасының айтуынша, аймақ бас­шысы­ның шаруашылықтарды ірілен­діру саясатына сай тағы да ауылдағы 3 шаруашылықты бірік­тіру жұмыстары жүргізіліп жат­қандығын білдік. Яғни, іріленген шаруашылық арқылы ауқымды жұмыстарды ұйым­дастыруға жол ашылатыны соғұрлым мем­лекеттік қолдауға да ие бола­тындығын қарапайым ауыл адам­дары жете сезіне бастады деген сөз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы,

Жақаев ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<