Алтын қыздың әшекейлері

560

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінде ұлттық қолөнерге құмартқан жастар көп. Көпшілік орында сәнді бұйымдар мен кәжекей кигендерді байқап қаламыз. Шолпы мен шекелікті қыздар күнделікті тағуда. Заманауи үлгідегі тақия да бастан түспейтін күнге жеттік. Бұл – құптарлық іс, қуанарлық жағдай. Әрине, ұлттық құндылығымыз қайта жаңғырып жатса құба-құп емес пе? Осы орайда әшекей бұйымдардың сан түрін жасап жүрген қала тұрғыны Алтын Исламовамен әңгімелескен едік.

Алтын 18 жаста, Назарбаев зият­керлік мектебінің 12-сынып оқушысы. Қолөнерге деген қызығу­шылығы бала күнінде басталған. Бұл өнер оған анасынан дарыған.

– Кішкентай кезімде анам үнемі тоқыма тоқып, түрлі бұйымдар жасап отыратын. Осыны көріп өстім. Бізге сәнді киімдер де тігіп беретін. Он саусағынан өнер тамған шебер. Жұмыстары керемет шығатын. Осылайша қызығушылық пайда болып, анамнан үйрене бастадым.

Бір қызық оқиғаға тоқталайын. Біз ырымшыл халықпыз ғой. Көз, сөз тиеді деген түсінік бар. Анам бірде маған әдемі шолпы істеді де, екі бұрымыма тағып қойды. Оны шешпей, мектепке бардым. Сондағы басшылықтың, мұғалімдер мен сыныптастарымның көзқарасы ерекше болды. Бәрі де қы­зыға қарап, қазақ қызының заманауи болмысын жаңғыртқаның керемет десті. Содан ой келді. Неге осыны дағ­дыға айналдырмасқа. Қазақ – мәде­ниетке бай ел. Идея аламын десең, ұлттық ою-өрнекке қара, бұйымдарға заманауи өң беріп, үйлестіре түс деп іс бастадым, – дейді ол.

 Алтын Алматыда өткен көрме, жәр­меңкеге қатысып жүр. Бірде туристік компаниямен бірлесіп жасаған жәр­меңкеде ұлттық әшекейлеріне қызы­ғушылық танытқан шетелдік саяхатшылар сыңғырлақ шолпыларды қызық көріп, сатып алады. Тағу мағынасын білгенде тіптен таңданыстарын жасыра алмаған.

– Көбіне этностильде өткізілетін жиындар, мектепшілік іс-шаралар мен қыз ұзату сияқты тойға тағуға аксессуарлар іздеп хабарласады. Арнайы тапсырыспен басқа қалалардан, ауыл, елді мекендерден де алдыртып жатады. Сондай-ақ қазақша жинақтарымды Америка Құрама Штаттарына да жөнелткенім бар, – дейді ол.

Алтын үйінің бір бөлмесін жұмыс орнына айналдырған. Шабыты келгенде, бос уақытында әшекей бұйымда­рының санын арттырып, тың дүние жасаумен айналысады. Алғаш рет шолпы жасауды 2022 жылы бастапты. Содан бері қаншама бұйым жасап, саудалады. Кейде тарту ретінде де ұсынады екен. Шебердің қолынан шыққан эт­ностильдегі сырға, алқа, шашбау, бі­лезік, сақина, шолпы, шекелік сияқты түрлі әшекейлердің жасалуы да ерекше. Көздің жауын алады. Бұйымдары  үлкен сұранысқа ие. 

– Шолпыны барлық жастағы қыз­дар таға алатындай етіп жасаймын. Көп жағдайда егде жастағы әйелдер мені кездестіргенде өздерінің 3-4 жастағы немерелеріне шолпы, шашбау жасап беруімді сұрап жатады. Кішкентай қыздарға сүйкімді етіп, шағын көлемді, қызыл-көк моншақтармен әсемдеп жасаймын. Әшекей бұйымдардың көлемі мен жасалу қиындығына байланысты бағаларында айырмашылық болады. Әдетте әшекейлердің оңайын 10 минутта жасаймын, ал жұмысы күрделісіне 1 сағаттан аса уақыт жұм­саймын. Менің этноәшекейлерге ар­налған әлеуметтік желіде парақшам  бар. Онда оқырмандарым белсенді. Әрбір әшекей бұйымды сонда салып отырамын. Кейде тапсырыс желі ар­қылы да беріледі. Бұйымда­рым­ның ба­ғасы халықтың қалтасы көтере­тіндей тиімді деп ойлаймын. Өзімнің дүкенімнің заттарын күнделікті та­ғып жүрген бойжеткендер мен апа-әже­ле­рімізден тек алғыс алып келемін, – дейді ол.

Оның ойынша, қазақы нақыштағы әшекейге сұранысты арттыру үшін күнделікті өмірде, қоғамдық ортада, мектеп қабырғасында, жиындар мен кештерде шолпы, шекелік тағуды сән­ге айналдыру керек. Бұл – қазақ қызын өзгелерден даралап тұратын туынды.

Сонымен қатар ол Назарбаев зият­керлік мектебінде әкімшіліктің қолда­уымен өзінің қолөнер клубын ашқан. Аптасына бірнеше рет шеберлік сағат­тарын жүргізіп, оқушыларды ұлттық өнерге баулып келеді. Өзі оқушы бол­са да талабы таудай. Ұлттық мәде­ниетімізді насихаттауда өзіндік қолтаң­басын  қалыптастырғанды қалайды. Ке­лешекте Алтын мамандық пен қол­өнер­ді қатар алып жүретінін айтты. Қай­таланбас ерекшелігімен дараланып тұратын бұйымдар жиынтығын жасап, кәсіпке айналдыруды көздейді.

Расында қолөнер – қазақ халқының рухани және мәдени мұрасының негізі. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар, киімдер мен басқа да өнімдер тек үй шаруашылығында қолданылмайды. Халықтың тарихы мен өмір салтын танытады. Сонымен бірге  ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүр. Сол арқы­лы балаларға ұлттық мәдениетті, тұр­мыс-салтты, өнерді үйретіп, құнды­лықтарды сақтайды. Қолөнер десе тек әже, аналарымыз ғана айналысады де­ген түсінік бар. Алайда соңғы кезде жас шеберлердің көбейгені көңіл қуан­тады Солардың бірі – келешегінен мол үміт күттіретін алтындай Алтын қыз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»