Алыстаған аға аласармайды

205

0

Өмірдің қыр-сырын толықтай түсінген пенде бұл фәниде болған емес, болмайды да. Оны түсінуге адамның ғұмыры да қысқалық қылады. Іс-тәжірибесі толысып, тіршіліктің тәсілін алған шағында қариялықтың қыраулы қабағы қыр астынан қылаң беріп тұратынын қайтерсің. Адам ұрпағымен жасайды, жеріне жеткізе алмаған мақсатыңды алға апару кейінгі буынның борышы болмақ. Десе де, бұл пенденің арманы таусыла ма? Ол қайда-а?..

Осындай күй кешкен ардақты азаматтың бірі, бірі ғана емес бірегейі Сейітжан Дос­жанов болатын, яғни Кеңес Одағы кезінде ас тұзын өндіретін бары-жоғы екі комбинаттың бірі – «Аралтұзға» табаны күректей 20 жыл бойы басшылық жасап, елі үшін еңбек еткен ағамыз да «бәрін орын-орнына қойдым ба?» деген арманда кеткен болар. Айтайық…

Қандай да болмасын бір пенденің кіндік қаны тамған жердің табиғатындай бітім-болмысы, қадір-қасиеті қалыптасары хақ. Сейітжан аға 1933 жылдың мамыражай мамыр айында айдынды Арал теңізі жағасына қоныс тепкен кезіндегі Жамбыл атындағы балық колхозында (бүгінгі Жалаңаш) өмірге келген. Содан болар, Арал теңізінің маржандай мөлдірлігі, қиырсыз көк жиегіндей кең пейілі, теңіздің ел асыраушысы болғандай қамқорлығы ағамыздың азаматтығын айшықтайды.

Атам қазақта: «Тектіден текті туады, тек­тілік тұқым қуады» деген қағида бар. Айтса айтқандай, Досжановтар әулеті ұрпақта­ры­ның ұлағатты істері ұшан-теңіз болып, есім­дері ел ішінде күні бүгінге дейін «мен мұн­далаумен» келеді. Асқар таудай әкесі Қисық атамыз сауатты да салауатты, есімі елге танымал айтулы азамат болған. Ұзақ жылдар бойы кезіндегі Жалаңаш ауылдық кеңесі төрағасы қызметін атқарып, ел-халықтың алғысын алумен өмір­ден өткен.

Әкелері салған сара жолмен жаза баспай жүруді мұрат тұтқан Қуатжан мен Сейітжан ағаларымыздың есімдері де елге танылып, тектінің тұяқтары атанды. Нақтылай айтар болсақ, Қуатжан аға Досжанов Арал ау­дандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып, Сыр елінің еңсесін тіктеуге өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ендігі сөз кезегін бүгінгі жазбамыздың кейіпкері Сейіт­жан аға Досжановтың өнегелі де өркенді өмір жолына берелік.

Иә, ақбас толқыны тулаған, шағаласы шу­лаған Арал теңізінің жағасында өмірге келген ағамыздың балалық бал дәурені күл­кісіз күндермен, ұйқысыз түндермен өткен. Ол бары-жоғы алты жасында, яғни буыны бекіп, бұғанасы қатаймай жатып асыраушы­ларынан көз жазып қалғандықтан ерте есе­йеді.

Балалық шақтың бал дәмін татар сәтте Ұлы Отан соғысы да басталып кетті. Содан болар, тіршілік үшін тіртінектеп балық аулап, үйдің асыраушысы болды. Бертін келе білім алуға деген арман жетегіне жүгінеді.

Аңсаған арманына жетуді мұрат тұт­қан Сейітжан аға С.Киров атындағы уни­вер­ситеттің экономика факультетінен дәріс алып, үздік дипломын иеленіп, 1957 жылы туған топырағына оралды. Ерлікке толы ең­бек жолын «Аралтұз» комбинатында қатар­дағы шебер болудан бастады. Бертін келе бөлімше басшылығында болып, өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында өзге­лерден оқ бойы оза шауып, 1963 жылы осы «Аралтұз» комбинаты бас директорының орынбасары қызметіне тағайындалса, 1965 жылы бас директор лауазымын иеленді.

Жоғарыда айтқандай, кезінде Кеңес Ода­ғында ас тұзын өндіретін бар-жоғы екі ғана комбинат, бірі Ресейде, енді бірі осы «Арал­тұз» болатын. Аралдықтар осы комбинатқа табаны күректей 20 жыл бойы басшылық жасап, атын елімізге ғана емес, Одаққа танымал еткен Сәкеңнің игілікті істерін әлі күнге дейін аңыз ғып айтумен жүр.

– Сол жылдары өндіріс бөлімінде инженер болып қызмет атқаратынмын. Сейітжан ағамыздың ұтымды ұйымдастырушылық қабілеті мен ерен еңбегінің арқасында ком­бинаттың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Саралап айтар болсам, 1980 жылдары сағатына 100 тонна ас тұзы қазы­латын болса, Сәкең келісімен жаңа комбайндар алынып, ас тұзын қазу сағатына 200-250 тоннаға жеткізілді. Екіншіден, кептіру це­хы мен қалталайтын цех іске қосылды. Үшін­ші­ден, комбайн, тепловоздарды жөндейтін депо ғимараты, жарылғыш заттар сақтайтын қойма мен май құю бекеті салынды. Жаңадан үш бу қазандығы іске қосылып, өндіріс бөлімдері ғана емес, тұрғын үйлер мен мектеп, балабақша ғимараттары орталық жы­лу жүйесіне қосылды, – дейді Рамазан Таңа­таров.

Жақсыбай Құлманбетовтің естелігіне зер салсақ.

– 1966 жылы мектеп бітірісімен ком­би­натқа жұмысқа орналастым. Айтпағым, Жақсықылыш кенті мен Арал қаласы ара­сындағы жол қатынасы мүлдем нашар болатын. Сейітжан ағамыз комбинат басшы­лығына келісімен, осы жол қатынасын жақ­сартуды шұғыл қолға алып, асфальт тө­сеп, жобаға келтіріп, ауыл тұрғындарының алғысын алды. Сондай-ақ Сәкеңнің тапсырысымен комбинаттың құрылыс цехында есік-терезелер дайындалып, жарыса тұрғын үйлер салына бастады. Үстіне жұмысшы киімін киіп жүріп жұмыс барысын үнемі бақылауда ұстайтын. Тоқ­сан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, комби­наттың Одақ бойынша тамақ өнеркәсібі өн­дірушілері арасында тоқсан қорытындысы бойынша 33 рет ауыспалы Қызыл ту жеңіп алуы Сейітжан ағамыздың ерен еңбегінің жемісі болса керек, – дейді.

– Мен комбинатта қатардағы жұмысшы болатынмын. Айлық табысымыз бары-жоғы 68 сомнан аспайтын. Қалай басшылыққа Сейітжан аға келді, айлығымыз 250 сомға дейін көтерілді. Ай сайын сыйақы да алатынбыз. Сондай-ақ Сәкеңнің тапсырысымен жұмысшыларға ет, балық, бақша өнімдері өте арзан бағамен берілетін.

Тағы бір игілікті ісі мектеп жанынан жаңа ғимараттар бой көтеріп, оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасалды. Ауыл көшелері мен тұрғын үйлер тазалығын үнемі бақылауда ұстайтын, – дейді Сағидолла Кішкенебаев.

Жоғарыда айтқандай, Сейітжан ағамыз­дың ас тұзы комбинатын ғана емес, «Арал­тұз» елді мекенінің өсіп, өркен жаюына қал­дырған қолтаңбасы орасан зор. Елдің батасын алып, ықыласына бөленуге ұмтылды. Артында өшпес із бен өлмес іс қалдыруға барын салды. Нақтылай айтар болсақ, ком­бинаттың қаржылай қолдауымен үйлер салынып, көшелер көріктене түсті. Сәкеңнің қам­қорлығымен тұрғындар кәсіптерінен несібе теріп, тұрмыстарын түзей түсті.

Сейітжан аға қызметін қалтқысыз атқару­мен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмайтын. Ауыл тұрғындарының аманатын арқалаған ол заманында дүркіреп тұрған аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болып тұрақты түрде сайланды. Осында жүріп Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып сайлануы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болатын.

«Аралтұз» комбинатында атқарған қы­руар қызметін санамалап айту әсте мүмкін емес. Біздің бұлай тоқтам жасауымызға Сә­кең басқарған жылдары аты әлемге мәш­һүр болған комбинаттың Бүкілодақтық Со­циалистік жарыстың жыл сайын жеңімпазы атанып, Қызыл туды тұрақты түрде ұстап тұрғаны сеп болып отыр.

Еңбекті елеу, азаматқа лайықты құрмет көрсету, халық болып ризашылық таныта білу де – елдіктің, қоғамдық кемелдіктің белгісі. Сейітжан Досжановтың ел мүддесі жолындағы еңбегі ескерусіз қалмай, мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Өнер­кәсіп саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Азық-түлік саласының еңбек сіңірген қызметкері» атақтарына ие болып, Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президумының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерін, ондаған еңбек және мерекелік медальдарын иеленді.

Сейітжан аға Досжанов 1985 жылы Ал­ма­тыға қоныс аударып, қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалса, 1987 жылы «Қапшағай» шаруашылығының басшы­лығы­на барды. Қандай қызметте жүрсе де, сол елдің берекесін тасытатын Сәкең бұл ауылды ажарландыруда да өз қолтаңбасын қалдырды. Береке демекші, іскер де ұсынақты басшы қай шаруашылыққа келсе де тіршілігін тү­зеп қана қоймай, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени мәселелеріне де кірісіп кететін. Абзал аға қызмет еткен бұл ауылда да тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы бірінен соң бірі бой көтеріп жататын.

Сейітжан ағамыздың осы ауылда бас­шылықта жүргенде жасаған ерлікке тән бір еңбегін айтпасқа болмас. Сонау 1970-1980 жылдары Арал теңізі келмеске кетіп, теңіз жағалауындағы тұрғындар басқа аймақтарға үдере көшіп жатты. Жерлестерінің тұрмыс тауқыметі жүрегін жаралаған Сәкең Арал жағалауындағы 300 отбасын «Қапшағай» жа­ғалауына алдырып, тұрмысының түзелуіне өз септігін тигізді. Қазақ әдебиетінің абызы, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Оңай кезде ойсырата іс тын­дыруға әркім де құштар. Қиын кезде бел бууға ел қамын жейтін ер жүректілер ғана тәуекел ете алады» деген сөзі Сәкеңе айтыл­ғандай.

Халқымыздың ұлттық танымын бойтұ­мардай қастерлеп, исі қазаққа ізгілік пен ізеттің жолын сыйлаған Сейітжан ағамыз 1996 жылы зейнет демалысына шықты. Қол қусырып қарап отыруды қаламай, өмірден өткенше Арал балаларын құтқару қоры «Ша­пағатқа» басшылық жасап, экология қа­сіретіне шалдыққандарға қамқор қолын созумен ғұмыр кешті.

Иә, атам қазақ: «Қосағыңмен қоса ағар» деген ғой. Жаратқан ие Сейітжан ағамызға 1957 жылы Нұрмаханова Мария есімді жаны жайсаң жарды жолықтырып, шуақты ша­ңы­рақ көтерді. Мария жеңешеміз де текті әу­леттің тұяғы болатын. Шынайы махаббат, сыйластық, сенім мен сезім көпшілікке үлгі болатындай еді. Алматыдағы қазақ педа­гогикалық институтынан дәріс алған, «Қа­зақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленген Мария жеңешеміздің дәмге толы ақ дастарқаны жиналмайтын.

Сейітжан ағамыз бен Мария жеңешеміз бұл өмірге төрт ер бала мен екі қыз баланы әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қон­дырып, қызықтарына кенелді. Текті тұл­ғалармен құдандалы-жекжат болып, қанатын кеңге жайды. Олар кезінде Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы болған Әуелбек Медетбаев, арқалы ақын Сырбай Мәуленов, генерал-майор Салыбай Құсайынов пен экономика ғылымының докторы, академик Яхия Әубәкіров ағаларымыз.

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп атам қазақ айтқандай, бала­ла­рының бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салада қалтқысыз қызмет жасады. Гүл­нар мен Әділгерей қаржыгер, Бауыржан, Айгүл мен Бегайдар құқық қорғау саласында еңбек етсе, кенжелері Бекнұр бүгінде Алматы қалалық әкімдігінде жауапты қызметте жүр.

Иә, өмір деген осы. Сексен тоғыз жастың сеңгіріне шығып, артында өлмейтұғын іс пен өшпейтұғын із қалдырып, ғибратты ғұ­мыр кешкен Сейітжан ағамыз 2021 жылы бұл өмірден озып, Алматының «Кеңсай-2» қо­рымына қоныс тепті. Жатқан жері жайлы болсын.

Сөз соңында көп көкейінде жүрген бір ұтымды ұсынысты айтпасқа болмас. Сейітжан Досжановтай ар­дақты аға, абзал азаматтың жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп атқарған қаншама игі істерінің бүгін жемісін жеп, игілігін көріп отырмыз. Осындай абзал жанға өзі туып-өсіп, тер төккен елді мекен, яғни аудан орталығынан көше атауын берсе қандай ғанибет болар еді. Туған топырағы үшін қанатымен су сеуіп, «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын иеленіп, ғибратты ғұмыр кешкен Сейітжан аға Досжанов есімін ұрпақтарға ұлағат ету – біздің өтелмеген парызымыз.

Атам қазақта: «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген аталы сөз бар. Сол айтқандай-ақ, Сейітжан аға Досжановтың бітім-болмысы бізден алыстаса да аласармайды, қайта ұрпақтар сабақтастығымен жыл өткен сайын биіктей бермек.

Еркін ӘБІЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Арал ауданының құрметті азаматы