Алысты жақын еткен…

310

0

«Айшылық алыс

жерлерден

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды» – заманның болашағын бол­жаған ақынның осы өлең жол­дарын білмейтін жан жоқ шығар, сірә?! Иә, алысты жа­қын етіп, қашықтан хабар ал­ғызатын не құдірет, қан­дай технология екенін де бір­ден түсіне қоясың. Бүгін­де байланыс – қоғамның ажы­рамас бөлігіне айналды. Осы орайда, автоматты телефон стансасын Қызылорда об­лы­сында бірінші кезекте са­лу туралы мәселе көтерген аза­мат – осы Сыр өңірінің ту­масы Әбдіхан Көбеев. Оның ізденісі мен ілімінің арқа­сын­да кезінде алыстағы жа­қы­нынан апталап, айлап ха­бар ала алмаған халық, еш ке­дергісіз байланыс желісі ар­қылы туғанының дауысын ес­­тіп, жолдасының жай-күйін біле алды.

Әбдіхан Көбеев 1934 жыл­­дың мамыр айында асау толқыны жағаға ұрған теңіз жа­ғалауындағы Арал қала­сын­да дүниеге келген. Әкесі Жұмахмет мұғалім еді. Әбді­ханның жастайынан зерек, алғыр болып өсуіне әкесінің әңгімелері әсер еткен. Ол ілім, білімге құштар болды. Күндіз құрқылтайдың ұясындай қуыс үйдегі кеудесінен ғана келетін терезенің алдында отырып, түнде май шамның кәрәсіні түгесілгенше кітаптан бас алмайды екен. Балалық шақта алған жақсы тәлім-тәрбие өмір­лік азық болары хақ. Әб­діхан мектепте жүргенде ар­ғымаққа мініп қамшы басты, ұсталықпен айналысып, нә­па­қасын тапты. Мектеп бі­тір­геннен кейін Ташкент қала­сына жол тартады. Сөйтіп бұ­рынғы Кеңес Одағы елде­рінен келген қаншама үміт­кер­лердің арасынан басып озып, Қазақстан, Орта Азия рес­пуб­ликаларының байла­ныс саласына маман даярлау үшін арнайы ашылған электро­тех­никалық байланыс инсти­ту­тына оқуға түсіп, үздік бі­тіреді. Иә, ол кезде екінің бірі маңыздылығын ұғына қой­майтын мамандықты игеріп, қалайда туған өлкемнің өр­кен­деуіне қызмет етсем деген оймен кіндік қаны тамған Сыр өңіріне оралады. Шыны керек ол кездері байланыс са­ласының жай-күйі сын көтер­мейтін. Әбдіхан Көбеев еңбек жолын 1960 жылы байланыс инженері қызметінен бастай­ды. Ол уақытта шаһардағы не­бәрі 300 нөмірлік бір теле­фон станциясына 750 або­нент қана қосылған екен. Әб­діхан қызметке кіріскен жы­лы-ақ Байланыс министр­лігі­нің қолдауымен облыс ор­та­лығына жаңадан 20 ком­му­татор қондырылып, 1200 нөмірлік телефон стан­ция­сы іске қосылды. Стан­ция­ны мон­таждау жұмыс­тары қол­­ға алынды. Стан­ция қала тұр­ғын­дарына пайда­лануға бе­­рілген күні оны Арал ау­дандық бай­ланыс конто­ры­ның бастығы қызме­тіне та­ға­йындайды. Бұл аймақ­тағы өндіріс орындары бар іргелі аудан болса да, те­лефон, те­леграф, радио, ра­дио­стан­циялардың әбден то­зығы жетіп тұрған. Әбдіхан басшылыққа келгеннен кейін аудандық байланыс саласы­ның жаңарып, ұлғайтылу ке­зеңі бастау алды. Алдымен жа­ңа жобамен салынған ғима­рат пайдалануға берілді. Бұ­ған дейін елді мекендерге га­зет-журнал, сәлемдеме «АН-2» ұшағымен, 4-5 маши­на­мен та­ратылып келсе, енді әскери ка­тер алынды. Теңіз жаға­ла­уындағы ауыл­дарға кесте бо­йынша байла­ныс қатынасы орнап, сол мекен тұр­ғын­да­ры­на аудан орталығына келіп-кету мүмкіншілігі жасал­ды. 1920 каналдық кабель құры­лысы аяқталып, пайда­лануға берілді. Құрылыс аяқталы­сы­мен ғимаратқа 3000 нөмірлік АТС, радио, телеграф техни­калары орнатылып, аудан хал­қының сұранысы өз шешімін тапты. Сондай-ақ 1965 жылы облыста тұңғыш рет 500 нө­мірлік АТС Арал қаласында іске қосылады. Ал 1968-1970 жылдары Қызылорда қала­сы­нан кейінгі екінші теле­ор­талық Арал қаласына қонды­рылып, аудан халқы теледидар көретін жағдайға жетті.

Әбдіхан Көбеев 1961-1970 жылдары Арал ауданының байланыс саласын басқарғанда ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарды. Халықтың ризашылығына бө­леніп, 1970 жылы облыс­тық партия комитетінің шеші­мі­мен Қызылорда қаласы­ның біріккен байланыс конто­ры­ның басшысы қызме­тіне та­ғайындалды. Ол басшылық қызметке келгенде облыс ор­та­лығында бар-жоғы 4000 нө­мірлік жалғыз АТС жұмыс істеп тұрса, 1970-1978 жыл­дары АТС-2, 3, 4, 5, 6 телефон станциялары орнатылып, тұ­тынушылар саны 28 мыңға жеткізілді. 1979 жылы оның толымды тәжірибесі мен ұйым­дастырушылық қабілетін ескер­ген басшылық облыстық өнді­рістік-техникалық байла­ныс басқармасының басшы­лығына бекітті. Бұл жауап­ты қызметті 16 жылдан ас­там уақыт атқарып, ел-халық­тың ал­ғысына кенелді. Респуб­ли­каның 19 облысының ең со­ңында жүрген аймақтың бай­ланыс жүйелерін қалыпқа тү­сіруге зор еңбек сіңірді. Қала, аудан орталықтарында жаңа типтік ғимараттар салынып, оған жаңартылған техника, құрал-жабдықтар орнатылды. Арал, Жаңақорған, Шиелі, Сыр­да­рия аудандарында жаңа­дан ғимараттар салынса, Те­рең­өзек, Қазалы ауданда­рын­­дағы ескі ғимараттар күр­делі жөн­­деуден өткізіліп, кеңей­тіл­ді. Елді мекендерге 50-300 нөмір­лік шағын АТС қонды­рылып, 107 ауылдың тұрғын­дары аудан, облыс орталығы және елі­міздің басқа қалалары тұрғын­дарымен тікелей сөй­лесу мүмкіндігіне ие бол­ды. 1984-1985 жылдары шалғай елді мекендерге спут­ник ар­қылы көрсететін теле­ди­дар қон­дырғылары орна­тыл­ды. Осының арқа­сында жаңа­дан ашылған облыс­тық те­ле­ра­дио­ко­митет бағдарла­малары бар­лық ауданға таратыла бас­тады.

Әбдіхан Көбеев құр дақ­пырт даңғазалықты жаны сүй­мейтін. «Басты медалім –   халықтың ризашылығы, алыс­тағы ағайынынан хабар ала алған адамдардың алғысы» дей­тін көзі тірісінде. Оның ең­­бекпен өрілген өмірі көпке өнеге. Білгенімен бөлі­сіп, бай­ланыс саласының біл­гір­лерін тәрбиеледі, талай жас­тың тәлімгері болды.  Қазіргі уақытта «Мен Әбдіхан Кө­беев­тің шәкіртімін» деп мақ­та­нышпен  айтып жүрген бі­лікті мамандар облыстың бай­ла­ныс саласында қызмет етеді.

Көзі тірісінде жазған авто­биографиялық кітапта бы­лай деген: «Мен бақытты­мын! Көшеге еркін шыға ала­мын, адамдармен күліп аман­дасамын. Өзім танымай­тын көп адамдар сәлем бе­ріп жатады, көп азаматтар сыр­тымнан: «Анау Көбеев, ол Әбдіхан» деп көрсетіп, «қай үйге қонаққа бара жа­тыр екен?» дейді. Рақмет» Ри­зы­ғын еңбекпен тауып елі­не де­ген құрметін, жеріне де­ген сүйіспеншілігін адал қыз­метімен дәлелдеген жанкешті жанның өмірден өткеніне де бір жыл болды. Әрине, рухына Құран бағышталып, отбасы, жора-жолдастары еске алар. Ал сіз, қадірлі оқырман, бай­ла­ныс саласының дамуына үлес қосып, жақынды алыс ет­кен азаматтың құрметіне уақыт тауып, көптен бері сөйлес­пе­ген адамыңызға, әкеңізге, ана­ңызға, бауырыңызға, до­сы­ңызға, тіпті, көршіңізге ха­бар­ла­сып, хал-жағдайын біліңіз…

Алина ПАРАДЖАН