Өзім жыл сайын жазылып, оқитын «Сыр бойы» газеті арқылы ақ халатты абзал жандардың шипалы қолының шарапатын көрген ардагер ретінде шынайы алғысымды білдіруді кеш те болса адами парызым деп санадым.
2005 жылдан 2020 жылға дейін он бес жыл көлемінде Қызылорда облыстық медицина орталығының бөлімшелерінде маған бірнеше рет ота жасалды. Гиппократ антына адал қызмет етіп жүрген дәрігерлердің арқасында 82 жасқа келдім. Сондықтан төмендегі аттары аталған дәрігерлерге ағалық алғысымды газет бетінде жарияласаңыздар екен.
Урология бөлімшесінің меңгерушілері Алмат Құрманғалиевке, Исахмет Валишаевқа, емдеуші уролог Еркін Искаковқа, көз аурулары бөлімшесінің дәрігерлері Сәкен Шілмановқа, Жантемір Изнатовқа, травматология бөлімшесінің меңгерушісі Айдос Сапаровқа, ота жасаған Нұрлан Рахманұлына алғысым шексіз.
Сонымен бірге бөлімше меңгерушілерінің нұсқаулығы бойынша күндіз-түні ем жасаған аяжандарға да ризамын. Өкінішке қарай, кезінде жазып алмағасын аттары есіме түспей отыр.
Аянбай еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген дәрігерлерге шын жүректен алғысымды жолдаймын. Оларға зор денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін. Халық алғысына бөлене беріңдер дей отырып, бір шумақ батамды арнаймын.
Мен батамды берейін,
Үстем болсын мерейің.
Әрқашанда сендерді,
Биіктерден көрейін.
Бақыт, байлық, денсаулық,
Бар жақсылықты тілейін.
Әмит ЖАҢАБАЕВ,
зейнеткер,
төтенше жағдайлар департаментінің ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





