«Ақ жауын» төгілткен күй – құдірет

229

0

Фото: Облыс әкімдігі

Кеше «Өнер орталығында» Қызылорда қаласының астана болғанына бір  ғасыр толу мерекесіне және Қазақстанның Халық артисі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің концерті өтті.

Шығармашылық кешті облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, аймақтың өнерсүйер жұртшылығы тама­шалады.

Концерт «Ақ жауын» камералық оркестрінің орындауында Секен Тұрыс­бековтің «Ұлы дала» шығар­масымен ашылды. Аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, оркестр ұжы­мына шығармашылық табыс тіледі.

– Қазақтың күй өнері – халқымыздың рухани болмысы мен мәдениетінің биік тұғыры, сарқылмас асыл қазынасы. Қос ішекті домбыраны кие тұтып, шанағынан небір туындыны төгілдірген кешегі Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Динадан жеткен қастерлі ұлт мұрасын жалғаушы Секен Тұрысбеков – ерекше дарын иесі. Секен Кәрімұлының «Көңіл толқыны», «Балауса», «Дарабоз», «Ақ жауын», «Тарбағатай», «Аққу сазы», «Ерке құсым», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз» секілді ән-күйлері халықтың жүрегінен орын тауып, ұлт руханиятын кемелдендіре түсті. Еліміздің дарынды перзенті Секен ағамыздың шалқар шабытынан туған шығармалары бойға рух беріп, жүректі тербейді. Дарын иесінің күйшілік өнері жеке орындаушылықтан асып, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестріне ұласты.

Бұл – талмай еңбек етудің, ұзақ жылғы ізденістің, қабілетті жастарды маңына жинап, ерінбей үйретудің нәтижесінде жүзеге асқан абыройлы іс. Күй – өміршең өнердің бірегейі. Бабаларымыздың ұр­пақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізген төл мұрасын кеңінен насихаттауда, бүгінгі буынның санасына сіңіруде «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің еңбегі зор.

Бүгінге дейін әлемнің бірқатар елдерінің үздік сахналарын әсем сазбен тербеп, қазақ өнерін асқақтатқан оркестр ұжымының еңбегі қашанда құрметке лайық, – деді облыс әкімі.

Кеште Құрманғазының «Ақсақ киік», «Қайран, шешем», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Боорлаштарым», Дина Нұрпейісованың «Әсем қоңыр» күйлері орындалды. Жүректің нәзік қылын шертетін күші бар, тыңдаушысын ой мен сезім тұңғиығына тартатын туындыларды тыңдауға келген көрерменнің қошеметі ерекше болды.

Шығармашылық кеште өнер көрсеткен Секен Кәрімұлына және барша таланттарға облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі