Ақмола облысында бұрынғы мешітте жарылыс болып 3 адам ажал құшты

239

0

Фото: Видеодан скрин

Ақмола облысындағы бұрынғы ауыл мешітінде жарылыс болып, 3 адам қаза тапты. Оның ішінде екі ересек және 10 жастағы бала бар. Полиция жарылыстың себебін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Отбасы түстің кезінде газ баллондарын пайдаланып, марқұмды еске алып, дастархан дайындап жатқан. Олар аязда тұрған газ баллонын жылы үйге кіргізген. Жойқын жарылысқа осы жағдай себеп болған.

Жарылыс салдарынан 16 адам жарақат алды.

«Газ баллонын ыстық жерге кіргізгеннен ондағы қысымжоғарылып, газ көлемі ұлғайған. Жарылысқа да сол себеп болған. Бұл газ баллонын 1985 жылдан бері пайдаланып келеді, ал газ баллондарын қолдану мерзімі 30 жыл. Яғни бұл газ баллонын пайдалану мерзімі 2015 жылы өткіп кеткен», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Қайғылы жағдай тұрғындар құдай тамақ беретін Сабынды ауылының бұрынғы мешітінде болған. Осыдан 25 жыл бұрын дүниеден өткен отағасына берген асқа әулеттің жақындары жиналған. Түнгі сағат бір жарым шамасында бауырсақ, басқа да тағамдар пісіріліп жатқан асханада жарылыс болған. Үйінді астынан 46 жастағы ер адам мен 41 жастағы әйелдің мәйіті шығарылды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар ерлі-зайыпты. Қарағандыдан жиынға келген 10 жасар бала да үйінді астында мерт болды.

Ғимарат толығымен қирады. Үйінді астынан алты газ баллоны шығарылды. Астанадағы ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілді. 13 пен 16 жас аралығындағы үш баланың жағдайы ауыр. Олардың денесінің 40 пайызын күйік шалған. Алты ересек адам да жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Жансақтау бөлімінде жатқан алты науқастың төртеуі ем қабылдады. Жағдайы тұрақталған соң мамандандырылған бөлімшеге ауыстырылды. Тағы екі әйел жансақтау бөлімінде жатыр, олардың жағдайы ауыр. Қазір 11 науқас мамандандырылған бөлімшеде, қажетті ем-дом қабылдап жатыр. Олардың жағдайы орташа және ауырға деп бағаланып отыр», – дейді Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасы директорының орынбасары Жеңісбек Бапанов.

Дәрігердің айтуынша, барлық 13 науқастың бас терісі, беті, аяқ-қолы күйіп қалған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<