«Өнер орталығында» қазақ музыка өнерінің қайраткері, күйші-композитор, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқытушысы, академик Төлепберген Тоғжановтың 60 жас мерейтойына орай Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің «Сыр-Ана» атты концерті өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі Мәдениет саласының үздігі Самат Абылаев, бас дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кеулімжай Ботабаев.
Мерейтой иесі Т.Тоқжановты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова құттықтап, облыс әкімінің атынан құрмет көрсетті. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының профессоры, Мәдениет қайраткері, «Көне музыкалық аспаптар» кафедрасының меңгерушісі Зәмзәгүл Ізмұратова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, сый-сыяпаттарын табыстады.
Мерекелік концертте халық композиторларының және Т.Тоқжановтың күйлері мен оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Айталық, «Сыр-Ана», «Өткінші», «Сүйемін сені, Сыр елі», «Аққу-жүрек арманым», «Аяулы ана», «Жалған дүние», «Құс базары», «Көшпенділер», тағы басқа шығармалары тыңдаушыларын тәнті етті.
Күйші Төлепберген Төрахметұлы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының оқу бағдарламасына «Күй аңыздары мен тарихы» авторлық пәнін енгізді. Сонымен қатар 2023 жылы үш шекті домбыра аспабын мамандық ретінде оқу процесіне енгізсе, биыл «Көне аспаптар» кафедрасын ашты. Автордың 100-ден аса шығармасы (әндері, күйлері) республикалық, халықаралық конкурстарда орындалып жүр.
Ән әуелеп, күй шалқыған кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімжан Әбсадықов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Еркін Нұрымбетов, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Сымбат Тасбергенова, Бақдәулет Қарғабаев, Біржан Серік, Бақытжан Дүйсенғазиев, Тоқтар Ағыраев сынды әнші-күйшілер өнер көрсетті. Сондай-ақ Әділбек Тәшимов, Үкітай Ерниязов сияқты шәкірттері ұстазының шығармаларын орындап, көптің қошеметіне бөленді.
Айта кетейік, бұған дейін облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Төлепберген Тоқжановтың 60 жылдығына арналған «Туымы бөлек тұлпар» атты облыстық күйшілер байқауы өткен болатын. Оған Қызылорда, Байқоңыр қалаларынан және аудандардан жас өнерпаздар қатысты. Байқауда 10-14 және 15-35 жас аралығындағы күйшілер бақ сынасты. Қорытындысымен бас жүлдені жеңіп алған Жақсан Мұқағали де осы кеште өнерін ортаға салды.
Өнер – рухани қазына. Ал қазынаның иесі – халық. Сондықтан сан ғасырлық тарихы бар күй өнері келер ұрпақ үшін де құнды мұра болып қала бермек.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<