«Ақсуаттың» ажары қандай?

312

0

Фото: автордан

Қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылының даму мүмкіндігі жоғары. Тоғыз жолдың торабындағы елді мекен тарихы сонау 1928 жылдан бастау алады. Кезінде  бұл жерде ірі мал шаруашылығы болған. Қазір де жұмыс жасап тұрған бірнеше шаруашылық бар. 1994 жылы құрылған «Ақсуат» ауылдық округіне Кеңес Одағының Батыры Жақыпбек Махамбетов атындағы ауыл (бұрынғы С.Киров атындағы совхоз) және «Наурыз» саяжайы, «Жаңадария» каналы бойында орналасқан шағын елді мекендер қарайды.  Сол канал іргесіндегі «Ойшеңгел» деген жер мен дария  арасында қамыс өскен алаңқай «Ақсуат» деп аталады. Дарияның  табаны  болған  сол  жерге шеңгел өспей, қамыс  шыққан.

Кейінгі кезде «Ақсуат» ауылдық округіне коныстанушы көп. «Наурыз» саяжайының округке келіп қосылғанына 15 жылдан астам уақыт болған. Жаңадан қоныстанушылардың негізгі мәселесі – жол, жарық, ауызсу. Әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан дәл осы үш мәселеге қатысты жиі сын айтылып жүр. Жұртшылықтың талап-тілегі мен мұң-мұқтажын жеткізу үшін ауыл әкімімен кездестік.

Бүгінде ауылдық округте 11671 адам тұрады, оның 4346-сы экономикалық белсенді, 548-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ауыл әкімі Нұрболат Бақытұлының айтуынша, биыл бірінші  жартыжылдықтағы бюджет 788 млн 17 900 теңге, оның 253 млн  431 401 теңгесі игерілген. Салық түсімдері 50 млн 167 мың теңгеге жоспарланып, ол артығымен орындалыпты.

Тіршілік көзі тапшы ма?

Тұрғындардың басты базынасы – ауызсудың жайы. Бұрын тіршілік көзінің ең тазасы осы елді мекенде болатын. Әлі де солай. Бірақ оның қысымы төмендеп, тіпті апта сайын тоқтап қалатынына тұрғындар наразы. Шіліңгір шілдеде үш күн сусыз, жарықсыз қалғаны да рас. «Ақсуатқа» ауызсу жеткізетін «Қазсушар» ШЖҚ РМК «Сыр суы» филиалына хабарласып, кейінгі кездегі жиі орын алатын ақаулардың себебін сұраған едік.

Мамандардың айтуынша, «Сыр суы» филиалы – Қызылорда қаласын, облысты ауызсумен қамтамасыз ететін бірыңғай оператор. Ол Арал, Қазалы, Төретам, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарына және қалаға қарасты «Ақсуат», «Талсуат», «Қызылөзек», «Қараөзек», Абай, Досан, «Бірқазан», «Иіркөл», «Ақжарма», «Қарауылтөбе», «Белкөл» секілді ауылдарға жеткізеді. Мекемеде 1700-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

–        «Ақсуат» елді мекеніндегі су нысандары 2017 жылы «Қазсушар» РМК «Сыр суы» филиалына коммуналдықтан республикалық меншікке қабылданды. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің бұйрығына сәйкес, ауызсу жеткізу қызметіне қосымша құн салығымен 1 текше метрге 599,12 теңге көлемінде тариф бекітілді. Алайда суды есепке алу аспаптары бар жеке тұтынушылар 1 текше метр (1000 литр) суға 30, су есептегіш құралы жоқтар 40 теңгеден төлейді. Егер күніне 140 литр тұтыну нормасынан асқан жағдайда, толық тарифпен алынады.

«Ақсуат» ауылына филиал суды тұрақты береді. Электр энергиясының тұрақсыздығынан мәселе болды. Ол уақытта дизель генераторы қосылды. Қазір жағдай тұрақталды, – дейді филиал директорының бірінші орынбасары, бас инженер Мінайдар Аралбаев.

Биыл 143681 текше метр су өндіріліп, 147279 текше метр халыққа таратылған. Оның 115255,1 текше метрінің ақшасы жиналған. Елді мекенде 2 автомобиль жуу орны жұмыс жасап тұр. Оның бірі  ауызсуды, екіншісі жерасты суын, ауылдағы 4 монша да ауызсуды пайдаланады. Филиал директоры орынбасарының айтуынша, олар толық бағамен төлейтіндіктен, суды барынша үнемдеуге тырысады.

–        Халықты ауызсумен тұрақты қамтамасыз ету үшін филиал қызметкерлері уақытпен санаспай күннің 40 градус ыстығында, қыстың суығына қарамастан сапалы қызмет жасауда. Мысалы, қалаға қарасты «Ақсуаттан» басқа да ауылдар бар. Оларда дәл осы секілді мәселе жоқ.  Бұл елді мекенде эектр желісінің күші жетпеу салдарынан суға қатысты қиындық болғаны рас. Қазір бұл шешімін тауып, су тұрақты берілуде. Тағы бір себебі – кей тұрғындар есептегіш құралы қойылмаған құбыр жолымен су көзін тұтынып,  бақша суарып, мотор пайдаланады. Десек те тұрақты әрі сапалы су жеткізу жолында тиісті жұмыстар атқарылуда. Филиалға республикадан немесе облыстық, жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбейді. Халықтың ішкен суына субсидия алады. Осы субсидия арқылы мекеме жұмысшыларына жалақы беріледі, электр энергиясына, салыққа,  амортизацияға төленеді, – дейді мекеме мамандары.

Иә, судың үздіксіз берілуі үшін энергия көзі қажет. Бұл мәселе де жақында шешілетін сыңайлы. Нұрболат Бақытұлының айтуынша,  қоныстанушылардың көбеюіне байланысты ауыл тұрғындарына жеткізілетін негізгі тоқ кернеуіне қосымша трансформатор орнатылған. Енді электр энергиясына қатысты  ауызсу беруде мәселе туындамауы керек.

Жол да жақсарады

«Жолдың жайын жүрген білер» демекші, ауыл тұрғындарының айтуынша, жаңбыр жауса  ми батпағы шығып, жаз шықса шаңы аспандайтын көшелер әлі де бар. Мұндай кезде әсіресе, балалардың мектепке барып келуі мұң. «Қос аяқкиімін арқалап,  тобықтан батпаққа батып қайтады» деп ата-аналар ренішін білдірді. Округ әкімі бұл мәселенің келер жылы шешілетінін айтады. Жоспар бойынша, 1 млрд 346 млн теңгеге 18 көшеге жөндеу жүргізіліп, 315,62 млн теңгеге 4 көше қайта жаңғыртудан өтеді. Оның ішінде  И.Дауылбаев, М.Бажиев, №3 В, №7 В, №8, №9 В, №15, Ж.Аубакиров, К.Иманбердиева, А.Смайлов (№10), Е.Боранқұлов (№11), Ш.Атеев(№14) көшелері бар. Мердігер мекеме «Орда Автодор» ЖШС арқылы келер жылға келісімшарт жасалған. Сондай-ақ А.Абиев, Жаңа тұрмыс, Қырық байтақ, №10 В, Б.Алимов, Т.Қаратаев көшелері де жөндеуден өтеді. Бұйырса, енді ақсуаттықтар жарық әрі кең көшелермен жүреді.

«Ақсуаттың» ажары қандай?

Қаладан ауылға кіреберіс жол жүк көліктерінің кесірінен шұрық-тесік, ойдым-ойдым болған. Әсіресе, қысқы уақытта көліктердің бұрылуы қауіпті. Енді көпшіліктің көңіліндегі қорқыныш сейілмек. Ауылдың аркасына аяқ басар бұрылыс жөнделіп, көше тегістелді.

Одан бөлек,  қоғамдық көліктер қатынайтын П.Тлепбаев, А.Найзағараев, Б.Жүсіпбеков, Канал-2 көшелеріне  100 млн  теңгеге жол құрылысы басталған. Биыл қалған 616 млн 756 мың теңгеге жол жөндеу жұмысы  жалғасуда. 

Қазір 11 млн 232 мың теңгеге 1,22 шақырым болатын  А.Арысбаев, Орманбаевтар, О.Жакенов көшелеріне  түнгі жарық бағаналарын орнату  жұмыстары  аяқталды. Келер жылы  Қ.Үсенбаев, Б.Жонбаев, Байтен және Сарыкөл көшелері қайта жаңғыртудан өтеді.  «Қызылорда жолдары» мекемесімен келісімшарт жасалған. Сонымен қатар,  145 млн 801,6 мың теңгеге 7 көшеге түнгі жарық бағанасын орнату үшін қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі  арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Бұл қандай көшелер десеңіз, оның қатарында Ө.Құлманов, А.Иманов, Б.Елеусізов, Ү.Тоқмағанбетова, Б.Жөкенов, Ш.Беркінов, С.Байқадамов көшелері бар.

Өткен жылы 32 көшені электр желілерімен  қамту мақсатында  74 млн теңгеге құрылыс жұмысы басталған. Биыл оны жалғастыруға 573 млн 51 мың теңге бөлініп отыр. Жұмыс  толық аяқталғаннан кейін электр желілерімен қамтылмай қалған жаңадан қоныстанушы тұрғындардың мәселесі шешім табады.

«Ақсуаттың» ажары қандай?

Тұрғындардың талап-тілегі

Ө.Құлманов көшесі тұрғындарының атынан хабарласқан Айнұр Байтұрғанова қорасына жапсарлас орналасқан көршісінің 10 сотық жерге 20-30 жылқы ұстайтынына наразылығын білдірді. Жаздың аптап ыстығында терезе ашып, таза ауамен тыныстау мүмкін емес деп ренжиді. Тіпті аула алдына шығудың өзі мұң.

– Елді мекенге көшіп келгеніме 5 жылдан асты. Әлі осы мәселем шешілер емес. Ауыл әкіміне, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке, тиісті органдарға арызымды жаздым. Бұрын үй басына қанша мал ұстауға дейін рұқсат етілгені туралы арнайы бұйрық бар-тын. Қазір оның күші жойылып, жаңасы шықпаған көрінеді. Сол себепті оған әкімдік ештеңе істей алмай отыр. Ал көршім мал бағуға деп несие алған. Оны аларда жайылымдық жерін көрсету керек. Айналдырған 10 сотық жерге 20 жылқыны қалай сыйдырып отыр? Малдың иісі мен көңінен зардап шегіп отырмыз. Қораға еккен көкөністер құрттап, жеуге жарамсыз болып қалды, – дейді тұрғын.

Ауыл әкімі де бұл жайттан хабары барын айтты. Мал бағатындар үшін арнайы жайылымдық жер дайындатып жатқанын жеткізді.

– Былтыр бұл аумақтың құжаты рәсімделіп, биыл 3 млн 499,9 мың  теңгеге қоршауын жасадық. Қазір агроаймаққа көшуге 12 адам ұсыныс беріп тұр. Ал А.Байтұрғанованың көршісіне ескерту береміз. Көрсетілген мерзімге дейін көшпесе, сот арқылы орындауға мәжбүр болады, – деді ол.

Тұрғындарды мазалайтын тағы бір нәрсе – көшедегі бұралқы иттердің көбеюі. Тіпті үлкендердің көзінше екі кішкентай қызды талап тастай жаздаған. Ауыл әкімінің айтуынша, оларды атуға рұқсат болмаса да, көпшіліктің өтінішімен азайтуда. Жуырда егесі анықталмаған 41 ит атылған.

Елді мекенге кіреберіс тұста тазалықшыларды күнде көруге болады. Күн райына қарамастан, әрқайсысы өзіне берілген аумақты тазартады. Бірақ  қоқыс күнде алынса да, ертесіне тағы солай жиналады. Оны тастайтын да сол жердің тұрғындары екені анық. Түнгі мезгілді пайдаланып, қоқыстарын шашып кетуге әдеттенген.

– Мұндайларды тек бейнекамераға түсіріп, айыппұл арқалату керек. Ауылда бос жатқан жерлер де қоқыс алаңдарын көбейтуде. Сондықтан олардың иесін анықтап, ескерту беру керек. Ауылдың тазалығы, оның көркейгені өзімізге жақсы, – дейді тұрғындар.

Расымен бейнекамералардың көмегі көп. Ауылға ол ауадай қажет. Өйткені қыс айларында жеке үйлерге ұрлыққа түсу көбейген. Жұртшылықтың тынышын алғандар құрықталды. Дегенмен, қауіпсіздік үшін ауылдың екі жағына бейнекамералар орнатылу керек. 

Кезінде «Үлгілі ауыл» номинациясын иленген елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Мұнда кәсіпкерлік те кең қанат жайған. Дүкен сөрелеріндегі «Меруерт» торты да ауылда жасалады. «Ақсуат» атын иеленген шұлық та шығады. Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығынан таяқ тастам жердегі мекеннің даму мүмкіндігі көп. Тек әр бастаманы жүйелі үйлестіріп, жергілікті тұрғындарға жақсы жағдай жасалса деген тілек бар бізде.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»