Танысы бірнеше сағат кепілде ұстаған ақтөбелік келіншек ауруханада күзетпен жатыр. Дәрігерлер тұруға, телефон қолдануға рұқсат етпеген. Бұл туралы Syrboyi.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, Ақтөбеде анасының үйінде кепілге алынған 40 жастағы әйелдің жағдайы орташа. Жансақтау бөлімінен шығарылды. Бірақ дәрігерлер науқасқа әлі де қозғалуға рұқсат етпеген. Емдеу шараларымен қатар психологиялық көмек беріліп жатқанын айтты.
«Жалпы диагнозы бас-ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты. Травматологтар жарақатын таңып береді. Бірге ем жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда жағдайы орташа. Есін жиды. Сұрақтарға нақты жауап береді. Тексеруден өтіп, емін алып жатыр. Бүгін не болғанын бәрін сұрап жатыр. Әке-шешесін де сұрайды. Көп ақпарат айта алмаймыз. Тек денсаулығына байланысты ақпарат айтамыз. Төсектен тұруға болмайды. Тұруға, жүруге рұқсат еткен жоқпыз. Оның қолында әзірге телефон жоқ. Психологтар да кеше де, бүгін де кездесті. Қазір күзет жұмыс істеп тұр», – деді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Мақсат Уразжанов.
Әйел адам палатада жалғыз жатыр. Дәрігерлер мұндай диагнозбен 5-7 күн ем алу қажет екенін айтады. Кейін қосымша тексерістен кейін жағдайы белгілі болады. Себебі психологиялық жағдайы ескеріледі.
Еске салайық, оқиға 13 қаңтар күні болды. Полиция үш сағаттық келіссөзден кейін ғана үйге басып кіріп күдіктіні ұстады. Оқиға болған жерді тексеру барысында сарайдағы жертөледен жәбірленушінің 74 жастағы өней әкесі мен 66 жастағы анасы табылды. Қарт кісілердің бірі тасымалдау кезінде, екіншісі ота үстелінде көз жұмды. Оқиғаға қатысты полиция Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Кісі өлтіру» және 261-бап «Адамды кепiлге алу» бойынша іс қозғады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<