Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысы аясындағы секциялық жиында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылым мен экономиканың өзара байланысын күшейту мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, бұған дейінгі Ұлттық құрылтайларда көтерілген бірқатар түйткілдер кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Ал қазіргі негізгі міндет – ғылымды нақты экономикалық сұраныстарға бейімдеу.
– Ғылыми тақырыптардың басым бөлігі экономика қажеттілігінен емес, ғалымдардың мүмкіндігіне қарай қалыптасып отырғанын байқаймыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Ұлттық ғылым академиясы форсайт тәсілін тұрақты жоспарлау құралына айналдырды. Соңғы екі жылда өңірлік және салалық сессиялар өткізіліп, 220 перспективалы міндет пен 65 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленді, – деді Ақылбек Күрішбаев.
Ол өткен жылдары ғылымға жеткілікті көңіл бөлінбеу салдарынан бірқатар ғылыми мектептердің жойылып кеткенін де атап өтті. Осыған байланысты Ұлттық ғылым академиясы Кореяның Korea Institute of Science and Technology Information ұйымымен бірлесіп AI SilkNet орталығын құрған.
– Бұл орталық әлемдегі жаңа технологиялар туралы ауқымды дерек алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылымдағы озық және ескірген әдістерді саралап, еліміз үшін тиімді бағыттарды таңдауға жол ашады, – деді академия президенті.
Секция отырысында Ақылбек Күрішбаев аталған бастаманы одан әрі дамытып, AI SilkNet орталығын болашақта Орталық Азияға қызмет көрсететін ірі ақпараттық хабқа айналдыруға болатынын айтты.
Сонымен бірге ол өңірлік ғылымды дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Қазіргі таңда еліміздегі ғалымдардың басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында шоғырланғанын, бөлінетін қаржының да негізгі үлесі осы мегаполистерге тиесілі екенін атап өтті. Ал өңірлік ғылым көптеген қолдау тетіктерінен тыс қалып отыр.
– Ғылымның экономиканы дамытуға нақты әсерін арттыру үшін өңірлік ғылыми әлеуетке де жүйелі түрде мән беру қажет, – деп түйіндеді Ұлттық ғылым академиясының президенті.






