Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Асқар Кіребаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Асқар таудай тұлғалы ақын» атты поэзия кеші өтті. Кешке аймақ қаламгерлері, өнер, руханият өкілдері және жастар қатысты.
Алғашқы болып ардагер журналист, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжеәлі Ерімбет сөз сөйлеп, Асқар Кіребайұлының ақындығынан бөлек, көптің жүрегінен орын алған кең пейіл мінезі, жайдары, жарқын болмысы туралы әңгімеледі.
– Қатар жүрген кезімізде байқағаным, ол кісінің қолына қалам ұстаған жастарға деген қамқорлығы ерекше еді. Қолдап, демеп, жол көрсетіп отыратын. Сондай-ақ Сыр бойындағы шығармашылық ортада табиғи талантымен қатар, бірегей бекзат болмысымен танылды. Сол кезеңде ақынның өлеңдерін жарыса жатқа оқитынбыз. Жырларында адамға күш беретін жалын бар, жігер бар. Сондықтан өзі өмірден өтсе де Асқар ақынның артында қалған әдеби мұрасы бүгінгі ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз, – деді К.Ерімбет.
Ақын, ардагер журналист Мұхамеджан Нұрханов замандасы Асқар Кіребаевтың ақындық қырына терең тоқталып, шығармашылығы туралы пікір білдірді. Оның ішінде, ақынның эпос, поэзия, драма жанрларын қатар меңгергенін, сондай-ақ қазақ журналистикасында қарымды қолтаңбасын қалдырғанын айрықша атап өтті. Сөзін түйіндей келіп, ойында жатталып қалған ақын өлеңдерін оқып берді.
Әнші, сазгер, «Құрмет» орденінің иегері Индира Елубаева ақын сөзіне жазылған әндерін орындады. Сондай-ақ кітапханашы Аружан Сүгірбай ән орындаса, А.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Жұбекешова жетекшілік ететін оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, қатысушылардың ықыласына кенелді.
Кеш қонақтары қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақынның өмірі мен шығармашылығы, адами қасиеті, азаматтық болмысы туралы терең естеліктер айтты. Оқырмандар назарына «Арқалы ақын, абыз азамат» атты кітап көрмесі ұсынылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»






