Арал: 7 инвестициялық жоба іске асады

121

0

Орталықтан шалғай орналасқан Аралда ауқымды жоба көп. Мұнда балық өндірісі мен төрт түлікті өрістетуден бөлек, кейінгі жылдары кәсіп ашуға ынталылар саны артқан. Қазір теңізді өлкеде шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 4815-ке жеткен. Осы салада 7462 тұрғын
жұмыспен қамтылған.

Жыл басынан бері Арал ауда­нын­дағы өнеркәсіп орындары 23,6 млрд теңгенің өнімін өндірді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 9,3%-ға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі бойынша 15,4 млрд теңгенің өнімі шыға­рылды. Сондай-ақ биыл мем­ле­кеттік бағдарламалар мен жалпы қар­жы институттары арқылы 2 млрд 375 млн теңгеге 94 жоба несие­лендірілген.

Ауданның негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 24,1 млрд теңге құрағанын баса айту керек.

– Биыл аудан көлемінде жалпы 6,2 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасы іске қосылады деп жоспар­ланған болатын. Оның ішіндегі құны 1,2 млрд теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Атап айтсақ, «Ase Invest» ЖШС-ның «Тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру», «Sinooil» ЖШС-ның «Жанар-жағармай құю станциясын салу» және «Қарашалаң балық» ЖШС-ның «Арал қаласында балық өңдеу зауытын ашу» жобасы жұмысын бастады. Аталған кәсіпкерлік нысан­дарына 40-қа жуық адам жұмысқа тұрды, – дейді Арал аудандық кәсіп­керлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ренат Жанаев.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін бірнеше жоба іске асады. Олардың қатарында «Qazaq Camel» ЖШС-ның түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, автомобиль газын толтыру компрессорлық станциясы бар көп­функционалды жол бойы кешені, «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-ның жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі, жол бойы қызмет көрсету орталығы сияқты ірі кәсіпкерлік нысандар бар.

– Арал ауданында алдағы 2026-2027 жылдары жалпы құны 164 млрд теңге болатын 10 жобаны іске асыру жоспарда тұр. Қуаттылығы 30 Мвт күн электр станциясы, заманауи су сақтау технологияларын пайдалана отырып жоғары калориялық жоңышқа өсіру, балық шаруашылығын ұйымдастыру, жүн мен теріні бастапқы өңдеу, қалдықтарды және кондициялық емес шикізатты құрама жемге қайта өңдеу зауытының құрылысы да жүруі тиіс, – дейді бөлім басшысы.

Бұдан басқа құрылыс материал­дарын өндіру базасы, газ толтыру компрессорлық станциясы, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу, мотоцикл құрастыру және кальций­лендірілген сода зауытының құрылысы да қамтылып отыр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»