Арал қасіретіне әлем алаңдаулы

1652

0

Арал қасіретіне әлем әлі күнге алаңдаулы. «Арал өңірі тұрғындарының денсаулығына қоршаған орта факторларының әсері» деген тақырыппен Қызылордада өткен жиында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері өзекті мәселелерге ден қойды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.

– Теңіз тағдыры орасан зор әлеуметтік-экономикалық салдары бар экологиялық түйткілге айналды. Ол белгілі бір аймақтың немесе елді мекеннің шеңберінен асып, жаһандық деңгейге көтерілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұйымның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілі, доктор Кэролайн Кларинвал сапар мақсаты – өңір тұрғындарының жағдайын бағамдап, үніне құлақ түру екенін жеткізді. Нәтижесінде климаттық өзгерістің адам денсаулығына ықпалын бақылау, қоршаған ортаны сауықтыру шаралары жалғасады.

1992 жылы қаңтарда Арал өңірінің Қазақстан бөлігін Үкімет экологиялық қасірет аймағы ретінде жариялады. Республика заңдарында Арал төңірегінің шөл далаға айналғаны және осы аймақты мекендеген тұрғындардың тіршілік жағдайының нашарлағаны, ауру-сырқау көбейгені көрсетілді. Сол жылы жазда экологиялық апат аймағында тұратын халықты әлеуметтік қорғау туралы заң қабылданды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов Аралды сауықтыру шараларының сәтті жүзеге асырылғанын жеткізді.

– Әлемде жоғалған теңізді «тірілткен» жағдайлар болған емес. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен САРАТС жобасы сәтті жүзеге асырылып, Аралдың солтүстік бөлігіндегі су көлемі 27 миллиард текше метрге жетті. Жергілікті халық туған жерге оралып, атакәсіп – балық шаруашылығымен қайта қауышты. Аудан орталығынан 100-150 шақырым қашықтыққа алыстап кеткен теңіздің ұзақтығы 17 шақырымға дейін қысқарды. Ауылдық жерлерге су, газ барды. Көлік және темір жолдары, әлеуметтік нысандар салынды. Химиялық кластер құрылып жатыр. Ең бастысы, адамдар өз болашағын кіші отанымен байланыстырады, – деді ол.

Бірақ бұл тоқмейілсуге негіз емес. Теңіздің тартылып, табанының құрғауы сырбойылықтардың табиғи өсіміне кері әсер етті. Соңғы 5 жылда туу көрсеткіші шамамен 10 процентке төмендеді. Қан айналымының бұзылуынан түрлі дертке шалдығып, қатерлі ісікпен ауыратындар көбейіп барады. Өкініштісі сол, өлім-жітімнің 48,2 проценті еңбекке қабілетті жастағылардың үлесінде.

Ас қорыту, сүйек-бұлшықет және жүйке жүйелерінің бұзылуы, анемия және тағы басқасы жасты да, жасамысты да алаңдатып отыр. Арал өңірі тұрғындары, оның ішінде балалар арасында мүгедектік көрсеткіші соңғы 10 жылда 34 процентке артты. Жасқа толмаған сәбилер арасындағы қайғылы жағдайлар көрсеткіші жіті назар аударуды қажет етеді. Басқарма басшысы олардың денсаулығы – қоршаған ортадағы жағымсыз факторлар әсерінің басты индикаторы екенін атап өтті.

Өткен ғасырда тұтас одақтағы экономикалық өсімнің қайнар көзі болған теңіздің қазір тек Қазақстанға тиесілі азғантай бөлігі қалып отыр. Соның арқасында аймақ жұртшылығының тұрмыс-тіршілігі сәл де болса түзеліп келеді. Бірақ шешімін күткен проблема шаш етектен. Әсіресе, теңіз табанындағы тұздың зардабы орасан.

Табаны шамамен 40-45 жыл бұрын құрғаған теңіздің 6 млн гектар аумағы тұзды шөлге айналды. Одан көтерілген миллиондаған тонна құм мен шаң жыл сайын егін, жайылым алқаптарын, бау-бақшаны ластайды. Ауыл шаруашылығы өнімділігіне кері әсерін тигізеді.

– Бұл мәселе Сырдарияның ең төменгі бөлігінде орналасқан біздің өңір үшін өте өзекті. Оның үстіне, соңғы онжылдықта мұнай және уран өндірісі кеңінен дамыды. Жағдайды «Байқоңыр» ғарыш айлағы да күрделендіріп отыр. Жылда әлемдегі барлық ғарыштық ұшырылымның 30 проценті осы жерден басталады, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.

Ол теңізді бәз-баяғы қалпына келтіру мүмкін емес екенін, ендігі жерде Арал дағдарысының айналасына, адамдардың өмір сүру сапасына зардабын азайтуға ғана болатынын жеткізді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Өмірзақов су тапшылығы – Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де маңызды мәселе екеніне тоқталды. Егін шаруашылығына ден қойған, оның ішінде күріштің отаны саналатын Сыр өңірінде бұдан айналып өтуге болмайды.

Ал университет профессоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Ибадуллаева аграрлық сектор мен өнеркәсіп қалдығы – табиғатты ластаушы бірден-бір көз екенін айтты.

– Бұл ахуалды одан сайын асқындырып, ағзаның резервті мүмкіндігін төмендету арқылы өзгеріс факторларына бейімделуде қиындық туғызады. Тексеру қорытындысынан климаттық-географиялық, антропогенді факторлар жүрек-қан тамыры жүйесіне тікелей әсер ететінін, экологиялық дағдарыс аймағындағы, оның ішінде Аралға жақын жердегі тұрғындардың резервті әлеуетін азайтатынын көруге болады, – деді ғалым.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<