Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары

3874

0

Фото: swissinfo.ch

Әлемдегі теңіздердің көпшілігі өте күрделі экологиялық жағдайда тұр. Алайда олардың ішінде Арал теңізінің жай-күйі барынша мүшкіл. Экологиялық проблеманың себептері де белгілі. Осы орайда «Арал теңізін құтқаруға бола ма?» деген сауалға жауап іздеген ҚазАқпарат тілшісінің материалын оқыңыздар.

Апат хронологиясы

Сонау 1960 жылдары ауданы 70 мың шаршы шақырымға жуықтаған Арал көлемі жағынан әлемдегі 4-ші көл (Каспий теңізі, Солтүстік Америкадағы Жоғарғы көл және Африкадағы Виктория көлінен кейін – ред.) саналған еді. Теңізге Сырдария мен Әмудария өзендері келіп құйылатын. Қазақстан мен Өзбекстан аралығындағы ағынсыз тұзды су қоймасы кезінде ұзынынан 430 шақырым, енінен 234 шақырым аумақта толқып жатты. Теңізде балықтың 34 түрі тіршілік етіп, 24-і ауланатын. Қазақстандық та, өзбекстандық та жағалауда бірнеше балық зауыты мен кеме кәсіпорындары жұмыс істеді.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: wikipedia.org

Кеңес заманында егістік алқаптары үшін суды тиімсіз пайдалану өңірдің гидрологиялық жүйесінде теңдікті жойып, Аралдың құрғауына алып келді. Тек 1980 жылдың басында ғана КСРО-да Аралмаңы тұрғындарына көмек көрсетуге бағытталған бірінші бағдарлама пайда болды. Алайда, теңіздің өзін құтқаруға қатысты іс-шаралар талқыланған емес. Сонымен қатар Сібір өзендерін бұруға қатысты өршіл жоба одақ күйрегеннен кейін ұмыт болды. 1989 жылы Арал екі су қоймасына бөлінді: Кіші Арал (Қазақстан аумағында) және оңтүстік Үлкен Арал (Өзбекстан аумағында). 2002 жылы Үлкен теңіз тартылып, шығыс және батыс болып бөлінді. Ал 2014 жылы шығыс теңіз толығымен буланып, Жер бетінен жоғалды.

Экологиялық салдары

Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым Арал теңізінің құрғап қалуын ХХ ғасырдағы ең ірі антропогендік экологиялық дағдарыстардың бірі деп атайды. Теңіздің жоғалуы Аралмаңының өсімдік, жануарлар дүниесіне, ландшафты мен климатына жүйелі түрде теріс әсерін тигізді. Теңізден 100 шақырымдық радиус аумақта жазда бұрынғыдан гөрі қатты ыстық әрі құрғақ, ал қыста өте суық әрі ұзақ болады. Жауын-шашынның түсуі де бірнеше есе қысқарды. Жан-жануарлардың 173 түрінің не бәрі 38-і қалды.

Ихтиофаунаға да зор зиян келіп, теңіздің аумағы қысқарды және судың тұздылығының артуы салдарынан барлық дерлік төлтүр жоғалды. Балық түрі 20 есеге қысқарып, Үлкен Аралда балық мүлдем қалмады.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: latifundist.com

Теңіздің кеуіп қалған бөлігінде су айдынының орнына 5,5 млн гектарды алып жатқан Аралқұм құмды-тұзды шөл пайда болды. Дәл осы жерден жыл сайын мақта алқаптарын суғару барысында қолданылған және теңізге өзендер немесе жерасты ағындар арқылы сумен теңізге құйылған пестицидтер мен химикаттар қоспасы бар 75 млн тоннадан астам құм ауаға көтеріледі. Шаң шлейфінің ұзындығы 600 шақырымға, ал тозаңның жоғары көтерілуі 4 шақырымға дейін жетеді. Арал өңірінің улы тұзы Антарктидадағы пингвиндердің қанынан, Норвегия ормандарынан, Гренландия, Тянь-Шань мен Памир мұздықтарынан табылған. Жаһандық климаттың өзгеруінен онсыз да еріп жатқан мұздықтар ластану салдарынан жылдам ери бастады. Тозаң бораны адамдардың денсаулығына тікелей әсер ететін теріс экологиялық фактор саналады. Аралмаңы тұрғындарының арасында көз, тыныс алу жүйесі аурулары, қан аздық, қант диабеті, тыныс алу және онкологиялық аурулар өршіп тұр.

Орталық Азиядағы су ынтымақтастығының тәжірибесі

Сарапшылардың пайымынша, ендігі уақытта Арал теңізін толықтай қалпына келтіру мүмкін емес. Маңызды міндет – өткір экологиялық дағдарыстың қырғын әсерін қысқарту. Орталық Азия елдерінің басшылары өздерінің мүмкіндігіне қарай Арал мен Аралмаңын құтқаруға жәрдемін тигізуге тырысып келеді.

Ортаазиялық өңірінде Аралды құтқару халықаралық қоры сынды үйлестіруші органның болу қажетілігі мен маңыздылығын уақыттың өзі көрсетіп берді. Халықаралық қор 1993 жылдың 4 қаңтарында 5 мемлекеттің, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының шешімімен құрылған еді.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: carawan-net.org

Аралды құтқару халықаралық қоры өңірдегі сапалы жаңа мемлекетаралық қарым-қатынасқа, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, су шаруашылығының күрделі мәселелерін жанжалсыз шешуге септігін тигізді. Қор және оның ұйымы елдер, донор және халықаралық ұйымдар арасындағы келіссөздер процесі үшін платформаға айналды. Су бөлу, өңірдің су ресурстарын бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау салаларындағы ынтымақтастық туралы бірқатар шарттар мен келісімдер қабылданды. Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-әрекеттің бірнеше бағдарламасы жүзеге асырылды. 2008 жылдың желтоқсан айында Аралды құтқару халықаралық қоры Біріккен Ұлттар Ұйымында байқаушы мәртебесін алды.

Кіші Арал теңізін қалпына келтірудің қазақстандық тәжірибесі

Қазақстан іс жүзіндегі алғашқы қадамды 90-шы жылдардың басында жасады. Ең алдымен, Аралдың солтүстік бөлігін оңтүстіктен бөліп алу қажет болды. Бұл Кіші Аралдың деңгейін қалпына келтіруді бастауға мүмкіндік берер еді. Өйткені, сол уақытта Аралдың су деңгейі Балтық теңізі деңгейінен 40 метрге төмендеп кеткен еді. Құмнан бөгет тұрғызу жұмысы 1992 жылы басталғанымен келесі жылы оны су шайып кетті. 1997 жылғы ұмтылыс та сәтсіздікке ұшырады.

Бұл уақытта теңіз жағдайы одан ары мүшкілдене түсіп, 2003 жылы Арал деңгейі «Балтық шкаласынан» тағы 30 метрге құлдырады. Сол жылы Қазақстан «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» атты өте ауқымды кешенді жобаны жүзеге асыруға кірісті. Дүниежүзілік банктің 64,5 млн доллар кредиттік көмегі мен Қазақстан бюджетінен 21,29 млн доллар бөліп, Ақлақ су торабы салынды. Соның арқасында Сырдария суы Үлкен Сарышығанақ шығанағына, Айтек су құрылысы кешеніне, Сырдарияның қорғаныс бөгетіне құйыла бастады.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: zooclub.ru

Басты қорытындысы 2005 жылы Көкарал бөгетін салу және теңіздің солтүстік бөлігі – Кіші Аралды қалпына келтіру болды. Мұның үстіне Арал мамандарды да таң қалдырып отыр. Өйткені, болжамға сәйкес, теңіз суының қажетті деңгейі 2010 жылы жиналуы тиіс болатын. Бірақ, 2007 жылы-ақ су деңгейі болжамды көрсеткішке жетіп, тұздылығы да төмендеді. Нақтырақ айтқанда, су тұздылығы 2008 жылы 23 промилледен 17-ге дейін, ал бүгінде 10-ға дейін төмендеп отыр. Бұған қоса теңіз ауданы 3 100 шаршы шақырыма дейін, су қоры 2,5 есе – 27 текше шақырымға дейін ұлғайды. Балық түрлерінің популяциясы да жылдам өсіп, тіпті балық аулау кәсібі қайта жанданды.

Арал теңізін құтқарудың бірінші кезеңі жағдайды тек тұрақтандырып қана қоймай, оң нәтижеге де бастама болды. Келесі маңызды кезең Көксарай бөгетін 6 метрге ұлғайту болмақ. Бұл Солтүстік Аралдың су деңгейін 48 метрге дейін көтеруге мүмкіндік береді және ол 1960 жылғы деңгейден не бәрі 5 метрге төмен болады. Сонымен қатар теңіз ауданы тағы да 4 600 шаршы шақырымға, су көлемі 59 текше шақырымға артады.

2021 жылы «Арал теңізінің құрғап қалған табанын көгалдандыру» жобасы басталды. 2023 жылға қарай Арал табанының қазақстандық бөлігінде 300 мыңнан астам алқапқа сексеул отырғызылды. Таяу 5 жылдың ішінде 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысында ормандарды молықтыру және ағаш отырғызу көлемін арттыру кешенді жоспары аясында Арал теңізінің табанына тағы 177,5 млн сексеул көшетін отырғызу жоспарланған. Осы жоспарға сәйкес, Қызылорда облысында тағы 400 мың гектардан астам жерде сексеул орманы пайда болады. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін облыстық және республикалық бюджеттерден 1,9 млрд теңге бөлінеді.

Ғалымдардың есептеуінше, 1 гектар аумақтағы төрт жылдық сексеул жыл сайын 1 158,2 келі көмірқышқыл газын сіңіріп, 835,4 келі оттегі бөледі және 800 тоннадан астам құмды ұстап қалады.

Қазақстанда су ресурстарын кешенді пайдалану ұлттық бағдарламасы аясында экология және әлеуметтік-экономикалық бағытта 550,95 млн долларға 142 жоба жүзеге асырылды. Негізгі күш-жгер Аралмаңы тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталды.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: musorniy.ru

Бүгінде Кіші Арал қалпына келді. Әрине, осыдан 50 жыл бұрынғыдай емес. Дегенмен, дәл бүгінде қайта жасалып жатқан шаруалар таяу уақытта Аралдың қайта өрлейтініне деген сенімді нығайта түседі.

Өзбекстанның экожүйені қалпына келтіру тәжірибесі

Өзбекстан Үкіметі ұлттық деңгейде Арал және Аралмаңының проблемасына ерекше назар аударып отыр. 2017 жылы ауыл шаруашылығының дамуы мен адамдардың өмірі үшін Арал теңізі кебуінің теріс салдарын жеңілдету жөніндегі жүйелі іс-шараларды көздейтін 2017-2021 жылдарға арналған өңірді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Сол жылы Аралмаңы өңірін дамыту қоры құрылды.

2020-2023 жылдарға арналған Қарақалпақстанды кешенді әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасы аясында 1359 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оның шамамен 750-і жүзеге асырылды. 4,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 2018 жылы БҰҰ қамқорлығымен Аралмаңы үшін адами қауіпсіздік жөніндегі көпсеріктестікті сенімгерлік қоры құрылды. Сенімгерлік қор аясында тікелей түсім және параллель қаржыландыру түрінде 230 млн доллардан астам қаражат тартылды. Мұнан бөлек, Аралмаңы өңіріндегі балама энергетиканы дамыту іс-шаралары қабылданып жатыр.

2018 жылы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен «Аралды құтқарамыз» үкіметтік бағдарламасы іске қосылды. Осы уақытқа дейін елдің Төтенше және Ауыл шаруашылығы министрліктері Аралдың құрғап қалған табанына сексеул, жыңғыл және өзге де шөлде өсетін өсімдіктерден 1,62 млн гектар орман жасады.

2023 жылдың ішінде тағы 100 мың гектарға орман отырғызу жоспарланып отыр. Өзбекстандық мамандардың бағалауынша, 12 жылға дейінгі мерзімде жасыл белдеу отырғыу жобасы сәтті дамыған жағдайда Аралмаңының экололгиялық ахуалы айтарлықтай жақсара түсуі тиіс.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: musorniy.ru

2021 жылдың 18 мамырында БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясының жалпы отырысы барысында Өзбекстан басшысының ұсынысымен Аралмаңы өңірін экологиялық инновациялар және технологиялар аймағы деп жариялау туралы арнаулы қарар қабылдауға бірауыздан дауыс берілді. Қарарда Арал теңізі дағдарысы салдарын еңсеру және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруда өңірлік ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығы атап өтіледі.

Осыдан біраз уақыт бұрын көптеген сарапшы Арал теңізі мәңгілікке жоғалды деп санап келген еді. Дегенмен, солтүстік Кіші Аралды қалпына келтірудегі жетістіктер, осынау су қоймасы көлемінің біршама ұлғаюы оның алдағы уақытта экологиялық және экономикалық жемісті аймаққа айнала алатындығын көрсетеді.

Арал теңізі: Экологиялық апат және оны шешу жолдары
Фото: liter.kz

Арал теңізінің тарихы қазіргі заманғы технологиялық қоғам табиғат әлемін құртып жіберуге қабілетті екендігінің ғана айқын үлгісі емес. Сонымен бірге ол адамның қоршаған ортаны қалпына келтіру ісіндегі зор мүмкіндіктерін де паш етеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<