Арал ауданында екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңістің рухы биік, даңқы мәңгі» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Бұл күні З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің залы көрерменге лық толды.
Жыр додасына ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Негимов, ақын әрі журналист, «Түркістан» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Кешті белгілі айтыскер, «Серпер» сыйлығының иегері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрмат Мансұр жүргізді. Кіл жүйріктің көшін үш дүркін «Алтын домбыра» жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Мұхтар Ниязов, «Алтын домбыра» иегері, «Асыл домбыра» жобасының жеңімпазы Жансая Мусина бастап келді. Ақындар соғыс салған лаң, аралдықтардың жеңісті жақындатуға қосқан үлесі және Аралдың өткені мен бүгіні тақырыптарын жырға қосты. Айта кетейік, сол сұрапылда жат жерде сүйегі қалған қаншама қандастардың ішінде 6 мыңнан астам аралдықтың болғанын тарих айғақтайды.
Тартысқа толы айтыс аламанының қорытындысымен бас жүлдені Б.Орынбасаров еншілесе, бірінші орынды М.Ниязов қанжығаға байлады. Екінші орынды қырғыз ақыны Э.Кийизбаев пен оралдық Ж.Мусина алды. Ал үшінші орынға жамбылдық А.Қасымбекова, Алматыдан келген Н.Қару мен қазалылық жас ақын Б.Серіков жайғасты. Айтыс аламанында жүлдегер атанған ақындарға демеуші, кәсіпкер азаматтардың есебінен қаржылай қомақты жүлде тағайындады. Бұдан бөлек додаға қатысқан барлық ақынға қаржылай ынталандыру сыйлықтары, алғыс хаттар табысталды.
Көпшіліктің делебесін қоздырып, көңіл сарайын жырға бөлеген айтыс қорытындысын аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев түйіндеді. Жырға сусаған ағайынға рухани демалыс сыйлаған барша ақындарға алғыс білдіріп, тартысты додаға төрелік еткен азаматтардың еңбегін айрықша атап өтті. Айтыс аламанының маңызын салмақтаған аудан басшысы қасиетті мекенге табан тіреген қонақтарға аралдық ағайынның атынан құрмет білдірді.
«СБ» ақпарат






