Кеше «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің қатысуымен облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті IX конференциясы өтті.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер ұйымының мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Жиында Мейрамбек Зинабдинұлы ардагерлердің ақыл-парасаты мен өмірлік тәжірибесі өңірдегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауда маңызды фактор екенін айтып, аға буынға жасалған қамқорлық пен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерілген мәселелерді саралады.
– Бірнеше күн бұрын төл тарихымызда айрықша орын алатын Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Алқалы жиынның Сыр өңірінде табысты және мазмұнды өтуі – баршамыз үшін үлкен мәртебе. Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы өңіріміздегі ауқымды істерге арнайы тоқталып, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі бастамаларға оң бағасын берді.
«Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі» деп аймақ басшысының еңбегін ерекше атап өтті.
Бұл – соңғы жылдары аймақ басшысының тікелей үйлестіруімен Сыр өңірінде жүзеге асқан кешенді жұмыстардың нәтижесіне берілген нақты баға, аймақтың даму әлеуетіне деген зор сенімнің көрінісі. Ең алдымен, еңбекқор және бірлігі бекем Сыр өңірің елдік мүддені бәрінен биік қоя отырып, аймақтың дамуы мен келешегі үшін жауапкершілікті терең сезінген әрбір азаматтың еселі еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
Берекелі бірлік пен ортақ жауапкершілікті ерекше нығайтуда ардагерлер қауымының үлесі зор. Бүгінде ардагерлер кеңесі – бір ғана қоғамдық ұйымның емес, тұтас өңірдің рухани ахуалын айқындайтын маңызды институт.
Сіздер ел басынан өткен қилы кезеңдерді көріп, тәуелсіздіктің тұғырын бірге бекемдеген аға буынсыздар. Бүгінгі бейбіт өмір мен тұрақты қоғам – сол жылдардағы табандылық пен төзімнің, қажырлы және адал еңбектің нәтижесі. Сондықтан ардагерлердің пікірі қашанда салмақты, қарттарымыздың сөзі өмірлік тәжірибеге негізделеді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің қызметі қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосуда, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
– Өңірімізде қазыналы қарияларды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Кейінгі үш жылда мемлекет тарапынан жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге, оларға теңестірілген ардагерлер мен тыл ардагерлеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Өткен жылы 1700-ге жуық ардагерге барлығы 322 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілді.
Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарт пен мүгедек, аз қамтылған отбасылар түскі аспен қамтамасыз етіледі.
Өткен жылы меценат, жанашыр азаматтардың демеушілігімен 130-дан астам ардагер «Мерке», «Сарыағаш», «Манкент», «Жаңақорған» шипажайларында кешенді сауықтыру қызметін алды.
Жыл сайын 2 мыңнан аса егде жастағы азамат шипажай қызметіне ұқсас арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылады.
Биыл арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыруға бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Кешенді жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің өткен кезеңде атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы уақытқа арналған басым бағыттар айқындалды. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, қоғамдық бастамаларға белсенді араласу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы кеңес төрағасы Серік Дүйсенбаев баяндады.
– Облыстық ардагерлер ұйымы 2 қалалық және 7 аудандық ұйымға біріккен. Сондай-ақ қала мен аудандық кеңестердің атқарған жұмыстары облыстық кеңестің алқа отырыстарында қаралып, жан-жақты талқыланып, өзекті мәселелерін шешуге қолдау көрсетіледі. 2021-2025 жылдар аралығында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізілді, 1 конференция, 6 пленум және 24 алқа отырысы өткізілді. Қазіргі таңда облыста 88 мыңға жуық ардагер бар. Аймақ басшысы әрбір ардагерді қоғам өмірінен тыс қалдырмай, іс-шараларға белсене араласуына жағдай жасап келеді.
Зейнеткерлерді бастауыш ұйымдарға тартып, тіркеп, ардагерлер қатарына топтастыру мен бірлігін сақтау, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру, олардың белсенділігін арттыру – ардагерлер ұйымдарының міндеті. Дегенмен, мәліметті зерделей келе, Байқоңыр қаласында зейнеткерлердің ұйымға есепке тұруы 5,7% ғана, Қызылорда қаласында 59,7%, ал аудандар арасында Сырдарияда 71,2% болып отыр. Бұл – облыстағы төменгі көрсеткіш. Байқоңыр, Қызылорда қалалық және Сырдария аудандық ардагерлер ұйымдарына бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет, – деп атап өтті Серік Дүйсенбаев.
Шарада облыстық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының есебі де тыңдалды.
Сонымен қатар Сыр өңіріндегі Ұлттық құрылтайдың V отырысының маңызы атап өтіліп, алқалы жиын ел бірлігін күшейтіп, қоғамның ортақ жауапкершілігін арттырған маңызды қоғамдық-саяси оқиға ретінде бағаланды. Мемлекет басшысы тарапынан өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға берілген оң баға конференция барысында кеңінен айтылды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





