Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкірді 85 жасқа, Денсаулық сақтау саласының үздігі Абдулла Шүленбаевты 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
«Сыр өңірінде адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген аға буын өкілдеріне лайықты құрмет көрсету дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс» деген болатын.
Үлкендеріміз еңсесі биік ел іргесінің сөгілмеуін, келешек ұрпақ жолының ашық болуын тілеп, тұтас қауымды әрқашан бірлікке үндеп келеді. Бүгінгі жиынымыз адал еңбегімен халықтың ыстық ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы бола білген ардақты ағаларымыздың құрметіне арналады.

Сыр жұртшылығы аймақтың дамуына зор үлес қосқан, елдің ыстық ілтипатына бөленген өздеріңіздей жерлестерімен мақтанады. Тілеулес азаматтардың, ақадал ниетті жерлестеріңіздің атынан бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен тағы да құттықтап, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық тілейміз! Ұрпақтарыңыздың қызығын көре беріңіздер! Тойларыңыз тойға ұласа бергей!»,– деді Н.Нәлібаев.
Әбдіжәлел Қошқарұлы 1940 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының филология факультетінде білім алған. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, әр жылдары Қызылорда қалалық комсомол комитетінде, комсомол, партия органдарында, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында, Қазақ гуманитарлық заң университетінде жауапты қызметтер атқарған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты кезінде өзекті мәселелерді көтеріп, еліміздегі «Бұқаралық ақпарат құралдары», «Жарнама туралы», «Тіл туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдардың қабылдануына атсалысты. Алаш қозғалысын зерттеп, 10 монография, 2 оқулық, 200-ден астам ғылыми мақала жазған. Ерен еңбегімен саяси ғылымдар докторы, профессор ғылыми атақтарын, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін иеленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қызылорда қаласының құрметті азаматы атанды.
Абдулла Сыздықұлы 1950 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1973 жылы облыстық ауруханада қатардағы дәрігерден бастап, бөлім меңгерушісі, директор қызметтерін атқарған. Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін Сыр медицинасының қарашаңырағы көпбейінді облыстық ауруханада қызметін жалғастырып, жас мамандарға хиругия саласының қыр-сырын үйретумен айналысып келеді. Жарты ғасырдан астам еңбек жолында 15 мыңнан астам ота жасап, мыңдаған адамның өміріне араша болған. Қазіргі таңда еңбек жолын хирург-кеңесші ретінде жалғастыруда. Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Құрмет» орденімен, «Шапағат» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қызылорда облысының құрметті азаматы.
Басқосуда мерейтой иелеріне облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай шапан жабылды.
Мерекелік жиында Қызылорда облысының құрметті азаматтары Тұрғанбай Маханов, Ибрагим Әбибуллаев, Шахизат Төребаев мерейтой иелерінің еңбек жолына тоқталып, құттықтау лебіздерін жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<