ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Сыр өңірі – ұлттық тарихтың алтын көмбесі екенін айтты.
– Кейде асау мінезімен арқырай, кейде момақан қалпына түсетін қасиетті Сырдария суындай сырғыған уақыт тезі мен сынының қилы-қилы кезеңдерінде аты мен атауы өзгергенмен, заты өзгермеген бір төбе ескерткіш бар. Ол – осы отырған сіз бен біздің Қызылордамыз, алтын ордамыз, талбесігіміз, – деді сенатор өз құттықтауында.
Сенатор екі ғасырдың куәгері, Қоқан хандығы кезеңінде қорған болып негізі қаланған әуелгі Ақмешітте, Орынбор генерал губернаторы Перовскийдің қол астындағы Перовскте, өткен ғасырдың 1925-1929 жылдары астана болған Қызылордадағы тарихи оқиғалардың маңызына тоқталды. Сұлу Сырдың жағасында жарасым тауып, көз алдымызда күн сайын көркейіп келе жатқан Қызылорданың жаңа жылнамасын өзіміз жазып, әр тасын өзіміз қалап жатқанымызға шүкіршілік етуіміз керек. Бұл – Тәуелсіздіктің арқасы, бүгінгі ұрпаққа ұсынған сыйы. Енді сол сый мен сыбаға кейінгі ұрпаққа бұйырғай.
Қызылорда өзінің екіғасырлық тарихының 4 жылында Қазақстанның астанасы мәртебесіне ие болғанын мақтан тұтамыз. Бүгінде 20 жылдығын атап өткелі отырған Астана қаласында ғасырлар тоғысындағы аумалы-төкпелі кезеңде барша қазақ баласының басы қосылып, тағдыршешті шешімдер қабылданды. Ел астанасын Есілдің бойына қондырған Елбасының «Астана – ұлт келбеті» деген бір ауыз сөзінде біздің өткеніміздің сыры да, болашағымыздың танымы да жатыр. Бүгінгі Астана – біздің халқымызды тарих сахнасынан жойылып кетуінен сақтап қалар ұлы қорғанымыз, Мәңгілік Елдің бас қаласы.
Конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов басқосуды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Мерейтойлық шаралардың Қызылордадан бастау алуы заңдылық іспетті. Өйткені бұл жерде ежелгі астаналардың, оғыздардың, Қазақ хандығының ордалары тігілген. Бұл жерде Қазақ Кеңестік Республикасының астанасы болды, халқының бірлігі мен болашағын ойлаған ұлы тұлғалар өмір сүріп, еліне қызмет етті.
Профессор Қызылордадағы «Рухани жаңғыру» орталығын ұйымдастыру жұмысына жоғары баға беріп, мұндай шаралар республиканың басқа аймақтарында әлі күнге дейін өз дәрежесінде қолға алынбағанын айтты.
– Мен «Рухани жаңғыру» орталығын ұйымдастыру ісінде Қызылорда барлық өңірлерге үлгі болады деп айтар едім. Басқа облыстар Сыр өңірімен тәжірибе алмасуына әбден болады, – деді ол.
З.Қабылдинов 20 жылда Астананың еларалық ынтымаққа кепіл болып келе жатқан жетістіктерін атап айтты. Бүкіләлемдік сұхбат алаңына айналған Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, ОБСЕ саммиті, Ислам конференциясы ұйымының отырысы, Астана экономикалық форумы, «Ядролық қарусыз әлем» форумы, посткеңестік елдердің ішінде бірінші болып ЕХРО көрмесі өтті. Елордада халықаралық Түркі академиясы жұмыс істейді. Мұнда дүниежүзіне тарыдай шашылған қазақтардың басын қосқан құрылтай өтті.
– Облыс әкімдігі мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты меморандумға отырып, өңірдің 3 томдық тарихын ғылыми тұрғыда зерделеуді ұсынамын. Қызылорда облысының ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихын жаңа методологиямен жазып шықсақ деймін. Біздің институтқа 2014 жылдан бастап магистр мен PhD доктор қабылдануда. Квота жылдан жылға көбейіп келеді. Жергілікті университеттердегі бакалавриат, магистратура бітірген, еңбек өтілі бар, шетел тілін білетін тарихшы-зерттеушілерді жіберулеріңізге болады, – деді профессор.
– Тарих және этнология институтымен меморандум жасауға біз мүдделіміз. Біз алға қадам басу үшін тарихымызды білуіміз керек. Зерттеушілерді дайындау туралы ұсыныс та орынды. Бұл ретте біздің мол тәжірибеміз бар, – деді Қырымбек Елеуұлы ғалым ұсынысына орай.
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, профессор Хангелді Әбжанов киелі географиялық нысандардың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Ғалым Қазығұрттың басында қалған Нұх пайғамбардың кемесінен бастап Астанадағы Ақордаға дейінгі аралықты қамтитын нысандарсакральды география мұрасы екенін айтты. Сакральды география кеңестік дәуірде зерттеуге тыйым салынған тақырып еді. Сондықтан киелі жерлердің біртұтас желісі бұрын-соңды жасалмады. Сакральды географияның хронологиялық, мазмұндық, дүниетанымдық, тұлғалық қырлары сан салалы.
Профессор Сыр өңіріндегі киелі орындардың ерекшеліктеріне тоқталып, сакральды географияның тарихи-мәдени ескерткіштерден өзгешелейтін тұстарын атады. Халқымыздың сөздік қорындағы «әулие», «киелі», «қасиетті» сөздерінің түп-тамырына талдау жасады.
– Сакральды Қазақстанды әлемдік, еуропалық, ұлттық ерекшеліктермен ашудың теориялық, методологиялық негіздерін тиянақтамай жатып, бірі жамау, бірі құрау кітап, оқулық шығару, фильмдер, роликтер жасау – асыққанның ісі. Бабалар мұрасымен қайта табысу басталғанда ақиқаттан қылдай ауытқымау керек, – деді ол.
Конференцияда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Амантай Шәріп Алаш қайраткерлерінің өміріндегі Ақмешіт-Қызылорда кезеңі туралы баяндама жасады.
Қызылорда қаласына астананың көшін бастап келген Сұлтанбек Қожанұлы өз дәуірінде «Теріс түстікте Ақмоланы қазақ қонысы қылып сақтап, қала салып, сол ауданды қырғыз-қазақ мемлекеті қылсақ Қазақстанға аздық қылмайды» деп бүгінгі жайды болжап кеткен.
– ХІХ ғасырда Қазақ хандығының билік жүйесі жойылған соң астана деген ұғым да жоғала бастады. Қазақтың даласы Ресей империясы белгілеген үш қаладан – Орынбордан, Омбыдан және Ташкенттен басқарылды. Ал ХХ ғасыр басында Алаш қозғалысы қайраткерлері егемендік, елдік туралы айтқанда астана мәселесі оның астарында тұрды, – деді ғалым.
Астананы Орынбордан көшіру туралы ұсыныс айтылғанда Алаш қайраткерлері Ташкентті қолай көрді. Ташкентті бермеген соң, қазақтың әр аймақтағы қалалар астанаға үміткер болды. Баяндамашы қаламыздың Перовсктен Ақмешіт болып қайта аталуына Сұлтанбек Қожанұлының сіңірген еңбегін атап өтті.
– Астана не себепті Ақмешітке көшті? С.Қожановтың «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген мақаласында «киіз үйдің ішінде орналасса да, астана қалың қазақтың ортасында болуы керек» дейді. Қаланың орналасқан орны экономикалық жағынан өте тиімді деген. «Тағы бір артықшылығы – табиғи байлық төркіндеріне таяу тұрғандығы» деп жазады. Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетудегі мол мүмкіншілігін де атап көрсеткен, – деді А.Шәріп.
Оған қоса профессор кезінде астананы Ақмешітке көшірген еңбегі үшін Сұлтанбек Қожановқа көше аты берілгенін, алайда жаңа салынып жатқан сол жағалаудағы қалада есімін қайта жаңғырту туралы ұсынысын айтты.
Конференцияда Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің профессоры Бағдат Кәрібозұлы Сыр елі руханиятының тарихи бастаулары мен қалыптасу жолдары туралы ой өрбітті. Ал ЕҰУ профессоры Үрпаш Шалболова өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жасаған жан-жақты сараптамасын ұсынды. «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі Серікбай Қосан қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржандары – батырлар жырларында, лиро-эпостық жырларда кездесетін астана образының қандай ұғымдармен астасатынын талдап көрсетті.
Тарих пен болашақ бір-бірімен алтын тін арқылы байланысып жатады. Ертеңге еңсеміз биік болып ену үшін өткеннің тағылымын тану керек. Тарихи деректер мен ғалымдардың зерттеулері, пайымдары ұсынылған конференция осы ұлы мақсатқа өз үлесін қосты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<