Астана мен Алматыда бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды

263

0

Фото: ІІМ

Қазақстанның екі қаласында бет-әлпетті тану жүйесі жұмысын бастады. Бұл туралы ІІМ хабарлады.

Инновациялық жоба Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ынтымақтастығымен әзірленген.

«Ұлттық бейнемониторинг жүйесі жасанды интеллект технологияларының қолданылуымен іздеудегі адамдарды тануға, қоғамдық орындарда қалдырылған заттар туралы сигнал беруге, құқық бұзушылықтарды автоматты режимде тіркеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компьютерлік бағдарлама көлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіре алады. „Ақылды“ камералардың назарында теміржол вокзалдары, әуежайлар, қонақ үйлер, көшелер және сауда ойын-сауық орталықтары сияқты нысандар бар. Жүйе өз тиімділігін көрсетті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде елорданың қоғамдық орындарында жоғалған балаларды, сондай-ақ есепте тұрғандар мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды жедел табуға мүмкіндік туды. Бейне-талдау жүйесінің көмегімен Астанада іздеуде жүрген 46 құқық бұзушы жедел түрде анықталып ұсталды. Осыған ұқсас жұмыс Алматыда жүргізіліп жатыр. Онда осындай 30 адам анықталып құрықталды», — деді ІІМ.

 Енгізілген технологиялар — ақылды қалаларды құруға жасалған қадам. Олар қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, қылмысты азайтуға көмектеседі. Мұндай жүйелер Қытайда, Ресейде және Еуропа елдерінде белсенді қолданылады.

«Қазақстан үздік тәжірибелерді игеріп, осы әлемдік үрдістің бір бөлігіне айналуда. Алдағы уақытта камералар санын ұлғайта отырып, бейнемониторингті кеңейту жоспарланып отыр. Бұл кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда меншік түріне қарамастан елімізде 1 млн 359 мың бейнекамера бар, оның 310 мыңы жедел басқару орталықтары және полицияның кезекші бөлімдеріне шығарылған. Инновациялық жобалардың қылмысқа қарсы іс-қимылда және адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көмегі зор. Іске қосылған жүйелердің басты мақсаты — әрбір азаматтың заң мен тәртіп орнаған қоғамда өзін қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау», — делінген министрлік хабарламасында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<