Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен мәслихат депутаттарының форумы өтті

587

0

3 қазан, Астана қаласы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясы ұйымдастырған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысты.

Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар қатарында Парламент Сенаты мен Мәжіліс төрағалары, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары болды.

Қатысушылардың жалпы саны – 2500 адам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.


– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз, – деді Президент.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.

Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес.

Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті.


Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру – елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы. Оң өзгерістер қоғамның ертеңгі күнге деген үмітін оятып, халықты Мемлекет басшысы ұстанған реформалар төңірегінде топтастырды.

Қазақстандықтар таңдалған жолдың дұрыстығына көз жеткізіп, өткен конституциялық референдумда, Президент сайлауында толық сенім артты. Мәжіліс Төрағасы алдағы референдум қорытындысы қоғам сенімін одан әрі нығайта түсеріне сенім білдірді.

Ол азаматтардың үміті мен сенімі – Қазақстанның жарқын болашағының негізі, ал Президент бастамалары мен реформаларын табысты іске асыру – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз екенін айтты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және насихаттау үшін дәстүрлі ұлттық театр ашуды ұсынды.


Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогтың маңызына назар аударып, қоғамдық мәселелерді неғұрлым тиімді шешу үшін азаматтармен өзара байланысты нығайту қажет екенін атап өтті.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты әрі «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда қорғауға маңызын атап өтіп, зиянды өндіріс орындарының қызметкерлері үшін әлеуметтік төлем енгізудің өзектілігін және еңбек нарығына қажет кадр даярлау мәселесіндегі ірі кәсіпорындардың рөлін айтты.
Ядролық физик, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әсет Махамбетов АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаудың негізсіз екенін айтып, экономика мен өндірісті дамытудың жаһандық трендтерінен қалыс қалмау үшін Қазақстан әлемнің көптеген озық елдері сияқты атом энергетикасын дамытуы тиіс екенін жеткізді.
Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев тозығы жеткен инфрақұрылым мен көнерген ғимараттар сынды моноқалалардың өзекті мәселелеріне назар аударды. Ол Құлсарыда су қоймасын салу және аймақтағы өмір сүру жағдайын жақсарту, сондай-ақ су тасқынының алдын алу үшін ағынды суды тазарту қондырғыларын жаңарту қажет екенін атап өтті.
Форум жұмысы мәслихат депутаттарының Үкімет мүшелеріне өз сұрақ-сауалдарын жолдау мүмкіндігі берілген секцияларда жалғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<