Топ-баннер2

Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді

5

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталы­ғындағы жас аналар мен медицина қызмет­керлерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– Халқымызда «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген даналық сөз бар. Ананың ақ сүтімен дарыған мейірім мен мейман көңіл – ұлт рухының өзегі, елдіктің тірегі. Аяулы жанның жүрегінен бастау алған ізгілік қоғамды ізгілендіріп, адамзатты биік мұраттарға жетелейді.

Ана – тіршіліктің шуағы, өмірдің тұтқасы. Оның бір ауыз жылы сөзі – жанға дауа, жанары – балаға бағдар, алақаны тиген жерге береке қонады, батасы дарыған ұрпақтың бағы жанады.

Адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сондықтан да ананы ардақтау – адамдықтың асыл өлшемі, ананы құрметтеу – перзенттік парыз. Әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы болған ана­ларымызға құрметіміз қашанда шексіз!

Сіздер – мейірім мен махаббаттың, сабыр мен төзімнің символысыздар. Дүниеге сәби әкелу – үлкен ерлік, ұлы жауапкершілік. Сәбидің шат күлкісі мен алаңсыз балалығы – ең алдымен ананың ақ жүрегі мен адал еңбегінің жемісі. Сіздердің әрқайсы­ларыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сәбилеріңізге жарқын болашақ тілеймін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Басқосуда мереке қарсаңында сәбилі болған аналар мен медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапат­талды.

Бүгінде облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Сонымен қатар 45 млрд 800 млн теңгеге 200 төсек-орынға арналған жаңа перина­тал­дық орталықтың, 14 млрд 700 млн теңгеге 500 келушіге арналған емхананың және 9 млрд 800 млн теңгеге Титов кентінде ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың құрылыстары басталды.