АУДАНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

619

0

Сыр өңірі құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.  Облыс орталығын айтпағанда, барлық аудандарда жаңа нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуде. Соның бірі – Сырдария ауданындағы серпінді істер.
БАҚ өкілдерін аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асылбек Әбдуов Тереңөзек кентіндегі А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көппәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Құрылыс жұмыстарын «Дәнекер» ҚК» ЖШС жүргізуде. Көппәтерлі үйді қараша айында бітіру жоспарланған.  Бүгінде екінші қабаттың кірпішін қалау жұмыстары жүргізілуде. Алпыс адам жұмысқа тартылған, оның 13-і – кент тұрғыны. Инфрақұрылымдары толық дайын. Бұл үйден бірінші кезекте апаттық үйлерде тұрған азаматтар, ҰОС ардагерлері және кезектілігі бойынша тұрғындар баспана алады. Алдағы уақытта жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданнан үшқабатты 9 үй салу жоспарланған.
«Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында аудан орталығындағы Қалғандария каналы маңынан демалыс жағажайы ашылды. Жеке кәсіпкер «Эко құрылыс Проджект» ЖШС директоры Ғалымжан Қалдыбек осы арқылы 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде қайық, катамаран алынған, 7 сәкі қойылған. Жазғы уақытта демалатын мұндай орын аудан тұрғындары мен қонақтары үшін өте жайлы аймақ болмақ.
Соңғы үш жылда аудан бойынша 3 спорт кешені, 1 стадион пайдалануға берілді. Тіректі ауыл саналатын Ақжармада денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға облыстық бюджеттен 192,3 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда «Мұнай құрылыс» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Сәуір айында басталған құрылысқа 42 адам тартылған, оның 10-ы – ауыл тұрғыны. Құрылыстың 85 проценті аяқталып тұр. Спорт кешені шілде айында пайдалануға беріледі. Онда баскетбол, волейбол, футбол, қол добы, қазақ күресі, таеквондо үйірмелері жұмыс жасайды.
Сондай-ақ, Ақжарма ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауылдық дәрігерлік амбулатория салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Ахат+ГС» ЖШС жүргізуде. Мұнда науқастар мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы амбулаториялық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылады. Нысан шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарына 20-ға жуық ауыл тұрғыны тартылған.
Көпір салу – сауапты істердің ең үлкені. Көпір қажеттілігін, әсіресе судың жағасындағы ел біледі. Бесарық елді мекеніне кіреберіс жолдағы «Жаңадария» каналы арқылы өтетін көпірге өткен жылы облыстық бюджеттен 239,43 млн теңге бөлінген. Құрылысты «Стандарт ойл КЗО» ЖШС жүргізді. Ауыл тұрғыны Акбар Ақжігітов ел игілігіне көпір салып, сауапты іс жасаған азаматтарға алғысын жеткізді.
Баспасөз туры барысында біз осындай әлеуетті істердің куәсі болдық. Құрылыс – сәулет қана емес, елдің дәулеті. Ал дәулеті артқан ел алға адымдай беретіні айтпаса да түсінікті.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<