АУЫЛДАСТАР АТҚАРҒАН АУҚЫМДЫ ІС

487

0

Қазалы ауданының Кәукей ауылында осыдан жеті жыл бұрын, яғни 2011 жылы әр жылдары мектеп бітірген түлектердің бастамасымен  мешіт үйінің іргетасы қаланған еді.  Имандылық үйінің құрылысына  1957-1977 жылдар аралығында өмірге келген ауыл азаматтары  атсалысып, байыпты бастаманың жүзеге асуына біркісідей жұмылды. Бүгінде Жанқожа баба атындағы  бұл мешіт ел игілігіне қызмет етіп келеді. Содан бері жыл сайын «Кәукей күні» шарасы аталып өтеді.

Мешіт ашылғанда 1963 жылы туған ауыл азаматтары өздерінің 49 жас – мүшел жастарына орай ата-баба аруағына құран оқытқан болатын. Бұл бастама кейінгі буынның тарапынан жалғасын тауып, ауыл мешітінде имандылық тәрбие бағытындағы шаралар жиі өтіп тұрады.

Айта кетейік, осыған дейін 1963 жылғы түлектер атынан №225 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Серік Жұмабаев, спорт саласының маманы Әуесбай Теберік және кәсіпкер Марат Баймаханов сияқты азаматтар ауыл мектебі жанынан спорт секциясын және мектеп бітірушілер саябағын ашу жөнінде ұсыныстарын білдірген еді.  Ұсыныс облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау тауып, бүгінде спорт секциясы өз деңгейінде жұмыс жасап келеді. Қажетті жабдықтармен толық қамтылып, жасөспірімдердің жаттығуына бар жағдай жасалған.

– Таяуда әскерден оралмай қалған кластасымыз Бегайдар Қанатбаевтың атында грек-рим күресінен аудан жастары арасында ашық турнир ұйымдастырған едік. Сайыс өте тартысты өтті. Жасөспірімдердің шалт қимыл, шебер әдістерінен олардың арнайы жаттығып,  күрес тәсілін жетік үйренгені байқалып тұрды. Жеңімпаздар лайықты марапат иеленді. Аталған спорттық шараға 1963 жылғы түлектер атынан табысталған жүлде қоры 200 мың теңгені құрады. Ең бастысы, спортқа қабілетті балалардың талабы шыңдалып, талпынысы артты. Біз осыған қуандық. Осы орайда ұсынысымызға қолдау көрсетіп, мәселені дер кезінде шешіп берген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовке алғысымызды білдіреміз, – дейді спорт саласының маманы Әуесбай Теберік бізбен әңгімесінде.

Айта кетейік, биыл «Кәукей күні» ораза айына тұспа-тұс келді. Ауыл мешітіндегі ауызашар шарасынан бастау алып, одан әрі грек-рим күресі және  «Кәукей барысы» спорттық сайыстары жоғары деңгейде өтті. Айталық,  грек-рим күресінен 25-45 келі аралығындағы салмақ деңгейінде Жолдасбай Ертуған, Абайұлы Айтуған, Өмірзақ Айтжан, Жәйлібек Дінислам, Ғабидулла Ұлан сияқты спортшылар І орыннан көрінді. Ал он екі палуан күш сынасқан «Кәукей барысы» сайысында облыстық спорт мектебінен шыңдалып шыққан спортшы Әбілмәжан Дархан жеңімпаз атанды. 

Ауылдық клубта ұйымдастырылған айтыста ауылдың бүгіні мен ертеңі жайлы өзекті тақырыптар ортаға салынды. Мұнда бас жүлдені Майдакөл ауылынан Бекзат Әбдіхан мен Бекзат Серіков иеленді. Осылайша ауыл ішін дүбірлеткен думанды шара көпшіліктің көңілінде әдемі әсер қалдырды. Алдағы уақытта да көңіл түкпіріндегі көптеген ойларды осылайша іс жүзіне асырудан ауыл тұрғындары аянып қалмасы анық.

Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.                                      

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<