Ауыз сумен қамту: өңір өзгелерден озық тұр

595

0

Ауыз сумен қамту:  өңір өзгелерден озық тұр Қызылорда облысы ауыз сумен қамтамасыз етудің бірыңғай операторы құрылған алғашқы аймақ саналады. Сондай-ақ, елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша республикада Алматы облысынан кейін екінші орында тұр деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары болып тұрған Алматы және Қызылорда облысы әкімдіктерінің тәжірибесін атап өтті.

– Ауыз сумен қамтамасыз етуде жоғары нәтиже көрсеткен әкімдіктердің жұмысын атап өткен жөн. Бұл бағытта Алматы облысы – 89, Қызылорда облысы 83 процент көрсеткішке қол жеткізді, – деді А.Мамин.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаинның айтуынша, аймақта тұрғындарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс бар.

– 2017 жылдың маусым айына дейін облыста оқшау ауыз су жүйесін пайдаланатын 10 мекеме жұмыс істеді. Алайда бұл мекемелер тұтынушыларды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ете алмады. Жергілікті жерде кәсіби мамандардың тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі, арнайы техникаларының болмауы, төмен және әртүрлі тариф жұмыс жүйесіне әсер етті. Сондықтан «ҚазСуШар» мекемесі «Арал» филиалының материалдық-техникалық әлеуетін пайдалану үшін, аудандардағы локалды су беруші мекемелерді филиал теңгеріміне беріп, республикада алғаш болып өңірде бірыңғай оператор құрылды, – деді М.Усаин.

Бірыңғай оператор құру нәтижесінде бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мәселен, тәулік бойы су алатын ауылдық елді мекендер саны 88-ден 145-ке дейін көбейді, оқшау (локалды) су пайдаланушыларға бірыңғай тариф бекітілді (386,95 теңге/м3), саланың материалдық-техникалық базасы жақсарды, бастысы, тұтынушылардан түсетін арыз-шағым азайды.

– Бүгінгі күнге облыста 235 елді мекен бар. Оның ішінде үшеуі қала (Қызылорда, Арал, Қазалы), ал 232-сі ауылдық елді мекен. Қалалық халықтың 98 проценті орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ауылдық елді мекендердің 83 проценті топтық су құбырлары және су тарату жүйесі бар скважиналар арқылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 427,8 мың адамды немесе ауылдағы халықтың 97 процентін қамтиды. Сонымен қатар, 39 елді мекен немесе 16,8% орталықтандырылмаған жүйеден (оқшау скважиналар, құдықтар, тасымал арқылы) су тұтынуда. Бұл негізінен халқы аз ауылдар және онда су жүйесін салу экономикалық тұрғыдан тиімсіз, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Айта кетейік, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған Кешенді жос­пары бекітілді. Кешенді жоспарға әлеуметтік маңызы бар жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұрудың 14 жобасы енгізілді. Осы жобалар іске асқан кезде 111 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады (2019 жылы 3 жоба – 8 мың адам; 2020 жылы 4 жоба – 2 мың адам; 2022 жылы 5 жоба – 101 мың адам).

«СБ ақпарат».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<