Австриялық эмигранттардың коммунасы

457

0

Архив қорындағы құжаттарды парақтай отырып Қызылорда астана болған жылдары Сыр бойына сонау Еуропадан келген австриялық эмигранттардың «Ульфельд» ауылшаруашылық коммунасының жұмыс істегенін айтуға болады.

1925 жылдың аяғына қарай КСРО аумағында эмиграциялық коммуналар ұйымдастырылған. Солардың алғашқысы – австриялық «Ульфельд» коммунасы. 1925 жылы 16 желтоқсанда КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесі жанындағы тұрақты эмиграция комиссиясы бекіткен Қызылорда жергілікті шаруашылық бөлімі мен австриялық «Ульфельд» коммунасы қала маңынан жалға жер беру туралы келісім-шартқа қол қойған. Содан кейін шетелдіктерге келісім-шартпен Қызылорда қаласының шекарасындағы «Сабалақтан» 2500 сотық жер бөлу көрсетілген. Жерді жалға алғандар бау-бақша, дәнді дақыл мен селекциялық тұқымдар өсіру, жеміс ағаштарын отырғызу құ­қына ие болған. Сондай-ақ сол жерден өздерінің тұрмыс-тір­шілі­гіне қажетті электростанция, диір­мен, май айырғыш және тағы басқа да кәсіпорындар салуға мүмкіндік алып, оны іске асырған.

1926 жылғы 1 сәуірде 226 ада­мымен австриялық коммуна Қы­зылордаға ауысқан. Осы жылдың 31 наурызындағы Қызылорда ком­муналдық шаруашылық бөліміндегі мәжілісте тұқым алу мен мелиорация жұмыстарына орай «Ульфельд» коммунасына несие беру туралы қаулы қабылданған. Ал 15 маусымда коммуналар 6 шақы­рым­дық канал қазып, оған су тартатын мотор орнатқан, 210 деся­тин жерге көкөніс, 68 десятин жер­ге тары мен жоңышқа егіп, 6 барак тәріздес тұрғын үй, азық-түлік сақтайтын қойма, асхана, нан пісіретін, кір жуатын, киім-кешек тігетін және аяқ киім жөндейтін шеберханалар салынған. Коммунаға республикалық және қалалық мекемелер мен ұйымдар жан-жақты көмек көрсеткен. Қазақ ауыл шаруашылығы банкі коммунаға 30 мың сом, Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі бірнеше ондаған тонна құрылыс  материалдарын және 200 мың кірпішті несиеге берген. Нәтижесінде коммуна көптеген жетістікке қол жеткізген.

1926 жылдың күзінде Австрия­дан коммунада жұмыс істеуге ниет еткен 148 адам келген. 17 шіл­де­де Қызылорда уездік-қалалық ат­қа­ру комитеті мен қалалық кеңес­тің мәжілісінде хабарлама жасаған Австрия елшілігінің ке­ңес­шісі жергілікті халыққа ком­му­наға жасаған көмегі үшін алғыс білдірген. Қазақстанда ұйымдасты­рылған алғашқы Австрия коммунасы жергілікті халықтың қатты қызығушылығын тудырған. Еңбек­шілер коммуналармен кездесулер ұйымдастырып, олардың шеберха­налар мен ауыл шаруашылығы жұ­мыстарын жүргізу әдістерімен та­нысқан.

Қазақ АССР Халық комиссарла­рының кеңесі мен «Ульфельд» ком­­мунасы мүше­лерінің жалпы жи­налысының шеші­мі бойын­ша 1927 жылғы 27 наурызда таратылған. Сөйтіп біраз жыл Қазақстанда авс­т­рия­лық­тармен арада қарым-қа­ты­нас жасалып, достықтың ір­гетасы қаланған еді.

Облыстық мемлекеттік архив қорынан