Бүгін Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаев 24 қазан – Кітапханашылар күні мерекесіне орай бір топ сала мамандарын қабылдап, құрмет көрсетті.
Аудан басшысы кездесуде кітап пен кітапхананың маңыздылығына тоқталып, қос құндылықтың қадірлі мамандарына, олардың еңбегіне ерекше тоқталып өтті.
– Қадірлі кітапханашылар, құрметті руханият жанашырлары! Біріншіден біз бұл мерекені тек кәсіби кітапханашылардың ғана емес, ең алдымен кітаптарды жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өміріндегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі ретінде бағалауымыз керек. Кітап пен кітапхана бір-бірінен бөле-жарып қарауға келмейтін егіз ұғым. Кітап адамзат өркениеті үшін айнымас азыққа айналса, кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сол киелі орданың қадірлісіне айналған Сіздердің орындарыңыз біз үшін бөлек. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген Сіздерге ерекше Алғысымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, бұл саладағы кейбір өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, оны алдағы уақытта шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Мерекелік басқосуда осы салада еңбек етіп келе жатқан бір топ кітапханашыларға аудан әкімінің Алғысы табысталып, арнайы сый-құрмет көрсетілді.
Кітапханашылар атынан Қызылжар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Айымбетова әріптестерін мерекемен құттықтап, айтулы күнді ескерусіз қалдырмай құрмет білдіріп жатқан аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<