ҚАЛАНЫҢ БАС ЖОСПАРЫ ҚАРАЛДЫ
Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен жиында Қызылорда қаласының бас жоспарын әзірлеу барысы қаралды.
«Казгипроград 1» жобалау институты ЖШС өкілдері және сала мамандарының қатысуымен өткен отырыста қала аумағындағы «Эдельвейс», «Орбита», «Сабалақ», «Ягодка», «Еңбек», «Обводнитель» саяжай массивтерін Қызылорда қаласының шекара шегіне енгізу жобасы мақұлданды. Қаланың орталық бөлігін реконструкциялауға, инженерлік жүйелер, жол-көлік инфрақұрылымы мен көлікті ұйымдастыру сызбалары қаралып, бірқатар ұсыныс енгізілді.
«ҚАРАТЕРЕҢ» ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Қаратерең» ауылында болып, елдегі ағайынның талап-тілегіне құлақ түрді.
Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Сондай-ақ ауылға ортақ кейбір мәселелерден хабардар екенін жеткізіп, алдағы уақытта шешу жолында жұмыс жүргізілетінін айтты.
Ауылдағы жол мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Биыл үш көше асфальтталып, электр желісіне байланысты қолға алынған жобалар да қолдау таппақ.
Ауыл тұрғындары жол мен жайылымдық жер, көлдер жүйесіндегі кейбір мәселелерге алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде Аманжол Сақыпұлы заңға сәйкес, ретімен тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бойынша буферлік аймақтарға көктемгі залалсыздандыру жұмыстары басталды.
Осыған орай Ғани Мұратбаев ауылында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен заласыздандыру жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топтың мүшелерімен жиын өтті. Биыл аудандағы қолайсыз деп танылған 17 елді мекен залалсыздандырылады.
СПОРТШЫЛАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Сыдықов ауыр атлетикадан Перудің Лима қаласында өткен Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған Ерасыл Сәулебековті қабылдап, жеңісімен құттықтады.
– Бұл, әрине, бір күнде қол жеткізетін жетістік емес. Ерасыл әлемдік додада топ жару үшін жаттығуларда тынбай еңбек етіп келеді. Байрақты бәсекеде ел намысын қолдан бермей, жеңіске жеткен Ерасыл мен ата-анасын аудан халқы атынан құттықтаймын, – деді Шыңғыс Әбділәмитұлы.
«АҚҚЫРДА» СПОРТ КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРУДЕ
Аудан әкімі Ардақ Ибраимов «Аққыр» ауылдық округінде бой көтерген спорт кешенінің құрылысымен танысты. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының сапалы және белгіленген талаптарға сай орындалуы қажет екенін қатаң ескертті. Жұмыстың бүгінгі жай-күйін саралады, кемшіліктерге тоқталып, құрылыс барысы тікелей өзінің бақылауында болатынын айтты. Жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен және «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен «Аққыр» ауылында жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында жаңа спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Құрылысты «АИРСтройМонтаж» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінде нысанда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс аяқталу сатысында тұр.
ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА
Жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғасын азайту мақсатында аудан орталығында профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Жұмыс тобы Тереңөзек кенті аумағында жол-көлік оқиғасы жиі қайталанатын орындарды аралап, жол белгілеріне байланысты кемшіліктерді анықтады. Сонымен қатар, тұрғындарға жолда жүру ережелері мен жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін тағу және жол-көлік қозғалысы қауіпсіздігіне баса мән беру жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табады.
ЕҢБЕК ҺӘМ ЕЛДІК
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, еңбек адамы Жүсіп Ыдырыс Байтілесұлын еске алуға арналған 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қатысып, турнирдің маңыздылығына тоқталды. Жас палуандарға сәттілік тіледі. Оған облыстың барлық ауданынан және көршілес өңірлерден келген жас палуандар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесті.
Соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар табысталды.
ҚҰТТЫҚОЖА БҰЛАҒЫН ТАЗАРТТЫ
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты ұранмен аудан жастары Құттықожа баба кесенесі маңындағы бұлақ басында экологиялық тазалық шарасын өткізді.
Бұл бұлақ Құттықожа елді мекенінің негізгі аяқсу көзі саналады. Жастар өңірдің табиғи құндылығын сақтауға өз үлестерін қосып, бұлақ көзін ашып, айналасын күл-қоқыстан тазартып, шөбін шауып, қоршауларды әрлеп-сырлады.
Игі іске ұйытқы болған жастарға шара соңында бауырсақ, қымыз бен қымыран ұсынылды. Табиғатты аялау мен тарихи орындарды қадірлеуді мақсат еткен бұл бастама жастардың туған жерге деген жанашырлығын айқындай түсті.
Дайындаған
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»





