«Халық заңгері» акциясы өтті
Заң мен тәртіп идеологиясын насихаттау аясында «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету.
Акция барысында прокуратура қызметкерлері тұрғындарға түсіндірме үнпарақтарын таратып, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, тұрғын үй, несиелік, жергілікті соттарда қаралып жатқан даулар және отбасы мәселелері бойынша кеңес алды.
Тоғыз жүзге жуық тұрғын өз мәселелері бойынша кеңес пен құқықтық көмек алып, бірқатары шешімін тапса, қалғанына шешім қабылдау жөнінде нақты нұсқау берілді.
Молшылық мерекесі
Орталық алаңда «Алтын күз – 2025» ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған ауданға қарасты кенттер, ауылдық округтер мен табиғат пайдаланушылар жеткізген 43 тоннаға жуық өнім нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағада сатылымға шығарылды.
Жәрмеңкеде 4 тоннаға жуық ет, 11 тоннадай балық және балық өнімдері, 3 тонна тұз, 300 литр сүт өнімдері, 25 тоннадан астам көкөністер мен күнделікті тұтынуға арналған азық-түлік тауарлары ұсынылды. Сондай-ақ ауданға қарасты тоған шаруашылығынан әкелінген балық түрлері тірідей сатылды.
Бұдан бөлек, орталық алаңда жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің өнімдерінен көрме ұйымдастырылды.
Тазалық күн тәртібінен түспейді
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында аудан орталығы мен ауылдық округтерде сенбілік ұйымдастырылды.
Күзгі санитарлық жұмыстарда Әйтеке би кентіндегі 7 аймақ пен орталық көшелер, кенттің сыртқы және ішкі аумақтарындағы қоқыс тазаланып, бордюрлер әктелді, қоршаулар сырланды.
Тазалық жұмыстарын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов көріп, орталық базар, теміржол вокзалы және көшелерге жұмысына қатысты жауапты басшыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
Ұстазды ұлықтаған олимпиада
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Үсен Қошалақов атындағы «Ұстаз – ұлағаттың шайыры» тақырыбында математика пәнінен дәстүрлі ХVIII аудандық пәндік олимпиада өтті.
2007 жылдан бастау алған бұл олимпиада жыл сайын аудан жастарының математикалық қабілетін шыңдап, ардагер-ұстаздың есімін ұрпақ жадында жаңғыртуда. Биыл бұл шара ардагер-ұстаз ұзақ жыл еңбек еткен А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Оған аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы қатысып, сәттілік тіледі.
Шара барысында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы олимпиаданы дәстүрлі түрде жоғары деңгейде өткізіп жүрген ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
Жауынгер ерлігі ұмытылмайды
Аққыр ауылында азаматтық борышын өтеу жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгер Сабырбек Тайшықұлын еске алуға арналған ұлттық спорт түрлерінен аудандық жарыс жалауын көтерді.
Шараның салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, жарыс қатысушылары мен ауыл тұрғындарын патриоттық рухтағы дәстүрлі шараның басталуымен құттықтады.
Сонымен қатар Тайшық Бақтыбайұлы әулетінің бастамасымен «Бақ қонған әулет» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітапта батырдың өмір жолы, ерлік істері мен ұрпағына қалдырған өнегелі тағылымы кеңінен баяндалған.
Аудандық деңгейдегі бұл жарыс қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күрес, қой көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерін қамтиды. Қатысушылар өз күш-қайратын, ептілігі мен жігерін сынға салды.
Кітапханашыларға құрмет көрсетті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев «Руханият орталығында» аудан кітапханашыларын қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.
– Кітапхана адам өміріне, болашағына ықпал етіп, жақсы бастамаға, жарқын болашаққа жол ашатын рухани қазына ордасы, білімнің киелі шаңырағы саналады. Ал кітапханашы – бүгінде оқырманға кітап беріп қана қоймай, күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, кітапхананың бай қорын сақтаушы және насихаттаушы. Біз кітапханашылардың еңбегін әрдайым жоғары бағалап, қызметтеріне құрметпен қараймыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік іс-шарада аудан басшысы сала ардагерлері мен қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Жастар «көшпенділерді» талқылады
«Рухани өрлеу» шығармашылық орталығы жастардың рухани танымын кеңейту мақсатында Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына орай арнайы шара ұйымдастырды.
Шараға қатысушылар әйгілі «Көшпенділер» трилогиясы негізінде түсірілген «Көшпенділер» фильмін тамашалады. Көрсетілімнен кейін туындыдан алған әсерін бөлісіп, фильмнің тәрбиелік мән-маңызын атап өтті. Қазақ елінің бірлігі, елдік рух пен ерлікке толы тарих туралы ой өрбітіп, Ілияс Есенберлин шығармаларының бүгінгі күнмен үндесетін тұстарына тоқталды.
Шығармашылық орталықтың қоғамдық-мәдени шараларына белсене атсалысып жүрген бірқатар белсенді азамат Әдеп жөніндегі уәкілдің Алғыс хатымен марапатталды.
Қоғамдық тыныштық басты орында
Аудан көлемінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және жасөспірімдердің түнгі уақытта заңсыз жүруінің алдын алу мақсатында рейд ұйымдастырылды. Орталық алаңда өткізілген іс-шараға аудан әкімдігі, құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары қатысты.
Рейд барысында қоғамдық орындар бақылауға алынып, кәмелетке толмағандар және олардың ата-аналарына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудан аумағындағы тыныштық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы алдын алу шаралары жалғасады.
Әзірлеген Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





