«Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асуы талқыланды

9

0

Фото: «AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер мен партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, комиссиясының 2025 жылғы қызметі қорытындыланды. Сондай-ақ, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары пысықталды.

Комиссия төрағасының орынбасары Ержан Искендер партиялық жобалардың маңыздылығына тоқталды.

«AMANAT» партиясы халықтың әрбір санатына бағытталған партиялық жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында Мемлекет басшысынан қолдау тауып, халық жақсы қабылдап отырған «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» және «Қарызсыз қоғам» жобалары бар. Бұл жобалардың әр қайсысының орны бөлек. Өңір халқының басым бөлігі ауыл тұрғындары болса, экономиканың басты бөлігін ауыл шаруашылығы құрайды. Осыны ескере келе бүгін ауыл халқының табысын арттыру мен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасының өңірде іске асырылу барысын пысықтаймыз», – деді Ержан Искендер.

Атқарылған жұмыстарды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірлік Несие комитетінің төрағасы Ғалым Баимбетов баяндады. Оның айтуынша «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірде 2023 жылы 3,0 млрд. теңгеге 406 жоба, 2024 жылы 2,5 млрд. теңгеге 376 жоба қаржыландырылып, 1116 жұмыс орны ашылған. Биыл бағдарлама аясында 5,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 443 жобаны іске асыру көзделген.

«Жалпы «Ауыл аманаты» жобасына 146 елді мекеннен жобалар қамтылды. «Қазіргі таңда «Amanatnesie.kz» электронды порталы арқылы 2,4 млрд. теңгеге 253 өтінім түсіп, несие комитетінің қарауына 2,1 млрд теңгені 225 жоба ұсынылды. Нәтижесінде 1,3 млрд. теңгеге 165 жоба мақұлданып, нақты кезеңде 1,1 млрд. теңгеге 145 жоба қаржыландырылып отыр. Бір қуанатын жәйт несие алған тұлғалардан бюджетке 177,4 млн. теңге салық және міндетті аударымдар түсті», -дейді Ғалым Баимбетов.

Жиында сөз алған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай Мемлекет басшысы қолдап отырған «Ауыл аманаты» партиялық жобаны нәтижелі іске асырудың өзектілігіне тоқталып, оның тиімділігін халық арасында кеңінен насихаттау, кооперативтер санын арттыру бағытында ұсыныстарын айтты.

Комиссия мүшелері сондай-ақ күн тәртібіне сәйкес комиссиямен жыл бойына атқарылған жұмыстарды саралап, 2026 жылғы жоспарын пысықтады.