Елдегі ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр, жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы күрделі мәселеге айналғанын жеткізді.
«Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал. Бүгінде жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар. Мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керек. Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Президент алдағы үш жылда агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70% жеткізу керектігін айтқан еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<