Ел Конституциясының 30 жылдығына орай Қызылорда қаласында 38-ші жыл қатарынан ауыл спортшыларының басын қосқан «Алтын күз» облыстық спартакиадасы өтті. Дүбірлі додада жеті ауданнан келген 1000-ға жуық спортшы 18 спорт түрінен бақ сынады. Бұл туралы облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Спартакиада жалауы 18 тамыз күні желбіреді. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық денешынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы қатысты.
– Бұл жарыс ауылдық жердегі талай талантты спортшының шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашты. Алғаш рет Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде өткен бұл дода қазір облыс көлемінде дәстүрге айналып, ауыл-аймақта бұқаралық спорттың дамуына ерекше серпін берді. Ең бастысы, жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, жігерін шыңдауға ықпал етіп келеді. Баршаңызды берекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде еңбек ардагері Нұрлыбай Ұлықпанұлы спортшыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Спорттық шара жас спортшылардың таэквондо және көркем гимнастикадан әзірлеген арнайы қойылымы мен талантты өнерпаздардың гала-концертіне жалғасты.
Денешынықтыру және спорт арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл жастарын достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеуді, ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту және тұрғындар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген жарыс осылайша өз мәресіне жетті.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





