Міне, Тышқан жылы да аяқталды. Бұл жылдың өзіне тән ауыртпалығы аз болмады. Алайда, Қазалы ауданында атқарылуы тиіс сан тірлік тоқырап қалған жоқ. Тіпті, өзге жылдармен салыстырғанда біршама алға басушылық байқалады. Әрі мұндай жағымды жаңалықтар шалғай ауылдарда да көрініс табуда.
«Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ауданда жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба қолға алынды. Осылайша Ақсуат ауылында клуб салынып, Ғани Мұратбаев ауылына газ тартылды. Көптеген көшелер асфальттанып, жарықтандырылды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында көптеген тірліктер тындырылды.
Ауылдағы ауызсу сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Оған қоса, 10 көше асфальтталып, 8 көше жарықтандырылды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қазынадан 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал, жуырда ғана Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары басталды.
– Аудан орталығына жақын елді мекендерді де газдандыруды жалғастыратын боламыз. Жалаңтөс батыр мен Қ.Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда жеңімпаз мекеме анықталып, жобасы әзірленуде. Ал, Басықара ауылын газдандыруға жоба-сметалық құжаттарын дайындау үшін қаржы бөлінді.
Аудандағы барлық ауылға таза ауызсу жеткізілген. Десе де, 3 елді мекенде сервистік желі тартылмаған болатын. Биыл осы 3 ауылға сервистік желі тарту жұмыстары басталды. Бүгінгі күні Бекарыстан би ауылындағы жұмыс аяқталды. Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдарындағы жұмыс келесі жылы толық бітетін болады, – дейді аудан әкімі М.Ергешбаев.
Осы жылы аудан орталығынан шалғай жатқан 4 елді мекенге «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде ұялы байланыс желісін тарту жоспарланған еді. Қазіргі күні Шәкен ауылының тұрғындары «Вeeline» ұялы байланыс желісін пайдаланып отыр. Таяуда Лақалы, Аранды және Сарбұлақ ауылдарына «Activ» ұялы байланыс желісі қосылады.
Келесі жылы да жолдарды жөндеуге көп көңіл бөлініп отыр. Мұнан 3 жыл бұрын басталған Кәукей ауылына баратын автомобиль жолы пайдалануға беріледі. Амандық болса, шалғайдағы ауыл тұрғындары асфальт жолмен жүретін күн алыс емес. Сонымен қатар, «Қарлаң» мен Қожабақы елді мекені, Қазалы қаласы мен «Әлсейіт» көпіріне дейінгі аралықтағы жолдар да жөнделеді.
Басықара мен Абай елді мекенінің аралығындағы 20 шақырым жолды жөндеуді жалғастыруға облыстық бюджеттен 305,7 млн теңге қаржы қаралған. Қысқасы, Қазалы ауданындағы үлкен серпіліс жаңа жылда да жалғаса бермек.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<