Ауыр атлеттер Азия чемпионатында топ жарды

163

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Облыс спортшылары Астана қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін асқақтатты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте олардың бапкерлері мен жаттықтырушылары және жүлдегер спортшылардың өздері айтып берді.

– Биылғы Азия чемпионатына облыс атынан 5 спортшы қатысып, соның 4-еуі жүлделі орынға ие болды. Бір спортшымыз жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмады. Бүгінде барлық ауданда ауыр атлетика секциялары тегін жұмыс істейді. Алғашқы даярлық тобына 8 жастан бастап қабылдаймыз. Балада ерекше ынта байқалса, 6 жастан бастап та жаттығуға ала береміз. Қазір жетістікке жетіп жүрген балалардың дені – осындай ерте жастан келгендер, – деді ауыр атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы Жеңіс Алдабергенов.

– Қармақшы ауданындағы №15 олимпиадалық резервтер мектебінің жаттықтырушысымын. Оқушым Ерасыл Сәулебеков биылғы Әлем чемпионатында серпе көтеру жаттығуында алтын, ал қоссайыста қола медаль иеленді. Бұдан кейін Астанада өткен Азия чемпионатында үш алтын жүлдеге (жұлқа, серпе көтеру және қоссайыс бойынша) қол жеткіздік. Ерасыл ел намысын абыроймен қорғап, көк туды көкте желбіретіп қайтты. Бұл жеңіске жету жолында мектеп директоры Артур Әлиевтің қолдауы ерекше болды. Ол шәкіртімізді әрдайым бақылап, жігерлендіріп, барлық жағдайын жасап берді. Болашақта бұдан да биік белестерге жететінімізге сенімдіміз, – деді жоғары санатты жаттықтырушы Айдар Ералиев.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Дайындықты наурыз айында бастап кеттік. Алматы қаласындағы базада оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әрине, қиындықтар болды. Бірақ соның бәрін еңсеріп, жеңіске қол жеткіздік. Жалпы жарыстың өзі бір сын болса, оған дейінгі оқу-жаттығу жиыны – нағыз шыдамдылықты шыңдайтын кезең. Сол кезеңді артта қалдырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Кез келген спортшының арманы – Олимпиада шыңын бағындыру. Біздің де арман-мақсатымыз сол. Қолдау білдірген баршаңызға алғысымды айтамын, – деді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Әлем чемпионатының жеңімпазы Ерасыл Сәулебеков.

– Спортқа 9 жасымда келдім. Қазіргі таңда тұрақты жаттығып жүргеніме 7 жыл болды. Осы уақыт ішінде мені жаттықтырып, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан Айбол мен Жеңіс Алдабергеновтерге және Марат Қайратов сынды бапкерлеріме ерекше алғыс білдіремін. Осы жеті жылдың ішінде талай қиындықты бірге еңсердік. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді ауыр атлетикадан Әлем чемпионы, Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерсейіт Бейбарыс.

– Ауыр атлетикамен айналысып жүргеніме 8 жыл болды. Бұл спортқа деген қызығушылығым Илья Ильиннің жетістіктерін көріп, соған еліктеуден басталды. Бүгінде сол қызығушылықтың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Әлем чемпионатынан кейін қайта күш жинап, Азия чемпионатына дайындалу оңай болмады. Бірақ барымызды салып, лайықты нәтиже көрсеттік. Жарыс та, дайындық та жоғары деңгейде өтті, – деді Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Ернұр Мырзахмет.

– Спортқа 10 жасымда келдім. Міне, 6 жыл болды, тұрақты айналысып келемін. Бұл – қатысып отырған алғашқы Азия чемпионатым, жаттықтырушым Аят Әмірбеков. Сол кісінің жетекшілігімен осы жарысқа жолдама иеленіп, ел намысын қорғауға мүмкіндік алдым, – деді ауыр атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері Қайсар Мысырбек.

Айта кетейік, облыс бойынша 1310 спортшы ауыр атлетикамен шұғылданады. Олардың басым бөлігі халықаралық және республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ие болып, аймақ абыройын асқақтатып жүр.

«СБ» ақпарат