Қайтарымсыз қаражат – үлкен қолдау

416

0

Қайтарымсыз қаражат –  үлкен қолдау Кәсіппен айналысамын деген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Әсіресе, биыл «Жастар жылы» аясында жас кәсіпкерлерге басымдық берілуде.  Кәсібін алға дөңгелентетіндер үшін қайтарымсыз қаражат едәуір көмек болары сөзсіз.

Биылғы мемлекеттік грант конкурсына қатысуға өтінім­дер қабылдау 21 маусымда аяқталады. Конкурсты өткізу үшін республикалық бюджеттен 31 млн теңге бөлінсе, оның  21 млн теңгесі жас кәсіпкерлерге қаралған. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов мәлімдеді.

Облыста өткен жылдан бас­тап Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы жарияланды. Қазіргі күні тіркелген 51168 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің 85,6 проценті жұмыс жасауда.

–    Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына, жұмыссыздар санын барынша қысқартуға мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың, қаржы институттары мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде. Бұл бағдарламалар аясында әртүрлі қаржы көздерінен өткен жылы 32 млрд теңге, оның ішінде старт-ап жобаларға 3 млрд тең­ге бағытталса, биыл 34 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 5 млрд теңге мем­ле­кеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталуда, – деді басқарма басшысы.

Бүгінде жаңа идеясы бар немесе тың жобаларды іске асырушыларға 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беру жалғасын табуда. Қай­та­рымсыз грантқа ісін жаңа бас­таған кәсіпкерлер, жас кәсіп­керлер, мүмкіндігі шек­теулі жан­дар, 50 жастан асқан азаматтар бизнес жобаларын ұсыну арқылы үміткер бола алады

Қазіргі уақытқа дейін мем­лекеттік грант бойынша 381 кәсіпкер жалпы құны 398 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<