Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласын жариялады. Иә, биыл басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толмақ. Сондықтан да бұл мақаланың жаңа жыл басында жарық көруі біздің осы бағыттағы барлық бастамаларымызға айқын бағыт болары анық. Өйткені, мақала мазмұнында бүгіннен бастап мән беруімізге тиіс ең бір көкейтесті дүниелер бар.
Мақала ауқымды төрт бөлімнен тұрады. «Бағдар мен белес» деп аталатын алғашқы бөлімінде тәуелсіздігіміздің мерейлі мерзімін үш онжылдық белеске бөліп қарастырады. Алғашқы онжылдықты Қазақстанның іргетасын қалау, екінші онжылдықты қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп атаса, үшінші онжылдықта еліміздің өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналғаны баяндалады.
Мемлекет басшысы алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екендігін айта келіп, осы жолда заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударады. Сонымен қатар қазіргі пандемия жағдайында түрлі қатерлермен бірге әлемде жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келе жатқандығына алаңдайды. Сондықтан жаһандану кезінде әсіресе, жас ұрпақты кез – келген ақпаратқа, дүрмекке бейсаналы түрде ілесіп кетпеуге шақырады.
«Таным мен тағылым» деп аталатын екінші бөлімінде халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға бағытталған ой – тұжырымдарымен бөліседі.Ұлттық мүддемізге сай келетін тарихымыз жазылатын уақыт келгендігін, ол ұрпақтың санасын оятып, ұлт жадын жаңғыртуға мүмкіндік беретінін бағамдайды.
Мақаланың «Қоғам мен құндылық» деп аталатын үшінші бөлімінда Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің егемендігіміздің мәңгілік үштағанына балаған байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауға үндейді.
Мақаланың «Ұлағат пен ұстаным» атты соңғы бөлімінде саяси жаңғыру мәселесіне кеңінен тоқтала келіп, елімізде адамның құқығын сақтауға негізделген заң мен тәртіп болу керектігін баса айтады. «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – дейді.
Ол үшін ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі екендігін, әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алатынына ерекше мән береді. «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші», – деп өскелең ұрпаққа сенім артады.
Сондықтан да егемендік жылдарында дүниеге келіп, әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген қасиетті сөзді мәңгі ұранға айналдыруды ұсынады.
Біз де өз кезегімізде мемлекет басшысының маңызды мақаласын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алдағы жұмыстарымызға жаңаша тың серпін береді деп ойлаймыз.
Жақсыгүл ТОҒАНОВА,
М.Мәметова атындағы Қызылорда
педагогикалық жоғары колледжінің директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<