Баға бұғауға көне ме?

550

0

Соңғы жылдары Қызылорданы жеммен қамтамасыз ету үшін «Жанар-Ай жем» жем зауытын аштық. Әйткенмен, мал шаруашылығы өрістеген өңірдегі сұранысты қамтамасыз етуге бір зауыттың шамасы келмейтіні анық еді. «Абай-Дәулет» және «Мағжан и К» компаниялары да бұл мақсатқа өз үлестерін қосып, бір-бір зауыт ашты. Десе де, шаруақор ағайын шөп бағасының өскеніне қынжылады.

Абай Батыршаев жылқы малын бордақылау ісімен 15 жылдан бері айналысып келеді. Бірақ қымбатшылық жағадан алып бара жатқанын айтады. Бағып сатуың да қиындап кеткенін жеткізді.

– Базардан мал алу да қиын. Алыпсатарлар базарға кірмей жатып, көліктен сатып алады. Үстіне қомақты қаржы қосып бізге сатады. Жем-шөптің қымбаттауы жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Мәселен, бидайдың келісі 100 теңге, арпа да сол бағада. Ал күріштің ұнтақ жемі 50-55 теңге. Бидай кебегінің бір келісінің өзі 65 теңге тұрады. Бірнеше ай баққан еңбегіңді не істемексің? Ұры-қары да көп, малдан көз жазып қалсаң, қасқыр да қыр басында қарап тұр, – дейді ол.

Иә, жем-шөптің баға­сы қалтаны қағып бара­ды. Бейбарыс сұлтан көше­сінің көпір тұсы жақын маңай­дағы ауылдардан шөп әкеп сататындардың тұра­ғына айналған. Жуырда маң­дайша­сына «Ауыл базары» деп айдар тағылған алаңқай да ашылды. Ондағылар да оңай жолмен ақша тауып жүрген жоқ.

– Жүк көлігімен жұмыс істеп үйреніп қалған соң жақын маңайдағы елді мекендердің шаруашылықтарынан сатып аламыз. Үстіне аз-маз қаражат қосып, қала жұртшылығына сатамыз. Көліктегі 200 престі түгелдей сатып алатындар аз. 10-15 данадан үйді-үйге аралап тастап кетеміз. Осылайша 2-3 күн көлікте түнейміз. Қазір жоңышқа пресі 700 теңгеден, қара шөптің пресін 350-400 теңгеден сатып жатырмыз. Халық қымбат деп жатыр ғой, бірақ жанармай бағасын қараңыз, оған қосалқы бөлшектерді қосыңыз. Сайып келгенде, бізге де қалатыны шамалы, – дейді базарда шөп сатып, несібесін теріп жүрген Зинабдин Смағұлов.

Қала маңындағы ауылдарға Нұрлан Биболұлы жем тасиды. Оның қызметін ауылдағы қауырт тірліктен босамаған жұртшылық тұтынады. Отбасымен осы кәсіпті қолға алған ол кейде жем болмай қалатынын да жеткізді.

– Кейде қала бойынша жем таппай қаласың. Ауылдардағы тұтынушылар телефонға ауық-ауық хабарласып мазалайды. Күріштің ұнтақ жемінің бір қабы 1800 теңгеден, ал бидай кебегінің бір қабы 1300 теңгеден сатылуда, – дейді ол.

Шаруашылықтар алқап­тағы күрішті жинап бол­ғанмен, оны ақтауды енді бас­тады. Күріш ақтайтын зауытта өңірдегі жүздеген шаруа­шылықтың өнімі кезекте тұрады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының маманы Нұрділда Ниязбековтің айтуынша, енді өңірде жемнен тапшылық болмайды.

– Облыста жемге сұра­ныс 178 мың тонна мөл­шерде жоспарланған.  Бұл қа­жеттілікті тауар өндіру­ші­лер өз қаржысына солтүстік астықты өңірлерден және Қы­зылорда қаласындағы жем өндіретін «Жан-Арай жем» зауытынан алатын болады. Бұған қосымша, облыс көлеміндегі күріш өңдеу кәсіпорындарында 171 мың тоннадан астам күріш жемі өндіріліп, сатылады деп күтілуде, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Қала маңындағы Шіркейлі ауылындағы «Ысамаддин» шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов 80 гектар жерге жоңышқа егеді. Қарашаның қара суығынан бас­тап шөп бағасының қым­бат­тауын жылдағы жағдайға бағалап отыр.

– Біздің қожалықта жазда басынан 350-400 теңгеден сатылды. Ал қысқа қарай 700-800 теңгеге көтерілетін әдеті. Мал шаруашылығымен де айналысамын. Ақ бас бұқаларды жергілікті сиырлармен будандастырып, мал тұқымын асылдандырып жатырмын. Қолда «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 200-дің үстінде ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 200-дің үстінде жылқы бар. Мал сою және бордақылау пункті де жұмыс істейді. Жем-шөп бағасы қымбаттағанмен, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жатырмыз. Ауылдағы шаруаларды демейтін де сол бағдарлама, – дейді ол.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мал азығының  бағасы өсті. Бұған жанар-жағармай мен тыңайтқыштың қымбаттауы себеп болып отыр. Өйткені оны өндірушілердің  еңбегі, маңдай тері де өтелуі тиіс. Сондықтан бағаны себепсіз өсірді деуге де негіз жоқ. Рас, бір ғана жоңышқа престің дайындалуының өзі бірнеше процестен тұрады. Жоңышқаны сеуіп, өсіреді. Ол үшін тыңайтқыш пен жанармай керек, оған жұмыс күшін қосыңыз. Уақыты келгенде орып, кептіріп, прес­ке басады. Ол да біраз жұмыс күші мен жанармайды қажет етеді. Тіпті көлікке тиеп, сізге жеткізіп беру де оңай шаруа емес. Түптеп келгенде, мал өсірудің де машақаты аз болмай тұр…

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<