Бәсекеге лайық бірегей зауыт

212

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты. Шын мәнінде бұл елімізде машина жасау саласын дамытудағы өте маңызды қадам. Президент еске салып өткендей, осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылған болатын. Ал осы күні KIA Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс ат­қа­рылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.

– Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы страте­гиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА кор­по­рациясы автомобиль шы­ға­ратын әлем­­дегі 10 ірі ком­па­ния­ның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне ай­налды. KIA – келешектің кор­по­рациясы. Кәсіпорын шы­ғаратын авто­көліктерде озық технология, тар­тымды дизайн және жоғары дең­гейдегі сенімділік үйлесім тапқан, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы KIA компаниясы әлеуметтік жауап­кершілік аясында адам капиталын дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін жеткізді.

– Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырған­да екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасуда. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақ­станға зор қызығушылық та­нытып отыр. Ауқымды ша­ралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылды. Астана, Алматы, Семей, Орал, Көк­шетау, Қостанай және Саран қала­ларында автокөлік өн­дірісіне қатысты кәсіп­орындар жұмыс істеп тұр. Он мыңнан астам азаматымыз осы салада еңбек етеді. Оның жар­тысына жуығы – жастар. Ал Қостанайдағы зауытта бір жарым мың адам жұмыс істейтін болады. Жұмысшылар жаңа дағдыларды игеріп, білікті маман ретінде қалып­тасады. Алдағы уақытта кәсіпорын инженерлердің нағыз шеберханасы болады деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев KIA Corporation пре­зиденті Хо-сунг Сонгты ІІ дәре­желі «Достық» орденімен мара­паттады.

«СБ» ақпарат