Бағдарлама табысты жүзеге асырылуда

249

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде орман қорына 2 млрд және елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызу, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру, заңсыз қоқыс орындарын анықтау, қатты тұрмыстық қалдықты жинау, кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша жұмыс барысы талқыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта «Таза Қазақ­стан» респуб­ликалық экология­лық бағдарламасын іске асыру барысын баяндады.

– Экологиялық мәдениетті дамы­тудың 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжы­рымдамасын іске асырудың өңірлік кешенді жоспары бекі­тіліп, соған сәйкес тиісті жұмыс жүргізілуде. Бюджет қаража­тынан бөлек, кәсіпкерлер демеу­шілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысан­дар заманауи үлгіде жөн­деуден өткізілуде. Демеушілік есебінен 1 млрд теңгеге Қы­зылорда қаласын­дағы орталық алаң қайта жаңғыр­тылды, – деді аймақ басшысы.

Биыл аумағы 80 гектарға жуық қалалық мәдени-демалыс паркі мен Президент саябағы қайта жаңғыртылуда, мамыр-маусым айларында пайдалануға беріледі.

Демалыс орындарына түрлі модульдік-санитарлық пункттер салы­нып, арнайы эко-бокстар, фан­доматтар  орналас­тырылады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік аясында Қызылорда қаласы аума­ғында 992 гектар жерге жасыл желек егу жобасы басталды. Ол бойынша 2030 жылға дейін 2,5 млн ағаш отырғызу және арнайы тұқымбақтар мен мамандандырылған зертхана салу көзделуде. Аудан орталық­тарында кәсіп­керлердің демеушілігімен жаңа демалыс орындары, аллеялар салы­нып, көшелер абаттандырылып, жарық­тандырылды.

Жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы екі жылда  үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Бұдан бөлек, ком­муналдық, абаттандыру мекемелеріне 142 арнайы техника сатып алынып, ел игілігіне қызмет етуде. Тұрғындарды экологиялық таза көлік қызметімен қамтамасыз ету үшін 100 жаңа электромобиль алынып, 16 электр қуаттау бекеті салынды.