Бағзыдан жеткен бай мұра

38

0

Қазақ даласының топырағын түрте қалсаңыз, көне заманнан сыр шерткен қаншама құнды қазына алдыңнан шығады. Десе де әлі күнге дейін олардың кейбірін қарапайым халық біле бермейді. Қазір сол құндылықтарды зерделеуге үлкен мүмкіндік ашылып отыр. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданындағы Шах-Шах палеонтологиялық кешенінде өткен баспасөз турында көптеген қызықты дерекке көз жеткізіп қайттық.

Табиғи паркке айнала ма?

Тарихи кешен «Жосалы» стан­ция­сынан солтүстік шығысқа қарай 80 шақырым жерде. Онда қазба қал­дықтары мен ежелгі тіршілік иелерінің іздері жақсы сақталған. Ұзақ жылдар бойы көзден таса, елеусіз қалып келген кешенде ке­зінде белгілі ғалымдар тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстары жүр­гізілді. Қазір олардың жазған ең­бе­гі мен нәтижесін көпшілікке тү­сін­дірудің маңызы артып тұр.

– Алдағы уақытта бұл тарихи орынға халықтың қызығушылы­ғын оятып, ішкі және сыртқы ту­ризмді дамытуға ықпал етуіміз қа­жет деп ойлаймын. Бұл өңірдің табиғи-мәдени әлеуетін көрсетуге ерекше әсерін тигізеді. Сол арқылы тарихи кешеннің имиджін арттыру, геопарк немесе ерекше нысан ре­тінде қорғауға көңіл бөлсек деген ойымыз бар. Осы мақсатта алғаш рет журналистерге арналған «Шах-Шах палеонтологиялық ке­ше­ні – ғылыми туризмнің жаңа бағы­ты» атты баспасөз туры ұйым­­дас­тырылды. Алдағы уақытта бұл орыннан тарихи парк ұйым­дас­тыру ойымызда бар. Ол үшін елі­міздің Мәдениет және ақпарат, Экология және табиғи ресурстар ми­нистрлігі, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің Жер ресурстарын бас­қару комитеті тарапынан тиісті жұмыстар жасалуы тиіс, – деді об­лыстық тарихи-өлкетану музе­йінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Оның айтуынша, палеонтоло­гия­лық бұйымдарды зерттеуде об­лыс­тық музей тарапынан көп­теген іс-шара жүзеге асты. Был­тыр мекеменің жаңа ғимаратқа кө­шуіне байланысты алғаш рет «Та­биғат және палеонтология» экспо­зиция­лық залы ашылды. Оған музей қо­рында сақталған 1958 жылы Ме­зозой эрасы, Бор кезеңімен мер­зім­делетін Шах-Шах кешенінен табылған (93-86 млн жыл) тіршілік иелері, өсімдіктердің қалдығы және Аралозаврдың реконструкциясы қойылды. Сала мамандарының бар­лау экспедициясы негізінде ке­шен­нен табылған Бор дәуіріндегі тіршілік иелерінің сүйек қалдығы жинақталды.

– Сондай-ақ сәуір айында об­лыстық музейде ғылыми бағытта халықаралық ынтымақтастық ая­сында Ұлыбританияның Кембридж университетінің докторанты, ка­на­далық палеонтолог Джаред Май­­ло Юрий Шиферт тарихи ке­шен жәді­герлеріне ерекше көңіл бөлді. Нәтижесінде Шах-Шах па­­­леон­­тологиялық кешеніне қа­тыс­ты кейінгі зерттеудің нәтижесі жә­не оның болашақ­тағы ғылыми маңы­зын та­ныс­тырған онлайн семинар ұйым­дас­ты­рылды. Ендігі кезекте қыркүйек айында халық­аралық ын­ты­мақ­тастық аясында музей қыз­мет­керлері Қазақстан және АҚШ ғалым­дарының бірлескен экс­пе­ди­­циясына қатысады деп жос­пар­ланып отыр, – деді ол.

Құм басқан құпиялар

Қазақстан аумағындағы жоғар­ғы бор дәуірінің бірқатар құрлық­тық стратиграфиялық бірліктерінен омыртқалы жануарлардың қазба қалдығы табылған. Олардың ара­сынан Арал теңізінің солтүс­тік-шы­ғысында жүздеген шақы­рым­ға созылып жатқан Бозтөбе фор­мациясы жан-жақты зерттелген.

Бағзыдан жеткен бай мұра

Мамандардың айтуынша, 1956 жылы Бозтөбе формациясындағы Шах-Шах шатқалынан орыс па­леон­­тологтары К.В.Никифорова мен Н.А.Константинова алғашқы омырт­қалы жануарлар соның ішінде тасбақалар, крокодил­тәріз­ділер және динозаврлардың қазба қалдығын тапқан. 1957 жылы Мәс­кеудегі КСРО Ғылым акаде­­мия­сының Палеон­тология инсти­тутының А.К.Рождест­венский же­­текшілік еткен экспедициясы тарихи кешенде ауқымды қазба жұмыстарын жүзеге асырды.

– Мұнда өткен ғасырдың ал­пысыншы-жетпісінші жылдары ғалымдардың зерттеуі бойынша динозавр сүйегінің қалдығы та­былған. Бұл жаңалық сала ма­ман­дары тарапынан ерекше қызы­ғу­шылық туғызды. Жалпы алған­да, мұнда үш-төрт мәрте қазба жұ­мыстары жүргізілгені бізге белгілі болып отыр. Табылған жәді­гер­лерді зерттеген ғалымдар олар­дың қай кезеңде өмір сүргенін нақ­ты­лап, өз қорытындысын жасап шық­ты. Десе де бұл кешен қазірге дейін әлем ғалымдары тарапынан жоғары бағасын алып келеді. Олар тарихи кешенге арнайы келіп, зерт­теу жұмысын қолға алады де­ген ойдамыз. Сондықтан алдағы уақытта бұл орын қалың жұрт­шылық жиі келетін туризм орталы­ғына айналады деген үміттеміз, – деді Қармақшы аудандық-өлкетану музейінің аға ғылыми жетекшісі Ерсін Тоқтаров.

Мұндай зерделі зерттеу шара­лары 1961-1964 жылдар аралы­ғын­да Алматыдағы Зоология инс­ти­ту­тының қызметкері Т.Ну­ру­­мов­­тың же­текшілігімен жал­ға­сын тапты. Ал 1977 жылы па­леонтолог П.Шилин Шах-Шах­­тың сол­түс­­ті­­гін­де Ақ­қорған мекенін ашып, Л.Несов Боз­төбе фор­ма­циясынан бірнеше жаңа омырт­қалы жа­нуар­лар мекендерін (соның ішінде Бө­рі­ойнақ, Бәйбіше және Егіз­қара) анықтады.

 Сондай-ақ 1980-1982 жылдары Жеркіндік формациясынан алғаш­қы омыртқалы қалдықтарды (Түл­кілі) тапты. Қосымша омыртқалы жануарлардың қазба қалдығы, оның ішінде микрожануарларға жататын үлгілер, 1995 жылы Шах-Шахтан қазақ-американ экспедициясы ба­рысында палеонтологиялық мате­риалдар жинақталды. 2012 жылы Санкт-Петербург қаласындағы Ре­сей Ғылым академиясына қарасты Зоология институты ұйым­дас­тыр­ған экспедиция тарапынан қо­сым­ша үлгілер құнды жәдігерлер қатарына қосылды. 2007 және 2012 жылдары Шах-Шах және Түлкілі аумағында ауқымды елеу-жуу (screen-washing) жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде көптеген микрожануардың, соның ішінде сүтқоректілер қалдығы табылған.

Арал теңізінің алып кесірткесі

1968 жылы КСРО палеонтологы Анатолий Рождественский Арал теңізінің солтүстік-шығысындағы Бозтөбе шатқалы маңындағы Шах-Шах аумағынан сенсациялық жа­ңалық тапты. Бұл – Мезозой эра­сының Бор кезеңіне (Сантондық және Кампандық кезеңдердің ше­карасы) жататын динозаврдың сү­йегі еді.

– Табылған қалдықтардың ішінде негізінен бас сүйегінің арт­қы жартысы (төменгі жақсүйегі жоқ) және кейбір дене сүйектері (мы­салы, иық сүйегі, жамбас сү­йектері, аяқ сүйектері) болды. Бұл археологиялық олжа өз уақытында айрықша жаңалық деп айтуға негіз бар. Себебі, ол бұған дейін ғылымға белгісіз динозавр түрі еді. Сол себепті ғалымдар оны «Аралозавр» (Aralosaurus tuberiferus) деп атады. Яғни Аралдан табылған бұл олжа «Арал теңізінің алып кесірткесі» деген атаумен ғылыми айналымға енді, – деді  Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әзірбек Бақтыбаев.

Аралозавр – гадрозаврлар тұ­қымдасына (Hadrosauridae) жа­татын шөпқоректі динозавр. Оның ұзындығы шамамен 8-10 метр, биіктігі 3-4 метр болған деп есептеледі. Бас сүйегінің ерек­шелігі – мұрын бө­лігіндегі қуысты өсінділер, ол дыбыс шыға­руға немесе жұптасу рәсім­дерінде қол­да­нылған болуы мүмкін. Та­был­ған сүйек­тердің фраг­мент­теріне қа­­рағанда, бұл динозавр өз зама­нын­дағы ең алғашқы ламбеозав­рин­дердің (Lambeo­saurinae) бірі бол­ған.

Әрине, бұл дүниелердің бар­лығы алдағы уақытта зерделі зерт­теуді, ауқымды еңбекті қажет етеді. Осы орайда тиісті сала мамандары және ғалымдар тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіледі деген ойдамыз. Мұндай орындар елімізде оннан асады екен. Олардың барлығы дер­лік жиһанкездер тарапынан жо­ғары бағаланып отыр. Ал Шах-Шах палеонтологиялық кешенін жан-жақты насихаттау арқылы ел арасында оның танымалдығын арттыруға әбден болады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»