Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды

524

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті.

Кездесуге облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай қатысты.

«Екі елдің Мемлекет басшыларының қолдауының арқасында Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау» жобасы бойынша жұмысты бастау үшін 27 қыркүйекте мердігерге («Мелиоратор» ЖШС) 144 млн теңге аванс төленді. Жыл соңына дейін 625 млн теңге бөлу қарастырылған. Жобаның жалпы құны – 12 млрд.теңге, бұл қаржы қаланың су және кәріз құбырларын түгел ауыстыруға бағытталмақ. Жұмыс 17 қазанда ең алдымен, қала әкімшілігі ұсынған проблемалық учаскелерден басталады.

Бес тұрғын үйдің құрылысына қатысты айтсақ, мердігерлер міндеттемені орындамағандықтан, Қармақшы ауданының әкімдігі келісім-шартты біржақты тәртіппен бұзды. Қазіргі уақытта құрылысты аяқтауға конкурс жарияланды. Жұмысты келесі жылы бітіру жоспарлануда», – деді Н.Нәлібаев.

К.Бусыгинмен бұған дейінгі кездесуде облыс әкімдігінің қаражаты есебінен қалада заманауи спорт кешенін салу туралы келісілген болатын. Бүгінде жер учаскесі анықталған, кешеннің дайын жобасы бар. Жаңа нысанды «Байқоңыр» ғарыш айлағының және қаланың 70 жылдығына орай пайдалануға беру жоспарланған.

Қала әкімшілігі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасауда. Коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартып, қолжетімділігін арттыруда жүйелі жұмыс бар. Атап айтқанда, Ресей тарапы тұрғындарды газ, жылу-электр станциясымен қамтамасыз етеді.

Кездесуде Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың ауқымы мен Қызылорда қаласының күн санап көркейіп келе жатқанын ерекше атап өтіп, бірлескен жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<