Бүгінде аты елімізге белгілі ғалым, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, халықаралық Айтматов академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп тұлғасы біз жазатын бір мақаланың сипатына сыя қоймайды. Алайда, жақсының қосын жегу міндетімен осы күні алпыстың асуына шығып тұрған жерлесіміздің бейнесін бір-екі параққа бедерлеп көрмекпіз.
Амантаймен 1996 жылдан бері таныспын. Сол жылы Қызылорда қаласы арнайы экономикалық аймақ болып, әр салаға жаңашыл, білімді мамандар келе бастады. Осы кезде ҚазМҰУ-де оқытушы болып жүрген Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріп Қызылорда университетінің проректорлық қызметіне шақырылды. Мен облыстық газеттің тілшісімін. Жасымыз қатар, қарайлас болған соң Алматыдан келгендермен тез араласып кеттік.
Екеуі де қарапайым мінез ерекшелігімен қарата білетін жас болғасын бұрыннан біліс жандардай жақын жүрдік. Амантай маңғаз, салмақты, ауыр ой басып тұрғандай болмысындағы байсалдылықты байқамай қала алмайсың. Бірақ күлсе де, сөйлесе де жарқ ете қалады. Кейде маған ол кілең дауысты дыбыстармен сөйлейтіндей көрінетін.
«Ерніңнің ұшымен «шүкір» демей, «жақсы» деп жарқ ете қал» деуші еді, бір ағамыз. Шынында дауыссыз дыбыстармен айтылатын «шүкір» сөзі әлсіз естіледі, ал ашық дауыстыдан құралған «жақсы» деген сөзде бір қуат бары рас.
Енді келдім, айтпағыма. Сол кезде Амантайдың бойында алапат қуат барын сезетін едік.
Ол көп ұзамай қызмет бабымен Алматыға қайта кетіп, содан 2004 жылы облыстық телеарна басшысы болып оралды. Бұрынғы ақжарқын жігітті қызмет өзгерткен шығар дегенмін. Бірақ ол туабітті жарқ ете қалатын, күлімдеп сөйлейтін сол сырымен жолықты.
Бір нәрсеге таңмын, Амантай ешқашан мен мынадай іс тындырып жүрмін демейтіндер сапынан.
Бұл кезеңде біз ақындықпен асаудың ауыздығын тартқандай алысып жүргенбіз. Бірде қолыма Амантайдың мұқабасы жұқа ғана жыр кітабы түсті. Оқып көрдім, көрдім емес, оқи бердім, оқи бердім.
«Төрт күнге ұласты
ауылда аласапыран,
Бұлттарды түтті, құзғынмен
таласа қыран.
Жай түспегей деп тілеймін
жеріме енді,
Ауылдың баласы атынан».
Не деген ұйқас, не деген тереңдік! Табиғаттың дүлей күшінің алдында дүрдиіп тұрған ауыл баласын елестетіңіз де, әлемнің аласапыран оқиғаларына қарай ене беріңіз, мархаббат, төбесінен жай түсіп жатқан талай сорлы елді көріп, Құдайдан тілек қыласыз…
Амантайдың бір өлеңін толық көшіріп келтірейінші:
Талшық іздеп түсте мен,
Таңдайымда бал дәмі.
«Піс, қазаным, піс», – деп ем,
Шикі ас беріп алдады.
Айттым, бітті!
Күшпенен
Көгермеспін текке енді.
«Ұш, кілемім, ұш», – деп ем,
Мибатпаққа кеп қонды.
Төңірегім – қара түн,
Көріп жатыр ел нені?
Құмырсқаның қанатын,
Тұтатып ем, келмеді…
Жеткізбеді жол да әрі,
Ашқызбастан адымды.
Сиқыр тасым қолдағы,
Тас боп шықты кәдімгі.
Толғап тыңнан сазды ерен,
Тапқандай боп жаңа ізді.
«Жаз, қаламым, жаз», – деп ем,
Алжастырды қағазды.
Бетпақ шөлде көз ілдім,
Бұйырыс боп тұр ма еді.
Обалым жоқ өзімнің,
Ұр, тоқпағым, ұр мені…
Өзі мектепті алтын медальмен бітірген, жұрттың баласы табалдырығына табынып жететін үлкен бір оқуды бір жыл оқып, кейін атақты КазГУ-ге түскен. Соның бәріне көңілі көншімеген. Қаламым қағазды алжастырса, қағазым қазаққа тарайды деп алдынан күтетін зор жауаптылықты ойлап тұр.
Әскербек ақынның:
«Мен де өлеңді бір
кісідей түсінем,
Қуат алам қара сөздің күшінен.
Жұрт алдында жыр оқуға
зәрем жоқ,
Біреу тілдеп отыр ма деп ішінен», – дейтіні бар еді. Кеуде көрігінде өлең соққан ақындар сөз киесін дәл осылай төбесіне тұтады.
Алайда, Амантайдың ақындығы тым алымды болса да, күллі қуатын ғылымға салды.
Қазақ зиялысы Қожановтың қазынасын қаламмен аршып, халықтың рухани игілігіне жаратты.
«Ақындығың тамаша еді ғой», – дегенмін, бірде. «Сен барсың ғой», – деді ол, күліп. Оның әдемі әзілі жұрттың бәрі ақын болып кетсе, ғылымға кім барады дегенді ұқтырған еді.
Сол ғылымда Амантайдың аты асқақтап кете берді.
Бұл жайында мына бір деректі айтсақ та, жетеді.
«Жаңа гуманитарлық білім: қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы аясында «Әдебиет теориясы. Антология» сериясымен бестомдық ғылыми еңбектің бір томын қазақ тіліне Амантайдың бір өзі аударып, сол томның жауапты шығарушысы болғанын естідіңіз бе? Сонда, қалған төрт томды аударуға қырық бір кісі жабылыпты. Ғалымның инемен құдық қазған бұл ісіне баға бере алмайтынымды мойындаймын.
«Сұлтанбек Қожанұлының әдеби-публицистикалық мұрасы» деген тақырыппен кандидаттық диссертация қорғағанда ол отыз жасқа да толмапты. Көбіне мұндай жастағыларды қазір лудоманияның айналасынан табасыз.
Біз жастарға өнеге, өсиет айту үшін ғасырларға тереңдеп кетеміз. Үлгіні бүгінгі замандастарымыздың арасынан іздесек ше, бұл әдіс санаға әлдеқайда сіңімдірек болар еді.
Сол үлгінің бірі – Амантай.
Мен Амантайдың ата-анасын да жақсы танимын. Тіпті ол кісілермен жүздесіп те тұрамын. Жарылқасын аға жас кезінен шаруашылықта еңбек еткен. Жиырма сегіз жасында совхоз директоры болып тағайындалған.
Сол кезде оның бала тұлғасына көзәйнегі мен қасының ортасынан қараған Орталық Комитеттің ауылшаруашылық жөніндегі хатшысы Мельник деген кісі «Саған директорлықта не бар?» депті. Сонда ағамыз республика бойынша совхоздың ең жас директоры болыпты. Осы қызметтен аудан әкімі, қала әкімі лауазымына дейін көтерілді.
Шәмшагүл апамыз ұстаз болған кісі. Қонаққа тамағын да, қабағын да ықыласпен беретін қамқор жанның қолынан талай дәм таттым. Амантайдың адами негізінің ата-анасынан екенін дөп танисыз. Бұл кісілер де мақтан мен астамшылықтан ада, кәкір-шүкірмен шаруасы шамалы.
«Амантай бас газеттің бас редакторы болыпты» деп құттықтадым, бірде. «Ол ғылымның адамы ғой», – деді сонда, ағамыз жайбарақат. Ғылым деген ұзақ жолға түскен ұлының қарымына сенімді. Өйткені, Амантай жасынан ермегі ертек, сенгені еңбек болып жетілген бала. Ешқашан еріншектікті білмеген, бойын да, ойын да таза ұстаған. Оның өмір үлгісі – әке мен шешенің махаббаты мен шапағаты.
Адам көзі жетпеген нәрсенің бәріне күмәнмен қарайды. Ақылмен қарау ақыл иесіне тән.
Баяғыда бір палуан әкеміз мені жығатын кім бар деп базарда айқайлап тұрған сартты сарт еткізіп алып ұрып, «паһ, шіркін» деген көз тиіп өзі де құлапты. Содан жеті жыл төсекте жатады. Бір күні түсіне ақ сақалды шал кіріп, жатысың жетті ғой, тұр, енді десе керек. Сол күні әкеміз кешке ұйқыға жатып, азанда тұрған адамдай орнынан көтеріліп кете берген екен. Бұл – аруақтылық. Түсінікке туралап айтсақ, рухы мықты адамдар сондай болады.
Мен бір нәрсе білсем, ғалымдар рухы мықты, биік адамдар. Ғаламның қантамырын соқтырып тұрған – солар. Олардың кеудесі маржан толы, әлемді әсемдеп тұрған да ғалымдар.
Сол саптағы ұлттық рухтың жоқшысы Амантай Шәріп – ғылым тарихына таңбаланып түскен есім.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





