Байсалды даму – бағытымыз

162

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа арнаған Жолдауы жаңа мазмұнға толы, ел дамуының жаңа белестерін белгілеген, нақты қадамдарға бағыт-бағдар жасалған, айқын мақсаттар мен қазіргі әлемдік ахуалдың, беталыстардың жәй-жапсары көрсетілген маңызды құжат болып табылады.

Жолдауда баян етілгендей, қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты.

Батыстағы этносаралық-дінаралық үйлесім мен мәдени әралуандық тұжырымдамасы дағдарысқа ұшырады. Жаһандық деструктивті күштер ұлттық мәдениеттер мен дәстүрлердің іргесін шайқап отыр. Мұның мысалы көп. Халқымыздың дәстүрі мен құндылықтарына жасалып жатқан шабуыл қоғамда көрініс ала бастады. Мемлекет басшысы әсіредіншілдіктен туған үрдістерді атай келіп, салт-дәстүрімізден ажырамау керектігімізді бұрыннан да айтып келеді.  

Әлем экономикасы теңсіздіктер мен қайшы­лықтарға толы. Халықаралық қатынастағы шиеленістер қақтығыстар мен соғыстардың отын тұтатты. 

Геосаяси ахуалдың түбірімен өзгере бастағанын аңғартатын басқа да факторлар аз емес. Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады.

Осындай заман сипатына қарамастан жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық.

Ел Президентінің негізгі мақсаты – әлемнің түрлі қатерге толы кезеңінде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жолдаудағы нұсқаған жол да – ел болашағының, халық тағдырының түйткілі.

Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруі тиіс. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет.

«Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс» деген Президенттің бұған дейін де айтылып келе жатқан сөзі әрбір құзырлы орынның маңдайына жазып қоюға лайық.

Қазір ел экономикасында реформалар жүр­гізілуде. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынуда. Мұның бәрі – халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыруға бағытталған қадам.

Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етуі заңды.

Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертіп отыр. Бұған дайын болу, батыл әрекет ету болмаса, артта қалудың ауыр сал­дарына ұшырау қаупі тұр. Президент сондықтан да еліміздің үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігін, цифр­ландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономикамызды жаңғыртуымыз қажеттігін түсіндірді.

Осы жайттарды баса айтты және қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру, оны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маманның басқаруы керектігіне дейін мән берді. Экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет деп атап көрсетті. Осыған қатысты маңызды міндеттерге тоқталып, тайға таңба басқандай баян етті.

«Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады.

Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.

«Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалуы керек.

Қағазбастылық көп, түрлі органдардың құзыреттері қайталанады. Ал қазіргі күрделі ахуал кезінде инвестиция тарту – кезек күттірмейтін мәселе, бізге жаңа ұстаным керек. Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ».

Сонымен бірге Президент инвестиция игілігін арттыру мәселесіне қатысты нақты ұсыныс беру үшін Үкімет басшысына он күн мерзім белгілеп, инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды.

Қазіргі қоғамның назарындағы басты мәселенің бірі шетел асқан заңсыз активтерді қайтару екені анық. Бұған қатысты елімізде атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Президент мұны Жолдауда да нақты мысалмен айтты.

«Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын «Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет» деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді» деді Президент.

Сөз ретінде айта кетсек, қайтарылған актив­тер есебінен біздің облыста да 6 денсаулық сақтау нысанын, 8 су құбырын салу қолға алынған. 

Жолдауда сондай-ақ, Үкіметке Қаржы нары­ғын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтау қажеттігі, депутаттардың осы заңды жыл соңына дейін қабылдау керектігі айтылды.

«Цифрлық активтердің толыққанды эко­жүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады.

Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек. Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады , – деді Президент.

Сондай-ақ соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатқанын, сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылып, биометриялық анықтау жүйесі енгізілгені, банктердің, микро­қаржы ұйымдары мен байланыс оператор­ларының жауапкершілігі күшейтілгені айтылды.

Жолдаудағы жарқын болашаққа қатысты үлкен жаңалықтың бірі – Сингапур стилінде салынатын Алатау қаласы жөніндегі жоба. Осыған орай Қазақстан Үкіметінің ауданы мың шаршы километрге жуық Alatau арнайы экономикалық аймағын құрғаны белгілі. Президент өткен жылы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында «Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы ретінде маңызды» деген болатын.

«Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру.

Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жар­лықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.

Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналады. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек.

Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет» деді Президент.

Бұған қоса Президент Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан қытайлық компанияның бірі Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысатынын айтып өтті.

Міне, болашақ! Мұндай қарқын біздің еліміздің санаулы жылдарда озық елдердің сапына кіретініне кәміл сенім ұялатады.

«Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігін белгілеу керек.

Бірақ қазіргі басты мәселе: жоғары инфляция экономикалық көрсеткіштер мен халықтың табысын «жұтып қойып» жатыр.Осы макро­экономикалық құрсаудан шығуымыз керек», – деді Президент.

«Әкімдердің аймақтағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапкершілігі» деген тұста біздің облысымызда атқарылып жатқан ауқымды істерді атай кеткеніміз орынды. 

Қызылорда қаласында құны 215 миллиард теңге жаңа жылу-электр орталығы шетелдік инвестиция есебінен салынып жатыр. Қала бұрын электр қуатын өзге аймақтан жеткізетін, енді біз оны өзімізден артылдырып, өзге аймаққа сата аламыз. Келесі жылы аяқталатын жылу-электр орталығының бірінші газтурбиналық қондырғысы биылғы жылы қалаға жылу бере бастамақ.

Сонымен бірге, Қызылорда қаласында Б.Өтемұратов қорының демеуімен жаңа әуежай тер­миналы, кәсіпкер Марат Дүйсенбаев демеу­шілігімен «Анаға тағзым» орталығы салынды.

Соңғы екі-үш жылдықта облыс орталығында жаңа үлгідегі бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерді. Солардың бірі – «Сыр жұлдыздары» аталатын балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академия.

Онда 3 мың оқушыны өнер-білімге баулитын кескіндеме, сурет салу, резин-арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D-модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

Бұл – болашақ ел иелерін, бүгінгі жастарды білімді, рухты, ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеу тетігі. Осының бәрі аймақ басшысының тынымсыз еңбегінің нәтижесі екенін атап айту – біздің парызымыз.  

Мен Жолдаудың білім мен ғылым саласына, адам капиталын дамытуға байланысты айтылған тұстарына арнайы тоқталғым келеді. 

Жолдауда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғаны, қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиістігі көрсетілді.

Сондай-ақ цифрлық технологиялардың маңыздылығы айрықша аталды. Президент тапсырмасына сәйкес, 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оған барлық оқу орындары, университеттер қатысып жатыр.

Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуді алға қойды. Бұл ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды» деді Президент.

Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру керектігін, жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болатынын айтты.

Бүгінде адамның өз қолымен жасалған жасанды интеллект қазір бізге тұрмыста болсын, экономикада болсын, бәсекелестік орта қалыптастырып отыр. Бірақ біз енді одан қашып ешқайда кете алмаймыз да. Бұл салада елде білікті мамандардың жетіспеуі, әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлерінің керектігі, сондықтан қажет болса оларды шетелден шақыру, сапасы жоғары адами ресурстардың болуы айтылды. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек.

Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет болғандықтан, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Біз мамандарға деген құрметті арттыруымыз керек.

Бұл да Жолдауда айтылған маңызды мәселе. Жолдаудың негізгі мақсаты – жасанды интел­лектіні жаппай енгізу, цифрландыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуін ілгері­летіп, жаңа сатыға көтеру.

Еліміздің негізгі стратегиялық дамуы да осы бағытта серпін алмақ. Сондықтан әрбір білікті де білімді азамат Жолдауда алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырып, еліміздің қарқынды дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Жолдауда сонымен бірге мемлекетіміздің мызғымас тұғыры саналатын  «Заң және тәртіп» мәселесіне мейлінше көңіл бөлінді.

«Ашығын айтуымыз керек, қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Осындай келеңсіз оқиғаларды, әсіресе, қоғамдық орындарда, жол бойында жиі көруге болады» деді Президент.

Кешелі бері әлеуметтік желі қолданушылары арасында желдей есіп жатқан сөздердегідей, бұл – ұсақ-түйек мәселе емес.

Өмірді сәулелендіретін адамның көңіл-күйі. Барлық нәрсенің нәтижелі болуы да сол күйге тәуелді. «Ештеңе де жаман емес өмірде, барлық пәле көзің менен көңілде» деп Қадыр ақын айтқандай, адамдардың бір-біріне жеккөру­шілікпен қарауы – бар жамандықтың басы.

«Бір-бірлеріңе жақсы көретіндеріңді жиі айтыңдар, бұл – сүннет» дейді дініміз де.

Қоғам үшін, адам үшін татулық пен бірліктен асқан байлық жоқ. 

«Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек» деді Президент.

Бізді өмір талабымен өрлететін осы ұстаным.

Қылышбай БИСЕНОВ,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі,

техника ғылымының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері