Бала құқығын қорғауға баршамыз мүдделіміз

319

0

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» заңға сәйкес тегіне, нәсіліне және ұлтына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге деген көзқарасына және тұрғылықты мекен-жайына қарамастан, барлық баланың құқығы тең. Сондықтан балалардың жарқын болашағы үшін жалпы атқарылып жатқан жұмыстардан бөлек, олардың құқықтарының сақталуы да басты назарда. Бұл туралы Қызылорда облысының  бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғановамен әңгімелескен едік.

– Сәлеметсіз бе? Халық­аралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Оқу-ағарту ми­нистр­лігінің шешімімен 2022 жылдың тамызынан бас­тап әр аймақта бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл лауа­зымы енгізілді. Бұл лауазымның құзырында қандай міндеттер қамтылған?

– Рақмет! Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан бас­талады. Бала атаулы қашан да ерекше қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж екенін ескерсек, бұл заң жүзінде реттеліп, бекітілуі тиіс. Бұл орайда бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті – балалардың құқығын заң жүзінде қорғау, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл барысында балалардың құқығы бұзылған жағдайда жедел ара­ласып, бостандығын қалпына кел­тiру. Өздеріңізге белгілі, бұл ретте балаларға қатысты қандай да бір мәселе бірінші кезекте, ата-ана­лармен, сонымен қатар, тиісті жауап­кершілігіне қарай жеке тұлғалармен, мемлекеттік ұйымдармен бірлесе шешіледі.

Айта кетейік, бала құқықтары жө­ніндегі уәкіл қоғамдық негізде жұмыс істейді. Сондай-ақ олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді ше­шуге арналған заң жобаларын ілге­рілетуге қатысады. Бүгінде елімізде бала құқықтарын қорғауды қамта­масыз ететін 45-тен астам заңнамалық құжат бар. Қазақ­стан Республи­ка­сының заң­­дарымен және Президент акті­лерімен жүктел­ген өкілет­тіктерді жүзеге асыру барысында облыстағы балалар құ­қықтарын, мүдделерін қорғау,  ведо­мост­воаралық байланыс орнату, бала­­лар арасындағы зорлық-зом­былық пен қатыгездіктің алдын алу, оларға тұр­мыстық, медици­на­лық, педагогикалық, пси­­хо­ло­­гия­­лық -пе­да­­го­гикалық, құ­қық­­тық тұрғыда әлеу­­меттік қыз­меттер көрсету, сон­дай-ақ, аталған әлеуметтік қызмет­терге мұқтаж балаларды оңал­туды жүзеге асыру – біздің басты мақсатымыз.

Бұл лауазым – мен үшін үлкен жауапкершілік пен сенім. Осы орайда ең алдымен әлеу­меттік әріптес, серік­тес меке­мелерге тоқ­талып өтейін. Мы­салы, «Атамекен» отбасы үлгі­­сіндегі балалар ауылы. Бұл мекеме ашылған уақыттан бастап М.Мәметова атындағы Қызылорда педа­гогикалық жо­ғары колледжімен сенімді әріп­тес­тігіміз жыл өткен сайын нығая түсуде. Сонымен қатар, «Қызылорда облыстық психоло­гиялық қолдау орталығы» ком­муналдық мемле­кеттік мекеме­сімен, «Қамқорлық» дағдарыс орта­лығымен бірлескен көптеген шаралар ат­қарылды. Түрлі та­қырыптарда семи­нар-тренинг­тер, танымдық-тәрбиелік шара­лар жүр­гізілді, ата-аналармен ашық алаң өткізілді.

Бұдан бөлек, «Балалардың құ­қық­­тарын қорғау мәселелері» бағы­тында білім беру ұйым­дарында асхана және тамақтану сапасын ба­қылау жө­ніндегі ведом­ствоаралық сарап­тамалық топ құрамында зер­делеу жұмыс­тарына қатыстым. «Жеке­меншік орта білім беру ұйымдарының көрсетілетін қызмет­тердің са­пасына зерделеу жұмыс­тарын жүргізу»  тобының  құрамында бірнеше мек­тептердегі қызмет көрсету сапасын қадағалап, талапқа сай ұсыныстар берілді. Осы бағытта  арнайы мектеп-интернаттары қыз­метіне де зерделеу жүргізілді.

– Жақсыгүл Қоханқызы, біздің бала күніміз бен бүгінгі балаларға жасалып отырған жағдайды салыстырсақ, арасы жер мен көктей десек болады. Әйтсе де қазіргі қоғамда бала тәрбиесі өзекті. Осының себебі неде деп ойлайсыз?

– Иә, қай қоғамда да бала­лардың денсаулығына, білім алуына, өмі­рінің қауіпсіздігіне мемлекет кепіл. Солай десек те қазір қоғам ты­ныш­тығы қа­лыпты жағдайда деп айта ал­маймыз. Оның сан түрлі себептері бар. Бір ғана себебін айтар болсақ, түрлі әлеуметтік желі арқылы таралып жатқан толассыз ақпаратты шектеусіз қабылдай берудің салдары да балалар мен жасөспірімдер пси­хологиясына кері әсер етіп отыр. Бір қуанарлығы, бүгінде бұл мәселенің шешімі ретінде Мем­лекет басшысының бастама­сымен қолға алынған бала­лар­ды кітап оқуға баулу бағытындағы жұ­мыс­тарда оң нәтиже байқалып келеді.

Жалпы елімізде балалардың бақытты болашағы үшін ла­йықты жағ­дай жасалып отыр деп айта ала­мыз. Бұл орайда мем­лекеттік білім беру ұйымдарынан бөлек, уақыт талабына сай бәсе­келестік ортада сапалы қызмет көрсететін жеке секторлардың да жұмысы сұранысқа ие.

Мемлекет басшысының баста­­масымен білім беру сала­сында көптеген кешенді шаралар жүзеге асуда. Оның ішінде ба­лалардың тұлғалық және зият­керлік дамуына бағытталған қосымша білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бұған   өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар нақты дәлел болады.

Айталық, жақында ғана облыс орталығында балаларға арналған «Сыр жұлдыздары»  шығармашылық инно­вациялық академиясы ашылды. Онда бір мезгілде 500, ал тәулігіне 3 мыңға дейін оқушыны қабылдай алады. Орталық ғимараты ғылыми-техникалық, спорт­тық-сауықтыру және жүзу бас­сейндеріне арналған блоктарға бөлінген. Ғылым, ин­женерия, шығармашылық, өнер, тарих, өлкетану, цифрлық техно­логиялар мен спорт бағыттары бойынша 40-қа жуық үйірмелер жұмыс істейді. Шығар­машылық академия Сыр өрен­дерінің арасынан болашақ ғалымдарды, өнертап­­қыштарды, әдебиет пен өнер­дің жарық жұлдыздарын тәрбие­леуде үлкен рөл атқарады деп сенеміз.

Бұдан бөлек, балалар игілігі үшін кейінгі үш жылда облыста 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі пайдалануға берілді. Биылғы жылы өңірде тағы 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры­ның қолдауымен облыс орта­лығында 300 орындық жазғы демалыс лагері бой көтеруде.

– Жоғарыда айтып өтке­ні­міздей, балаларға қосымша білім беру бағы­тына мемлекет тара­пы­нан қолдау ерекше. Қазір елімізде мектептен тыс қызмет көр­сететін ұйымдар­дың саны қанша?

– Ел аумағында 1713 мек­тептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бүгінде «Балаларды сауықтыру және олардың шығар­машылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасы»  шең­берінде ауыл мек­тептерінде 1 мың комьюнити-орталық ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жол картасы бойынша  2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру ұйымын іске қосу жос­парланған.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халқымыз бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған зор міндет – білім беру сапасын арттыру, бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Адам­дардың мінез-құлқы, іс-әрекеті, қарым-қатынасы, көзқарасы оның алған тәлім-тәрбиесімен сипаттала­тынын ес­керсек, әрбір баланың моральдық дамуы үшін қамқорлық жасау – бүгінгі күннің басты міндеті, сондай-ақ алдағы күннің талабы.

«Барым балам үшін» деген ұстаныммен өмір сүрген хал­қымыз үшін көзінің қара­шы­ғындай бүлдіршін­дердің бейбіт күнде қауіпсіз өмір сүруі, лайықты білім алуы – бүгінгі қоғамның алдында тұрған ең басты міндеттің бірі. Сол себепті, біз балабақшада, мектепте, мек­тептен тыс уақытта балалардың тиісті күтім мен қамқорлық көруіне барынша жұмыс жасап келеміз.

Кейінгі он жылда балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұ­мыстар атқарылды және жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетілдіріліп келеді. Бала өзінің физикалық және ақыл-ойының толық жетілмеуіне бай­ланысты туғанға дейін де, туғаннан кейін де қашанда ар­найы қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж. Біз оларды құ­қықтық тұр­ғыда әрдайым қор­ғауымыз қажет. 

Балалардың құқығын қорғау үшін «111 жедел қызмет» байланыс орталығы іске қосыл­ғанын біле­сіздер. Осы байланыс орталығына қоңырау шалу бойынша түскен арыз-шағымдар дер кезінде қаралып, фактілерін нақтылау бойынша тиісті қолдау жұмыстары жүргізілді, оң шешім табуына жағдай жасалды.

Балалар күні мерекесі қарсаңын­да білімнің  қара­шаңы­рағы  саналатын  М.Мә­ме­това атындағы Қызылорда педа­гогикалық жоғары колледжінде Ха­лықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған «Балалар үні» атты тақырыптық шаралар аясында «Баланың әл-ауқаты – мемлекеттің қам­қор­лығы» атты мерекелік жиын ұйымдастырылды. Салтанатты жиында облыстық білім бас­қармасы басшысының орын­басары Бекжан Есенбаев мере­кеге орай бала­ларды құттықтап, басқарма басшысының арнайы құттықтауын табыстады.

Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл ре­тінде өзім және Қазақстан Респуб­ликасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев,  «Жастар рухы» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалы төраға орынбасары Нұрбол Серік­бай дөңгелек үстел басын­дағы мерекелік шараға қатысушы облыс бойынша балалар омбудс­мендеріне игі тілектерімізді арнап, елдік мүдде жолында жасалып жатқан жұмыс­тарына сәттілік тіледік.

Дөңгелек үстел барысында балалар құқықтарын қорғау, әлеу­меттік қолдау, жұмыс барысында кездесетін қиын­дықтар мен оларды шешу жолдары талқыланды. Жаңаша тың ұсыныстар мен құнды пікірлер айтылып, қызу талқыға түскен жиын болды. Осындай еркін пікір алмасу алаң­дарын ұйымдастыру – үлкендер мен балалар арасындағы алтын көпір болады, саналы ұрпақ қалып­тас­тыруда өзіндік орны бар, әрі  жас­тардың азаматттық белсен­ділігін арттыруда, өзара тәжірибе алмасу­ларына пайдасын тигізеді деп ойлаймын.

Бір жылға жуық уақытта біршама жұмыс атқарылды. Деген­мен жас­өс­пірімдер ара­сындағы құқықбұзу­шы­лықтың алдын алу; қоғамда атқарылып жатқан кешенді жобалар; жасөс­пірім­дердің  құқықтық сауат­тылығын арт­тыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру мәселелері ешқашанда күн тәртібінен түспек емес. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың алдымызда тұрған мәртебесі биік, маңызы зор ұлттық мәселе деп ойлаймын.

–Уақыт бөліп, сұхбат бер­геніңізге рақмет!

Әңгімелескен 

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»