Бүгінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың үзілуі қоғамдағы өзекті мәселенің біріне айналды. Кейбір ата-ана «балам тыңдамайды», «айтқанды істемейді», «өзімен-өзі» деп жиі шағымданады. Ал баладан «мені түсінбейді», «үнемі ұрсады», «менімен сөйлеспейді» деген ішкі наразылық байқалады. Бұл – диалогтың үзілуінің айқын белгісі.
Алайда психолог маман ретінде «Бала тыңдамайды емес, өзін тыңдатуға тырысады» деп айтар едім. Бұл – сигнал. Бала – бізге айна. Бала тыңдамайды емес, естілмей жүр. Психологиялық тәжірибемде ата-аналардың бала тәрбиесінде қателіктерге жиі ұрынуы баланың эмоциялық қажеттіліктеріне назар аудармауымен байланысты деп тұжырымға келдім. Көп жағдайда бала ата-ананың сөзін емес, оның қарым-қатынас стилін, үнін, көзқарасын, эмоциялық реңкін қабылдайды. Егер ата-ана баланың ішкі жан дүниесіне терең бойламай, тек сыртқы тәртібіне назар аударса, бала «естілмей» қалады.
Балаға бағытталған нақты диалогтың орнына бұйрық береді, қорқытады немесе өзге балалармен салыстырады. Ал бұл баланың өзін бағалауына кері әсер етіп, ішкі күйзелісін арттырады. Диалог біржақты болған жерде байланыс үзіледі.
Диалог – тек сөзбен емес, жүрекпен тыңдау. Баланың бойындағы агрессия, тұйықтық, эмоциялық тұрақсыздық – оның отбасындағы естілмеген дауысының айғағы. Шынайы диалог – бұл тыңдау, түсіну, қабылдау, көзбен байланыс орнату, эмоциялық жанашырлық. Осы орайда баланы тыңдауға және байланыс орнатуға көмектесетін, өз тәжірибемде ата-аналарға жиі ұсынатын 5 маңызды қадамға тоқталайын.
Бірінші физикалық тыңдау емес, эмоционалдық тыңдау, яғни баланың тек сөзін емес, сезімін тыңдаңыз. Бала «Бүгін мектепте жаман болды» десе, «Жарайды, болады ондай» демей, «Саған не ауыр болды?» деп эмоциясына үңіліп, сөйлесу қажет. Екіншіден, ықыласпен тыңдау. Бала сөйлеп тұрғанда телефонға немесе басқа нәрсеге алаңдамай тыңдау баланың өзін маңызды сезінуіне оң әсер етеді. Бұл – өз-өзіне деген сенімділік негізі.
Үшіншіден, үкім емес, түсіністік орнату, яғни «Сен дұрыс айтпадың», «Олай жасауға болмайды» деген үкімдер емес, «Сен неге солай істедің деп ойлайсың?» деген сұрақ арқылы сөйлесу. Одан әрі жазалау емес, тілдесу. Қатал сөз емес, диалог құру маңызды. Себебі кішкентай бала да өзін тыңдалған, қабылданған адам ретінде сезінгісі келеді.
Соңғысы тыңдай отырып, бағыт беру. Бұл – ата-ананың балаға қысымсыз ықпал етуінің ең нәзік формасы, яғни, бала өзінің еркін білдіріп, эмоциясын бөліскен сәтте оны тоқтатпай, толық тыңдау, ал тыңдап болған соң ғана бағыт, сұрақ немесе ұсыныс айту ата-ана ретінде баланың шекарасын бұзбай, өз бетінше шешім қабылдауға көмектеседі.
Мысалы, 13 жастағы жасөспірім қыз анасына қарсы шыға береді, ештеңе айтпайды, оқшауланып жүр. Ата-ана «қыңыр, тыңдамайды» деп ойлайды. Ал талдап қарасақ, бұл – ата-ана мен бала байланысының үзілуінің көрінісі. Жасөспірім өзін естілуге лайық емеспін деп сезінеді. Психолог маманның кеңесі ретінде ұсынамын. Ата-ана қыз балаға ашық сұрақтар қою қажет. Мәселен «Мен саған көмектесе аламын ба? Бүгін сені не қуантты? Не ренжітті? Қазір өзіңді қалай сезініп тұрсың?» деген секілді. Олармен сөйлесу, пікірін тыңдау, мақтануға, ренжуге мүмкіндік беру, өз пікіріңізді ұсынып көру, бәрі маңызды. Бұл – қарым-қатынасты қалпына келтірудің алғашқы қадамы.
Қорыта айтқанда, бала – тыңдамайтын жан емес, тек естілмей жүрген жан. Қоғамдағы бала тәрбиесі дағдарысқа ұшырап отыр десек, оның негізгі себебі – ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуі. Бұл – тек отбасылық мәселе емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі.
Ата-ана болу – тек бағып-қағу емес, бала жанына серік бола білу. Біржақты талап емес, екіжақты диалог құру қажет. Бала – бізді тыңдауы үшін, біз де оны ести білуіміз маңызды. Баланы кім естіп, тыңдай алса, ол сол адамға барынша жүрегін, сау қарым-қатынасқа жол ашылары сөзсіз. Ендеше, ата-ана, бір сәт балаңызды бауырға басып, құлақ түріп, ішкі дүниесімен сырласқаныңыз жөн.
Раушан МҰСТАФАЕВА,
облыстық психологиялық қолдау орталығының
«Психологиялық жұмыс» бөлімінің меңгерушісі





