Бангладеште үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен шеруде 70-тен астам адам қаза тапты

10

0

Фото: aljazeera.com

Бангладеш полициясы ел Премьер-министрі Шейх Хасинаның отставкаға кетуін талап етіп көшеге шыққан он мыңдаған шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен граната қолданды. Салдарынан кемінде 76 адам, оның ішінде 13 полиция қызметкері қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады. 

Басылымның мәліметінше, ел астанасы Дакка мен солтүстіктегі Богра, Пабна мен Рангпур, сондай-ақ батыстағы Магура, шығыстағы Комилла және оңтүстігіндегі Барисал мен Фени қалаларында жағдай шиеленісіп кеткен. Шілде айының басында студенттердің үкіметтік жұмыс орындарына квота жүйесін тоқтатуды талап еткен наразылықтар зорлық-зомбылыққа ұласып, жүздеген адамның өмірін қиған соң шерушілер Хасинаның отставкаға кетуін талап етті. Олар үкімет отставкаға кетпейінше тоқтамаймыз деп отыр. 

Шеру қайта жалғасып, көшелер адамға толды. Көптеген аймаққа зақым келді. Дакканың Шахбаг ауданындағы ірі мемлекеттік аурухана – Бангабандху Шейх Мужиб медициналық университетіне шабуыл жасалып, бірнеше көлік өртенді. Сондай-ақ астананың Уттара ауданында полиция ірі тас жолды жауып тұрған жүздеген адамды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды.

Шерушілер билік партиясының жүздеген белсенділері болған аудандағы үйлерге шабуыл жасап, әлеуметтік қорғау кеңсесін қиратты. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше қолдан жасалған жарылғыш заттар іске қосылып, атыс даусы естілген. 

Наразылықтар қазір шамамен 170 миллион халқы бар Оңтүстік Азия мемлекетінде үкіметке қарсы жасалған кеңірек қозғалысқа айналды. Кейінгі аптада кем дегенде 11 000 адам қамауға алынды. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<